АСТАНАДАҒЫ АҚЫНДАР АЛАМАНЫ

0 204

Бас қала төріндегі Конгресс-холлда Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен елорда күніне арналған «Бағаналы ордам –
басты ордам» атты республикалық айтыс өтті.

????????????????????????????????????

Астана күні мен азаттық тойына арналған айтысқа шашасына шаң тимес жүйріктігімен танылған он төрт ақын қатысты. Ауыздығымен алысқан арғы­мақтар секілді ақындардың әп дегеннен шабыттары ашылып, кең көсіліп сала берді.
Сахнаға алғашқы жұп болып «Алтын домбыраның» тұң­ғыш иегері, Сыр бойынан келген ақын Мұхтар Ниязов пен аты­раулық Сырлыбек Сәр­сен­баев шықты. Әрине, «алдымен сөз бастау қиын» демекші, ай­тыс­тың шымылдығын түрген екі ақынға алғашқы жұп оңай тиген жоқ. Оны Мұхтар Ниязов әдемі өріп жеткізді. Сырлыбек – айтысқа кейін қосылған жас ақындардың бірі. Сондықтан ба, оның тәжірибесіздігі байқалып тұрды. Сонда да бүгінде көпші­лікті алаңдатып отырған елдік мәселелерді түйдек-түйдегімен айтып, жұртшылықты желпін­діріп отырды. Одан Мұхтар да қалыспады. Ұтқыр шумақтары мен өткір ойларының өрнегімен қарсыласынан оқ бойы озық тұрды.
Екінші жұп болып сахнаға Арқалықтан келген арқалы ақын Айбек Қалиев пен Жетісудың жүйрігі Болатбек Оразбек көте­рілді. Талай жылдан бері ата­мұра өнеріміздің бағын жанды­рып, халықтың ардақтысына ай­нал­ған Айбек жыр тізгінін қолы­на алып, дарынды інісінің өнерін дәріптеп, көтермеледі. Бо­лат­бектің төрт аяғын тең басқан шумақтарынан оның айтыста ысылып қалғандығы көрінді. Аға­­сының қолпашына масаттанбай, онымен тең дәрежеде өнер көрсетті. Әсіресе, Айбек бүгінде қоғамда үлкен мәселеге айналып отырған жер-анамыздың жағ­дайы туралы баяғы шешен баба­ларымыз секілді тебіреніп кө­сілді. Жалын атқан отты жырла­рымен кесек-кесек турады. Оған көпшілік те дән риза болып, дүр көтеріліп кетті. Болатбек те қар­сыласының ығында қалмай, ол да өзінше үн қосып, өткір мә­се­лелерді төтесінен қойып, қынап­тан суырылған қылыштай жар­қылдап отырды. Айтыстың көр­кін қыздырған екі ақынға қа­зы­лар алқасы жоғары баға берді.
Үшінші жұпқа маңғыстаулық Жанар Айлашева мен Алматыдан келген Хазірет Бердіхан шықты. Осы екі ақынға алдыңғы жұптан кейін сөз қағыстыру оңай тиген жоқ. Айбек пен Болатбектің айтысында желпініп қалған ағайынның дуылы әлі басылмаған еді. Хазіреттің жас болса да, талантты ақын екендігі бірден байқалды. Қазақы қара сөздің құнарында қанып өскендігі жұп-жұмыр шумақтарынан көрінді. Әдемі қыз бен жігіттің айтысын жандыра ма деп ойлап едік, оған қарсыласы, айтысқа енді шығып тұрған Жанардың қарымы жет­пей жатты. Солай болса да, Хазірет «жеңгесін» әдемі әзіл­дерімен жетелеп отырды.
Одан кейін айтыстың бүгінгі «Сарасы» атанған Сара Тоқ­тамысова мен қарағандылық Өміржан Көпбосынұлының жыр додасы айтыстың көрігін қыздырды. Екеуі де жып-жылы шумақтарымен халықтың көңі­лін тәтті сезімге бөледі.
Ал, елордалық Мейірбек Сұл­танхан мен қарағандылық Дидар Қамиев елдің есінен кетпей­тін­дей шырайлы айтыс жасады. Азаттықты да арқалы жырға қосты. Елорданы да ерекше шабытпен өлеңге бөледі. Ұлттық мәселелердің де өзегін таба білді. Астананың айналасындағы ауыл­дардың да жағдайын сөз етті. Дамир алаштың ардақты тұлғасы Әлихан Бөкейханов туралы толғанып айтты. Жыр бәйгесін әдемі әзілмен әрледі. Қысқасы, екі ақын да бір-бірімен үзеңгі қағыстырып жүрген жүйріктер екендігін танытты. Мейірханның Табыл Досымовтың «Қазақ едім дегенше» әнінің мақамына салып жеткізген жырлары жұрт­шылықтың жүрегінен жол тапты.
Сахнаға соңғы жұп болып шық­қан Ақжайықтан келген ару Жансая Мусина мен елордалық Еркебұлан Қайназаров тамаша қыз бен жігіттің айтысының үлгісін көрсетті. Әдемі әзілдің де жалауы желбіреді. Еркебұланның шымшып айтқан сөздеріне Жансая қолма-қол жауап беріп, көрерменді күлкіге көмді. Әсі­ресе, Жансая қиналмай, еркін айтысады екен. Айтыскер ақын Шорабек Айдаровтың мақамы да өзіне бек жарасады. Еркебұланды «Екош» деп еркелетіп алып, тасқын судан қалған тастай «тау­дан домалатып» жібереді. Бір сөзбен айтқанда, екеуі де жарасымды жұп болды.
Жалпы, айтыс жоғарғы дең­гейде өтті деуге болады. Ақындар да буырқанып келген екен, өз ойларын ірікпей, ақ жаңбырша төкті. Бір байқағанымыз, бүгінде айтыс публицистикаға айналып бара жатқандай көрінді. Мерзімді басылымда жазылып, айтылып жүрген мәселелердің барлығы да ақындар жырына арқау болды.
Сонымен, сахнаға қазылар ал­­қасының төрағасы Аманжол Әлтаев бастаған азаматтар шы­ғып, Тәуелсіздіктің 25 жыл­ды­ғы мен Астана күніне арнал­ған «Бағаналы ордам – басты ор­дам» атты республикалық ай­тыс­тың қорытындысын жарияла­ды. Жыр бәйгесінде үшінші орынға төрт ақын лайық деп танылды. Олар: Мұхтар Ниязов, Болатбек Оразбек, Жансая Мусина
және Сара Тоқтамысова. Осы төрт ақынға да 400 мың тең­геден жүлде берілді. Екінші орын­ды Мейірбек Сұлтанхан мен Айбек Қалиев иеленді. Қос ақынға 500 мың теңгеден табысталды. Бі­рін­ші орынды Өміржан Көп­босынұлы жеңіп алды. Ол 1 млн теңгені қанжығасына байлады.
Бас жүлде елордалық ақын Ер­кебұлан Қайназарға бұйырды. Оған 2 млн теңге жүлде табыс етілді. Айтысқа қатысқан басқа ақындарға да 200 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы берілді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 2 =