«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанада жатақханалар құрылысы қарқынды жүргізіледі

0 224

Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы негізінде елордалық студенттерге жатақханалар салу мақсатында 17 гектарды құрайтын 14 жер учаскесі бөлінді. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов Үкімет сағатында айтты.

Қала әкімі «7-20-25» бағдарламасы бойынша 35 млрд теңгенің 2400-ден аса өтінімі қабылданғанын, бұл көрсеткіш республика бойынша 41 пайызды құрағанын атап өтті. Оның ішінде 22 млрд теңгенің 1520 өтінімі мақұлданған. Бұдан басқа субсидия ретінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы өтініш беруші тұрғын үй сатып алуды пайдалана алатын тұрғын үй сертификаттары түрінде берілді. Былтыр білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне 1 млн теңге көлемінде алғашқы 100 сертификат бөлінді. Биыл 2 мың сертификат беру үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлу көзделіп отыр екен.
Ал жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Астанада бұл санат бойынша шамамен 86 мың адам тіркеліпті.
Елордадағы 88 мың студенттің 14 мыңы 32 жатақханада тұрып жатыр. Студенттерді тұрғын жаймен толық қамтамасыз ету үшін енді қосымша 11 мың орын қажет. Президенттің үшінші бастамасы бойынша оқу орындары жатақханаларды салуға әкімдік жалпы ауданы 17 гектарды құрайтын 14 жер учаскесі бөлініпті.
– Бұдан басқа осы бастаманы іске асыру мақсатында жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырысты орналастыру жолымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі шеңберінде хостелдердің аумақтарында колледж студенттерін тұрғынжаймен қамтамасыз ету жөнінде қанатқақты жоба қолға алынды. Бұл үшін айына жергілікті бюджеттен 19 миллион теңге бөлініп отыр. Бір студентке айына 22 мың теңге бөлінеді, ал студент қалған 5 мың теңгені өзі төлейді. Біріншіден, бұл бизнеске жаңа серпін берді. Екіншіден, колледждердің 860 студенттің оқу кезінде тұрғын жаймен қамтамасыз ету мәселесі жедел шешілді. Өйткені жатақхана салынғанша әлі уақыт керек, – деді Бақыт Сұлтанов. – Төртінші бастама бойынша «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру сәтінен бастап Астана қаласы бойынша шағын кәсіпкерлік нысандарын несиелендіруге жалпы 2 миллиард 112 миллион теңге бөлінді. Қазіргі күні 884 миллион теңгеге 72 жоба қаржыландырылды. Кәсіпкерлерден сұраныс бойынша несие көлемі 16-20 миллион теңгені құрайды. Норматив бойынша 6 миллион теңге бөлінеді. Жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыру жолымен жобалардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз.
Бесінші бастама бойынша елді газбен қамтамасыз ету үшін Астана әкімдігі былтырғы 13 шілдеде газ тарату желілерін салу және Астана қаласының жеке секторы тұрғын алаптары мен энергия кешенін табиғи газға ауыстыру жөнінде жол картасын бекітті. Бүгінде Астана қаласын газдандыру жобасы үш кезеңге бөлінген. Жобалық сметалық құжаттамаға сәйкес, құрылыс монтаждау жұмыстарының жалпы сомасы 52 млрд теңгені құрап отыр. Бірінші кезеңнің құрылысы бойынша 27 млрд теңге керек.
– Бірінші кезең аясында 3-жылу электр орталығы және «Көктал-1», «Көктал-2», «Оңтүстік-шығыс» ықшам аудандарын газдандыру қарастырылып отыр. Қазіргі таңда тиісті құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Жергілікті бюджеттен 286 миллион теңге бөлінді. Биыл жаңағы айтылған 27 миллиард туралы, оның ішінде 4 миллиард теңге республикалық бюджетті нақтылау кезінде біз тиісті құжаттаманы әрі қарай республикалық бюджет комиссиясында қарау үшін министрлікке беретін боламыз, – деді әкім.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды