Астанада көрермен мәдениеті қашан қалыптасады?

0 127

Астананың атақ-даңқы төрткіл дүниені түгел аралап, бет-беделі қалыптасқалы қашан. Бүгінгі таңда күллі әлемнің назарын өзіне аударып отырған еліміздің бас шаһары бас айналдырарлық қарқынмен дамып келеді. Алаш жұртының айбынына айналған Астана  – еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі, толайым табыс­та­рымыздың діңгегі. Сән-салтанаты келіскен самаладай шаһардың бітім-болмысы кейде ерке баланы еске түсіреді. Күллі ел болып Астананы алақанымызға салып, аялап отырмыз. Мемлекетіміздің бар назары да, базары да – бас қала.  Астана ештеңеден де таршылық көрмей, атына заты сай болып есеюі  үшін бар жағдай жасалып жатыр. Бақ қонған бағаналы басты ордаға қызыға да, қызғана да қарайтындар баршылық. Ал көрсе, көз сүйсінер көркем елорданың тұрғындары бардың қадірін түсініп, ұқсата алып жатыр ма? 

Астана адамдарымен асқақ, адамдарымен құнды. Сән-салтанаты келіскен шаһардың кескін-келбеті онда тұратын адамдардың мәдениетіне сәйкес келе ме? Әрине, күмән басым. Осы сауалды әр астаналық өзіне қойып, елорда деңгейіне лайық болуға ұмтылса дейсің. Астананың өзіне тән менталитеті қалыптасқанын қалайсың. Әзірше олай болмай тұр. Бас шаһарда толассыз өтіп жататын, көрген де, көрмеген де арманда болатын небір саяси, рухани шараларға өзгелер келуге ынтық болса, астаналықтар құлықсыздық танытады. «Жақсы концерт болады екен, атақты әртіс келіпті концерт қоюға» десең, елеңдейтін ел аз.

Концерттерге барып, рухани жан дүниеңді байытып қайтудың өзі – мәдениеттілік. Бұрын Астанада өтетін қазақ концерттері мен қойылымдарға адам көп жинала қоймайтын. Қайта кейінгі жылдары мәдени ошақтарды залдары көңіл көншітіп жүр. Бірақ баяғы сол мәдениетіміздің төмендігі осы жерден де көрініп қалып жатады. Концерттік, басқа да мәдени бағдарламаны тамашалауға келгендер алдын ала орнын тауып, жайғасуы керек. Ал кейбір ағайын кешігіп келгенімен қоймай, орындықтардың ара-арасымен қысылып-қымтырылып, қараңғы залда қарманып, орнын іздеп жүретінін қайтерсің. Концерт кезінде кіріп-шығып, сахнада өнер көрсетіп тұрған адамның да, залдағы көрерменнің де мазасын алатындар бар. «Бірі – айға, бірі – сайға» дегендей, көрермендер көрім концерт көріп отырса, біреулер қытыр-қытыр еткізіп, қытырлақ нан, кәртөшке жеп отырады. Концерт кезінде телефонын өшірудің орнына безілдетіп қоятындар бар. Қойылым аяқталмай жатып, атып тұрып, киім ілгішке қарай жүгіретіндер де жеткілікті. Астаналық мәдениетіміз қайда қалды сонда? Концерт арасындағы үзіліс кезінде немесе жұртшылық қол соғып жатқан кезде білдірмей ғана шығып кету керектігін, концертке тағам атаулы алып кіруге, айғайлап сөйлесуге, қайта-қайта кіріп-шығуға болмайтынын баланың өзі біледі. Ал оның орындалуы – әр адамның ішкі мәдениетіне қатысты дүние. Қарапайымдылық танытып, біреуге ілтипат білдірудің өзі мәдениет. Қыл аяғы, Астанада өнерпазға гүл ұсыну мәдениетіміз де қалыптаса қойған жоқ. Шет мемлекеттерде әртістер құшақ-құшақ гүлге оранып жатқанда, Астанадағы концерттен бір тал гүлсіз қайтатын өнерпаздар бар. Сахна кейіпкеріне гүл ұсыну – оның өнеріне деген ризашылығыңды мәдени түрде жеткізу емес пе? Ендеше, неге жақсы көрген әртіске бір шоқ гүл сатып алып сыйлауға жарамаймыз?

Әрине, «көпке топырақ шашудан» аулақпыз. Біздікі астана­лық­тардың бәрі біркелкі мәдени өресі биік, нағыз елордадағы лайық ерекше жандар болсын деген ниет. Астана дегеніміз – алдымен адамдар. Ендеше, әрбір астаналық өзінің елорда келбеті үшін жеке жауапкершілігін сезініп, қай жағынан да жоғары мәдениетке ұмтылуға тиіс.

Қымбат Тоқтамұрат,
q.toqtamurat@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + 9 =