Астанада жартыжылдық есеп бойынша жол-көлік оқиғасы 5%-ке төмендеген – Ләззат Бейсенбаева

0 103

Бүгін қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметкерлері жас инспекторлармен бірге кішкентай тұрғындарға жарық шағылыстырғыш білезіктер мен жол ережесін сақтаудың жадынамасын таратты.

Акция Будь ярче

Полицейлер іс-шаралар барысында жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілермен қоса, жаяу жүргіншілерге жолдан өту тәртібін сақтауды ескертеді. Өйткені келеңсіз оқиғаларының көбі осы ала жолақты өткелдің үстінде орын алады. Мәселен, биыл 18 шілдеден бастап 235-тен аса жаяу жүргінші мен 100-ден аса жүргізуші жауапқа тартылды. Ағымдағы жылы жол бойында болған оқиғаларға жаяу адамдар себепші болған.

«Қала қауіпсіздігі үшін атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Астанада жартыжылдық есеп бойынша жол-көлік оқиғасы 5%-ке төмендеген. Ал қайғылы жағдайда қаза болғандар саны 19%-ке, жарақаттанғандар саны 4%-ке кеміген. Кәмілеттік жасқа толмағандар ұшыраған жол-көлік оқиғалары 13%-ке, жарақаттанған жасөспірімдер 12%-ке азайған», – дейді Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің инспекторы Ләззат Бейсенбаева.

Сақтық шараларының аясында өткен «Жарқын бол» акциясы кезінде балаларға қуыршақтар мен жарық шағылыстырғыш ойыншықтар үлестірілді. Полицейлермен бірге 15 жас инспектор жүргізушілерге жолда жылдамдық түсіруді ескертті.

Елордадағы №70 мектеп-гимназияның оқушысы Ақжан Керімова сыныптастарымен бірге арнаулы форма киіп, өзі қатарлы бүлдіршіндерге сақтандыратын білезіктерді қалай қолдану керектігін айтып, жолда жүру ережесін түсіндіріп жүргендерін жеткізді.

Қас қарайған шақта немесе көз байланған түнгі уақытта жарық шашатын заттар жүргізушілердің назарын 50 метрден, ал алыс қашықтықта 150 метрден аударады екен.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =