Астанада оқып жүр, талай Ауған баласы­

0 91

Қазақстан мен Ауғанстан ислам республикасы 2009 жылы білім саласында арнайы келісім жасағаны белгілі. Келісім бойынша, елімізге 2010 мен 2014 жылдар арасында 1000 ауған баласы келіп, 700-і жоғары, ал, 300-і кәсіптік-техникалық білім алады. Олардың алды қазір 2-курста оқып та жатыр. Жастар журналистика, құқық, инженер, мұғалім, т.б. мамандықтар бойынша – 2019 жылға дейін, медицина мамандықтары бойынша 2021 жылға дейін білім алады.

Осы келісім бойынша Қазақ­­станға келген студенттердің бір тобы елордадағы Л.Н.Гумилев атын­­дағы Еуразия ұлттық уни­­вер­­ситетінің Сәулет-құрылыс фа­­куль­­тетінде білім алып жатыр. Солардың бірі – Харун Қаризада. Харунның қасында үш жерлесі бар. Төртеуі бір мамандықта оқиды әрі бір жатақханада тұрады. «Қазақстанға алғаш келгенде не қазақша, не орысша білмейтін едік» дейді ол. Айтуынша, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде даярлық курсынан өтіп, кириллица әліпбиін сонда үйреніпті.

«Бізді орта мектепті үздік бағамен бітірген оқушылар ішінен іріктеп алды. Кейін Қазақстанда бір жыл даярлық курсынан өтетінімізді де айтқан болатын. Әрі оқуға тесттің жеңілдетілген түрімен қабылдандық. Қысқасы, бізге барлық жағдай жасалған. Оқуымыз бен жатақханамыз ақысыз, жол қаражаттарын да Қазақстан мойнына алған» дейді болашақ сәулетші.

Шәкіртақылары 30 мың теңге көлемінде. Оның 30 470 теңгесін біздің ел төлесе, қалғанын Ауған мемлекеті төлейді. Ал, олармен бірдей білім алып жүрген Қазақстан студенттері 15 мың теңге шәкіртақы алатынын ескерсек, бұл ауғандық жастарға барлық жағдай жасалғандығының көрсеткіші деуге толық негіз бар. Жатақхана құны, жалпы, он айға шаққанда, 40 мыңның ар жақ-бер жағында шығады. Бұл қаржыны да ауған балалары үшін университет төлейді. «Білім туралы заң» талабына сәйкес біздің грантта оқитын балалар бір пәннен үш алса, келесі жартыжылдықта шәкіртақы алмайды. Ал, ауған балаларына берілген жеңілдік – бұлар бір емес, бірнеше пәннен үштік алса да, шәкіртақыдан қағылмайды.

Тағы бір жеңілдікті айта кеткен жөн. Мәселен, жергілікті студенттер белгілі пәннен екі деген баға алса, сол пәннің кредит саны бойынша ақы төлеп, қайта оқиды. Мысалы, пән үш кредиттен тұрады делік. Ал, әр кредит бағасы 9200 теңгені құрайды. Ендеше, 3 кредитті пәннің ақысы 27600 теңгені құрайды. Ал, ауғандық студенттер қанша пәннен қанағатсыз деген баға алса да, қосымша сабақты тегін оқиды.
Бүгінде 1000 ауғандықтың шамамен 550-і келіп үлгерген және еліміздің түкпір-түкпірінде білім алуда.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 3 =