Астанадағы жұмыс жәрмеңкесінде 300-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды

0 130

Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының кезекті жәрмеңкесі Жастар сарайында өтті. Бұл шарада келушілерге 50-ден аса жұмыс беруші бос жұмыс орындарын ұсынды.

цу5п1цу5п1

Жұмыс ұсынушылардың басым бөлігін білім беру мекемелері, денсаулық сақтау ұйымдары, құрылыс фирмалары, қонақүй, автопарк және ішкі істер органы секілді жұмыс беруші орындар құрады.

Бұл жәрмеңке – биылға жоспарланған 12 бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің сегізіншісі. Осы уақытқа дейін ұйымдастырылған жәрмеңкелердің нәтижесінде 250 азамат тұрақты жұмыс тапқан.

– Бүгінгі жәрмеңкеде жұмыс берушілер осында келгендерге 300-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынуда. Астанада бүгінде жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмендеген. Жұмыспен қамту орталығының жұмысын оңтайландыру үшін жақында мобильді қосымшаны іске қостық. Жұмыс іздегендер бұл қосымша арқылы тесттен өтіп, кеңес ала алады, – дейді Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омар.

Бұл жолғы жәрмеңкенің бір ерекшелігі жастарға бағыт-бағдар сілтеу мақсатында мамандар кеңес беріп жатыр. Ол үшін арнайы «Табысты сұхбаттасудың құпиялары» атты мүйіс құрылды.

– Жұмыс іздеуші екі қолға бір күрек табу үшін алдымен баратын жерін әбден зерттеп алғаны жөн. Ол жұмыс орнында қандай жетіспеушіліктер бар екенін білгені абзал. Өзінің қолынан не келетінін әңгімелесу кезінде сенімді түрде байқата білу керек. Біз келушілерге кеңес бергенде осы жағын басшылыққа аламыз, – дейді ораторлық шеберліктен лицензиясы бар Эмин Әскеров.

Жұмыс берушілердің арасында тәрбиеші іздеген балабақшалар жетерлік екен. «Қошақан» балабақшасының әдіскері Ақмарал Шамшина тәрбиешілердің еңбекақысы небәрі 29 мың теңге болғандықтан, бұл салаға адамдар келе бермейтінін айтады. Жұмысқа кіріскен күннің өзінде, көп тұрақтап істемейді екен. Ал бұл балабақша осы жәрмеңкенің кезінде бір азпазды жұмысқа қабылдапты.

Жұмыс іздегендердің бірі Айжан Әлімжан Астанаға жарты жыл бұрын келіп, әлі күнге нәпақасын табатын орын шықпай жатқанын айтып қынжылды. Жәрмеңкеге бірінші рет қатысып тұрған ол бірнеше жерге түйіндемесін тапсырып, солардың бірінен жақсы жауап күтетінін айтты.

Жалпы жыл басынан бері Жұмыспен қамту орталығының көмегімен 4350 адам жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 1243-і қоғамдық жұмысқа тартылса, әлеуметтік жұмыстарға 103 адам кіріскен. Кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына 613 азамат бағытталып, жастар практикасына 377 адам қатысуда. Биыл орталыққа барлығы 7941 адам жүгінген.

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 1 =