АСТАНАДА ӨНДІРІС ӨРІСТЕЙДІ

0 408

Астана қалалық мәсли­ха­тының депутаттары «Астана – жаңа қала» арнайы эко­но­микалық аймағында орна­ласқан өндіріс орындарын ара­лады.

ERM_6899

Бүгінде Астана елдің барлық аймағы бой түзейтін қалаға айналды. Жаңа өнеркәсіпті дамыту да елордадан бастау алған. Біз оны қалалық мәс­ли­хаттың депутаттарымен ин­дус­­­триалды-иннова­циялық ау­мақты аралағанда анық бай­қа­дық. Аталған аймақ 2001 жылы құрылған. Оның аумағы 7 634, 71 гектарға созылып жатыр.
Депутаттар алдымен ат­тың басын еліміздегі жеңіл өнер­кәсіп үздіктерінің бірі «ПИК Астана Ютария ltd» ЖШС-не тіреді. Кәсіпорын әлемдік бренд саналатын «ZOJE» тігін машиналарымен жабдықталған. Шығаратын өнімінің сапасы еуропалық немесе түрік текстилінен ешбір кем емес. Әскери киімдерге де арнайы тапсырыс алған. Сондай-ақ, мұнда қонақ үй, мейрамхана, медицина салаларына арналған бұйымдар мен үйге лайықты текстиль өнімдері де даярланады. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асқан кәсіпорын қан­шама адамға жұмыс ұсынып отыр.
Мемлекетіміздің үдемелі индус­триалды-инновациялық даму бағдар­ламасы аясында жүзеге асқан жоба­лардың бірі – «Тұлпар-Тальго» вагондары екені белгілі. Қазіргі күнде аталған вагондардан құралған жүрдек жолаушылар пойызы еліміздің барлық аймақтарына қатынайды. Бүгінде ис­пания­лық компаниямен бірлесіп салынған зауытта отандық өнім 20 па­йыз­дан асқан. Жыл сайын бұл көр­сеткіш жоғарылай бермек. Негізі­нен, жобаның қуаттылығы бойынша жылына 150 жолаушылар вагоны шығарылады. Бүгінге дейін 400-тен астам жолаушылар вагоны пайдалануға берілген.
Депутаттар «Тұлпар-Тальго» зауытында болған кезде ондағы маман­дардың жұмысын жіті бақылады.
«Жалпы, жолаушылар тасыма­лына арналған вагондардың артықшылығы көп. Пойыз сағатына 200 шақырым жыл­дамдықпен жүйткиді. Пнев­­ма­тикалық жабдықталу, есіктердің автоматты ашылып-жабылуы, жыл­дамдықтан белгі беретін ABS жүйесі де жолаушылардың жайлылығы үшін қолайлы» дейді зауыт директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Владимир Киселев.
Қазіргі таңда «Тұлпар-Тальго» по­йыз­дарының қыз­метін миллионнан астам жолаушы пайдалануда.
«Электровоз құрастыру зауыты» – еліміздегі ең ірі жоба­лардың бірі. Ол Қазақстан, Франция және Ресей­дің бір­лескен кәсіпорны саналады. Өн­дірістік алаңның аумағы 27 мың шаршы метрден асады. Жылына 50 электровоз құрастыру жоспарланған. Бүгінде кәсіп­орын толықтай өз қуатында жұмыс істейді. Мамандар шетелге барып, арнайы курстан өткен. Бүгінде отандық КZ8А электровоздарын шет мемлекеттер де сатып алуға қызығушылық танытып отырған көрінеді.
Сонымен бірге депутаттар «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС-нің қызметімен танысты. Қазақ-түрік бірлес­кен кәсіпорны негізінен елі­міздің қорғаныс-өнеркәсіп ке­шені өнімдері саналатын элек­трондық-оптикалық құрыл­ғылар, электрондық плата­лар мен линза өндірісі үшін технологиялық құжаттар, материалдар мен жабдықтар шығарады. Кәсіп­орын толықтай уақыт талабына сай жоғары технологиялық құралдармен жарақталған.

ERM_7115

Бір байқағанымыз, индус­триалдық аймақта орналасқан өндіріс орындарында еңбек етіп жүргендердің дені – жастар.
Түйіндеп айтқанда, мәслихат депутаттары әр кәсіпорынның жұмысымен жақын танысып, өздерін толғандырған сұрақ­тарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 3 =