Астанада халықаралық кітап көрмесі өтуде

0 1  161

Кеше Астанадағы «Көрме» орталығында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Eurasian Book Fair-2016» атты Еуразия халықаралық кітап көрмесі салтанатты жағдайда ашылды. Оған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

kbb_1478

– Биыл еліміз үшін тарихи белес – Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы. Бұл кезең Қазақстан тарихы үшін дәуірлік оқиғалармен өлшенетін бейбітшілік пен келісімнің шежіресіне айналды. Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық белесі аса жауапты тарихи міндетті орындау кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Биылғы жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес институционалды реформаны жүзеге асырудың практикалық кезеңі басталды. Оның түпкілікті арман-мұраты ортақ, яғни болашағы біртұтас ұлт құру екенін атап өтуіміз керек. Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан әлем елдерімен экономикалық қана емес, мазмұны терең тарихи, мәдени байланыс орнатты. Осының дәлелі – бүгінгі өткізіліп отырған І Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі, – деді Мемлекеттік хатшы.
Одан кейін Беларусь Республикасы Ақпарат министрінің бірінші орынбасары Игорь Луцкий мен Ресейдегі «Гильдия книжников» коммерциялық емес серіктестігінің президенті Борис Есенькин кітап көрмесі туралы салмақты сөз қозғады.

Әлемнің көптеген елдерінің өкілдері бас қосқан жиында көрмеге қатысып отырған мемлекеттердің кітап шығару және полиграфия саласындағы жетекші баспа үйлерінің өнімдері мен жаңа технологиялары ұсынылды. Расын айту керек, бүгінде кітапты безендіру мәдениеті жақсы дамыған. Бірақ жастардың кітап оқуға деген ынтасы сәл-пәл болса да азайған. Шараның басты мақсаты да жастардың кітапқа деген ынтасын оятып, құрметін арттыруды көздеген.
Көрменің алғашқы күнінде Ресей мен Беларусь елінен келген баспагерлер әкелген жаңа кітаптардың тұсауы кесілді. Сонымен бірге, елордадағы Ұлттық музей де тарихымызға арналған танымдық кітаптардың көрмесін өткізді. Шараның басты ұйымдастырушысы саналған «Фолиант» баспасы талантты жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» мен «Біздің ауылдың амазонкалары» атты кітаптардың тұсаукесерін жасады.
Біз кітап көрмесі аясында баспа саласының білікті маманы, белгілі жазушы Әлібек Асқаровтың пікірін тыңдаған едік.
– Жалпы, халықаралық кітап көрмесін өткізу – кітап оқитын, кітапқа құрметі бар мемлекеттің игілікті ісі деп айтуға болады. Жыл сайын Мәскеуде өтетін халықаралық кітап көрмесіне қатысып жүрміз. Баспагерлер бүгінде кітап өндірісі қандай деңгейде дамып бара жатқандығын біліп отырған жөн. Соған осындай жиынның ықпалы көп. Алдымен кітап оқырманға жету керек. Оның мазмұны мен келбеті де бір болу қажет. Алдағы жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай үлкен кітап жәрмеңкесі өткізіледі. Бүгінгі шара соның алдындағы тәжірибе секілді. Бастысы, жастар кітап оқыса екен, – дейді қаламгер.
Кітап жәрмеңкесі 12 қарашаға дейін жалғасады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − two =