Астанада «Қаңтарлық спринт» атты шаңғы жарысы өтті

0 123

Астананың іргесіндегі Ильинка тұрғын алабында «Қаңтарлық спринт» атты шаңғы жарысы өтті. Қысқы Универсиаданың қар­са­ңында ұйымдастырылған шараға 100-ден аса адам қатысты.

erm_5912

Қыстың әр күнін думанға айналдырған Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық шараларды өткізу жөніндегі дирекциясы мен Дене шынықтыру және спорт басқармасы осылайша кезекті жарыстың өтуіне мұрындық болды. Шараның басы-қасында №2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен «Астана Орманы» ЖШС өкілдері жүрді.
Шаңғыларын сүйретіп келген астаналықтар шаһар шырайын кіргізіп тұрған шеттегі «Жасыл белдеудің» соқпақ жолдар трассасында жарыс­ты. Көңілді сайысты тамашалағандардың арасынан шаңғы жарысынан еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жоғары санаттағы төреші, 40 жылдық өтілі бар Юрий Старостин де табылды.
– Бұрын «Бұрқасын» деп аталған бұл жарыс биыл веложолда ұйым­дастырылды. Жазда велосипедшілерге, қыста шаңғышыларға қолайлы мекен болатын жаңа орын бұқараның жиі бас қосатын жері болады деп ойлаймын. Бүгінгі жарысқа үлкен-кіші демей, барлығы өз жас ерекшеліктері бойынша қатысты. Саламатты өмір салтының осылайша насихатталуы оң өзгерістерге бастайтынына сенемін, – дейді ол.
Қатысушылардың бәрі өз қатарластары бойынша жеке-жеке марапатталды. Жеңімпаздарға арнайы диплом және бағалы сыйлықтар тапсырылды.
«Астана Орманы» ЖШС-нің дамыту жөніндегі басқарушы директоры Юсуп Келигов веложолдың елордалықтардың игілігіне жарап, спорттық шаралар өткізетін маңызды орынға айналып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =