«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанада қарғын суға ерік бермеді

0 233

Жыл сайын көктемде қар суы еріп, маңайдағы көлдер мен көлшіктер суға толған сайын Астананы тасқын су басып кету қаупі туады. Ондай қатер биыл да жоқ емес. Оның үстіне бұл қыста елордада қар көп жауды.

Дегенмен, Астана қаласының коммуналдық қызметтері қазір оның алдын алу мақсатында пәрменді жұмыстар жүргізуде. Олар судың астында қалуы қаупі көбірек аудандарда мониторинг жүргізіп, су кәріздерін тазартуды қолға алды. Әсіресе, су қоймаларына жақын жерлерге орналасқан нысандар коммуналдық  қызметтің ерекше бақылауына алынған. Жалпы, елордада су астында қалуы мүмкін  27 учаске бар.
Бүгінде кешенді жоспарды тиімді түрде жүзеге асыру мақсатында арнайы құрылған топ нөсер су канализациясы коллекторларының баулықтарын, қабыл­дағыштары мен торларын, су өткізу арналарын, құбырларды, арықтарды тазарту жұмыстарын қадағалап отыр. Мәселен, Алматы ауданында қысқы кезеңде қардың 1,2 млн текше метрі шығарылды. Аталмыш жұмыстарға арнайы 190 техника бірлігі тартылған. Сондай-ақ, көктемгі кезеңде еріген суды еш қиындықсыз өткізу мақсатында арық-науа желілерінің 11,9 шақырымы қар мен мұздан тазартылған.
Қала тұрғындарынан 209 мәрте су сорып алу туралы өтініш түскен. Олардың бәрі дер кезінде қанағаттандырылды. Мұндай тазарту жұмыстары қазір барлық аудандарда жүріп жатыр.
Астана әкімінің орынбасары Қосман Айт­мұхаметов қаланың шеткі аймақтарында болып, су астында қалуы мүмкін аудандардағы жағдайды білді. Оның айтуына қарағанда, қаладағы проблемалы аудандардың саны көп емес. Алайда тұрғындардың өзіне тиесілі аумақтан қарды дер кезінде шығармауы салдарынан көшелер мен аулаларда су жиналып қалған. Мысалы, Кирпичный ауданын, Көксеңгір, Арқалы, Қамысты көшелерін су біршама басқан.
Жалпы алғанда, қаладағы су басу қаупіне қатысты жағдай бірқалыпты. Жүргізіліп жатқан шаралардың барлығы төтенше жағдайдың, қала аумағындағы жеке аудандардың су астында қалуының алдын алуға септігін тигізіп, көктемгі кезеңдегі еріген, тасқын суды қауіпсіз түрде өткізу жұмыстарын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды