АСТАНАДАҒЫ «АБАЙТАНУ» ОРТАЛЫҒЫ

0 389

       1391428303_abaytanu                   

Елордадағы «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы «Қазақстан-Ресей» университетінің  жанынан ел тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойы қарсаңында ашылды. Ұлы бабамыздың ақындық әлемі, оның ортасы, шығармашылық қуаты және артында қалған мұраларын ұлттық этнографиямен байланыстыра өрген орталықтың жұмысы да ауқымды болды.

 Оның аясында «Абайтану курсы», «Ұлылар мекеніне саяхат», «Абай биігі – ұлт биігі», «Әнді сүйсең, менше сүй» бағдарламалары қолға алынды. Екі бөлмелі экспозициялық залға үш мыңға жуық тарихи жәдігерлер мен деректі фильмдер жинақталды. Сондай-ақ, төрт жыл ішінде «Ұлылар мекеніне саяхат» атты жоба бойынша 147 адам қасиетті бабалар туған  жерге барып, тәу етті. Семей мемлекеттік телерадио кешені қорынан Абайға байланысты 14 деректі фильм алынды. Оның ішінде осы өлкеде туып-өскен танымал тұлғалар Шәкәрім, Мұхтар, Қайым Мұхаметханов шығармашылығы жайлы тың деректер қамтылған. Яғни, бұл жұмыстардың барлығы ешқандай тапсырмасыз, жаңашырлықпен іске асқан шаралар еді. Тек, қарапайым халықтың орталыққа деген жаңашырлығы – біздің жұмысымызға ынта, жігер, серпін берді.

         2012 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша «Абайтану» жеке пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізілді. Негізі, біз заңғар жазушы Мұхтар Әуезов іргесін қалап кеткен «Абайтану» ғылымын зиялы қауым мен  ғалымдар өз арасында ғана зерттеп келеді. Ал, хакім бабамыздың танымы терең болмысы жастар мен мектеп оқушыларына әлі жұмбақ. Елімізде бүгінге дейін жалпы орта білім беретін оқу орындарында «Абайтану» оқулығы мен оқу бағдарламасы, әдістемелік құралы жүйелі түрде қалыптаспаған. Әрине, өкінішті жағдай. Сондықтан орталық елордадағы жалпы білім беретін орта мектептермен тығыз байланыс орнатты.  Нәтижесінде, 36 сағатқа негізделген «Абайтану» курсы жүргізіле бастады. Курсқа бас қаладағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандары мен колледждердің ұстаздары қатысты. Аптасына үш рет өткізілген сабақта Мұхтар Әуезовтің жетпіс жыл бұрынғы курстық бағдарламасын қайта жандандырып, ақын  шығармашылығына қатысты тақырыптар  қамтылды.

Өткен жылдың маусым айынан бастап, «Қазақстан-Ресей» университетінің жабылуына байланысты орталық өз жұмысын тоқтатты. Осы ретте құзырлы орындарға жазған өтініштеріміздің негізінде Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарасты бұрынғы «Отырар» көшесіндегі тарихи ғимаратты беруге шешім қабылдаған. Бүгінгі күні аталған мекемеге күрделі жұмыс жүргізіліп жатқандықтан, алдағы уақыта бір шешімін табады деген сенімдеміз.

         Абайтану саласында біз түсінуге тиісті бір мәселе бар. Билік өкілдері мен зиялы қауым арасында, «Абайтану зерттеліп болған. Абайтану орталықтары  оқу орындарының жанынан ашылып, жұмыс атқарып жатыр.   Орталық ашу айтарлықтай қажет пе?» деген пікір бар екені жасырын емес. Осы төңіректе жүріп, біраз пікір қайшылығы бар екенін байқадым.

Ұлы ақынның мұрасын зерттеп, танып-білу мақсатында жоғары оқу орындарында алғаш рет арнаулы пән – Қаз.МҰУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасында КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл және әдебиет институты жанынан 1942-43 оқу жылдарында М.Әуезовтың ұйымдастыруымен Абайдың әдеби мұрасын зерттеу басталған болатын. Бөлімнің 1945-1946 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары Абай өмірі мен шығармашылығы туралы түрлі тақырыптарды қамтыды. Көп ұзамай Қазақстан компартиясы орталық комитетінің 1947 жылғы идеалогиялық қаулысынан кейін жабылып тынды. Одан кейін 1987-1998 жылдары Абайтану ғылымы еліміз тәуелсіздік алған шақтағы коммунистік идеология ұстанған қатаң қағидалардың тар шеңберінен шығып, ғылыми өрісін еркін кеңейтуге мүмкіндік алды. Абайтанудың екінші тыныс алып, жаңа белеске көтерілуінің бел ортасында ұлттық әдебиеттану ғылымының қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тұрды. Еліміздегі қайта құру кезеңі басталған тұста сол кезде институт директоры болған білікті ғалым Шериаздан Елеукенов ұлы ақын шығармашылығын  зерттеу ісіне баса назар аударып, қазақ әдебиетінің тарихы бөлімін «Абайтану және қазақ әдебиеті тарихы бөлімі» ретінде қайта ашты. Бөлім меңгерушісілігіне  көрнекті әдебиеттанушы-ғалым Мекемтас Мырзахметұлы тағайындалды.

Еліміз азаттық алғаннан кейін Абай мұрасын толыққанды зерттеуге кең мүмкіндік туды. Оның өмірі мен шығармашылығы тәуелсіздік талаптары тұрғысынан жан-жақты қаралып, абайтануға байланысты бұрын-соңды шыққан еңбектер сарапталды, ұлы ақын шығармаларының жазылу тарихы мен көркемдік ерекшеліктері туралы жаңа пайымдаулар жасалды. Абай шығармаларының мәтіндері түгелдей қайта қаралып, барлық басылымдарына салыстырулар жүргізілді, шығармаларының ғылыми түсініктері қайта жазылып, толықтырылды.

 Ғылыми зерттеу орталығында «Абай тобы» қайтадан жаңғырып, өнікті еңбек ете бастаған еді, алайда, университет басшылары қаржы мәселесіне байланысты «Абай тобының» ғалымдарын ыдыратып алды. Үлкен қарқын алған Абайтанушылық ғылыми зерттеу жұмыстары мерейтойлық шаралармен үндестіре жүргізілді де, одан кейін қайтадан тоқырап қалды. Қаржы тапшылығына тірелген М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтындағы «Абайтану» бөлімі жабылып, ақын мұрасына байланысты жоспарлы зерттеу жұмыстары да бәсеңдеді. Осылайша екі рет ауқымды қарқын алған жоғары оқу орнындағы Абайтану бөлімдері жекелей мекемелердің құзырында болуға тиісті емес екенін, мемлекеттің тікелей қамқорлығына зәру екенін дәлелдеді.

Ұлы ақын шығармашылығын әлем мойындап, даналығына бас иіп жатқан тұста бас қалада оған жеке бір орталық ашуға құлық танытпай отырғанымыз өкінішті.

         Саналы ғұмырын Абай шығармашылығына арнаған  Ұлы Мұхтардың  алдын көрген шәкіртерінің ішінде қалған жалғыз тұяқ бұл күнде Мекемтас Мырзахметұлы екен.  Жасы сексенді алқымдаған ғалымның «Абайтануды кешегі кеңестік көзқарастан арылтып, бүгінгі жаңа тәуелсіз еліміздің нағыз, толық Абайын қалыптастыруымыз қажет» дегенін негізге ала отырып, уақыт күттірмей  ақынның жұмбағын ашуға кірісуіміз керек.

         Хакім атамыздың шығармалары 116  елдің тіліне аударылып, сан мәрте жеке кітап болып басылды. Ұлтымызды әлем таныған бүгінгі заманда Түркия, Германия, Ресей, Қытай, Корея т.б. мемлекеттерде Абай ескерткіштері, мен Абай атындағы көшелер, Абай орталықтары бар. Алдағы әлемдік деңгейде өткізілетін «ЭКСПО-17»халықаралық көрмесінде де Абай атамыздың туындыларын ұлтымыздың бренді ретінде көрсетуге болады.

Бүгінгі күні «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының ауқымын кеңейтіп, ақын атындағы ғылыми-зерттеу институты мен ғылыми кітапханасын қалыптастыру көзделіп отыр. Осы мақсатта қала әкіміне жазған өтініш негізінде 2014 жылы маусым айында «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының жеке ғимаратын салу жөнінде жер телімін беру мүмкіндіктері қарастырылған. Орталыққа берілетін жер телімі қалалық жер жоспарлау бөлімінің сызбасымен белгіленіп, бақылауға алынған. Қазіргі күні осы мәселе әлі созалаңға салынып келеді.

Алайда ардақты тұлға атындағы елордадағы «Абайтану» институтының ашылу қажеттілігі уақыттың өзінен туып отырғандығын түсінген жөн.

  Алмахан Мұхаметқалиқызы, 

 «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының жетекшісі 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − four =