Астанадағы алғашқы мешітке – 25 жыл

0 53

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті – еліміздегі тарихы тереңде жатқан мешіттердің бірі әрі астанадағы алғашқы мешіт.Ақмолалық жамағат 1943-1944 жылдары Құсайын деген азаматтың екі бөлмелі шағын үйін сатып алып, жөндеп, мешіт еткен. Ол Ақмола өңіріндегі ең алғашқы мешіт болатын. Бұл мешіт жергілікті мұсылмандардың имандылыққа бет бұрып, өңірде ислам дінінің қанат жаюы жолында жарты ғасырдан астам халық игіліне пайдаланылды.
Бүгінде ескі мешіттің орнында тұрған Алла үйінің құрылысы 1991 жылы басталып, 1996 жылы аяқталды. Ашылу салтанатына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты. 2005 жылы кеңес үкіметі тұсында 20 жыл (1952-1972) Қазақстан мұсылмандарының қазиы болған Сарыарқа өңірінің тумасы, дін ғұламасы Сәдуақас қажы Ғылмани (Сәкен қалпе) аты берілді.
Екі қабатты мешіт құрылысы өзіндік сәулет үлгілерімен ерекшеленеді. Алыстан көз тартатын 42 метрлік мұнарасы мен үлкенді-кішілі 5 күмбезі бар. Ең үлкен күмбездің биіктігі – 22,5 м, қалған төртеуінің биіктіктері – 14,5 м. Бірінші қабатта үлкен зал, вестибюль, Құран оқитын, неке қиятын және имам бөлмелері жайғасқан. Бұдан басқа, мешіт ғимараты ішінде кітапхана, сүндетке отырғызу кабинеті, сондай-ақ мешіт қызметкерлеріне арналған шағын асхана жұмыс істейді.
Намаз оқитын жамағаттың кө­беюіне байланысты жыл сайын мешітті кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Қазір мешіт ішінде 1600 кісі емін-еркін намаз оқи алады. Мешіт жанынан жаңадан ер-әйелдер дәретханасы, қасапхана, дін қайраткері Сәдуақас қажы Ғылмани мұраларының көргізбе орталығы салынды. Жақында мешіт күрделі жөндеуден өтті.
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті елордамыздағы тарихи мешіт болуымен ерекшеленеді. Арқа төсіндегі бүгінге жеткен мешіттердің бірі де осы мешіт. Ал қаланың ел астанасына айналуынан кейін Елбасының тапсырмасымен мешіттің жаңа ғимараты тұрғызылып, сәулеті келісті жаңа құлшылық ордасы пайдалануға берілген болатын. Міне, одан бері де ширек ғасырдай уақыт өтті. Бүгінде мешіт әрлеу жұмыстарына мұқтаж. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай бас шаһардағы тарихи нысандардың бірі болған Ғылмани мешітінде жөндеу, әрлеу жұмыстары жүргізілді. Әрлеу жұмысы Байқоңыр аудандық әкімдік пен жергілікті азаматтар қаржылай көмек қолын созуының арқасында іске асты. Биыл мешітке 25 жыл толып отыр» деді мешіттің бас имамы Хамза Әділбеков.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × four =