Астанада бір үйім бар…

0 62

Оқуды бітіре сала, көзді жұмып, еш туыс-жақыным жоқ астанаға келген бетте құшағын ашып, жып-жылы қабылдаған алғашқы ұжымым болған соң ба екен, «Ақшам» маған ерекше ыстық. Тек мені ғана емес, редакцияның табалдырығын аттаған әрбір жаңа қызметкерді жатырқамастан, жатырқау былай тұрсын, қайта оның үйренісуіне, ашылуына барынша жағдай жасап, жанашырлық танытатынын мұнда келгендердің түгелі біледі. Меніңше, кез келген жұмыста өзіңнің потенциалыңды көрсетіп, жемісті дүние жасау үшін, ең алдымен, соған мүмкіндік беретін ортаның бар болуы маңызды секілді. Мұны бәлкім гүл өсірумен теңестіруге де болатын шығар. Қанша жерден көздің жауын аларлық керемет гүл отырғызғаныңызбен, оны күтіп-баптай алмасаңыз, «мынау жарытып гүлдемей қойды» деп ренжуіңіз бекер. Ал ақшамдықтар – жақсы бағбан. Мұнда, керісінше, гүлдемеу ұят.Демеу көрсетуге әрқашан әзір ортада жүргендіктен, ұжым ішіндегілер қанатын еркін жазып, кәсіби өсуге бастайтын қандай да істі қолға алудан еш тайсалмайды. Еңбегі еленіп, шығармашылық байқаудан дүркін-дүркін жүлде алып жатқанда, әрбіріне іштей тілектестік білдіріп, марқайып қаламыз. Жетістікке өзі ғана жетпей, жанындағылардың да алға жылжуына шама-шарқынша ықпал ететіні тағы бар. Аядай ұжымның арасынан бірнеше жылда төрт бірдей «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты шығуы соның дәлелі болса керек. «Ақшамның» бұрынғы жауапты хатшысы Әділбек Жапақ бастап берген бұл тізім болашақта талай тілшімізбен толығатынына күмәнім жоқ. Мұнда да анамдай ақыл айтар Айгүл апай (Уайсова), әкемдей жол көрсетер, тіреу болар Ғалым аға (Қожабеков) бар. Әр оң қадамыма қуанып, көмекке мұқтаж кездерімде қол ұшын беруге әзір Аманғали (Қалжан), Азамат (Есенжол), Дәулет (Асауов), Сұлтан (Сейітов) секілді тілші ағаларымның орны бір төбе.
Бүгінде «Ақшамнан» алыс­тағаныма жарты жылдан аса уақыт өтті. Достық көшесіндегі 13-үйдің жанынан өткен сайын осы жерде жақсы адамдардың, сіз-бізі жарасқан сүп-сүйкімді ұжымның, бір үйімнің бар екенін еске алып қоямын.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 4 =