АСТАНАДА АСЫҚ АЛШЫ ТҮСЕ МЕ?

0 112

«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар….»
Кезiнде ұлттық ойынымыз асыққа бала бiткеннiң құмар болғаны сондай, ел арасында осындай нақыл қалды. Мұны үлкендер балаларды ойыннан алыстатып, бiлiмге насихаттау тұрғысынан да айтқан шығар. Дей тұрғанмен, қазiр асық ойнап, азған баланы кездестiру қиын. Керiсiнше, ұлттық ойынның бұл түрiн ұмытып қалғандар да бар.
Бұл күнде доп ойнағандар да тозған жоқ. Ала допты қуалағандар тұтастай бiр стадионды толтырып, әлемнiң назарын өзiне аударып отыр. Әсiресе, еуропалықтар футболды, бильярдты, нысанасына жеткенше ақ тер, көк терге түсетiн керлингтi көпке ортақ етiп үлгердi. Қазiр бұл ойындарға қызығатындар­дың қатары артқан.
Ал ұлттық брендiмiз – асық ойындарын әлемге танытқанды былай қойып, әлi күнге дейiн ұлттық спорт дәрежесiне көтере алған жоқпыз. Оның қазақ үшiн мән-маңызын, балаға берер пайдасын асыл ағамыз Бауыржан Момышұлы кезiнде «асық ептiлiкке, мергендiкке баулиды» деп тұжырымдап кеткен едi.
***
Батыр Бауыржан Момыш­ұлының асық туралы ойының аста­рында не жатыр деп ойлайсыз? Сол мергендiк пен ептiлiктi асық арқылы үйренген баланың ұлттық болмысқа, салт-дәстүрге қанық өсетiнi анық. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған атамыз асық ойыны арқылы жастардың жанын елге жақындатып отыр. Қазiр ауызбен айта-айта, бiрақ еш нәтиже шығара алмаған патриот­тық насихаттың ауыр салмағы осында жатқандай. Яғни, жастарды елшiл етiп тәрбиелеу, iспен iлгерiлеу керек.
Ертедегi асық атқан ауыл баласы­ның жаны, болмысы қазақы болған. Ендеше мектептегi тәрбие осындай ұлттық ойындардан бастау алса деген пiкiр жиi айтылып жүр. Бұл орайда, «Ұлты үшiн құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елi артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседi. Есейген соң бар бiлiмiн, күшiн өз жұртының күшеюiне жұмсайды…» деп алаш қайраткерi Жүсiпбек Аймауытов «Ұлтты сүю» мақаласында айтып өткендей, ұлттық уызға жарыған ұрпақтың қайрат-қарымы да алаш игiлiгiне арналмақ. Ендеше…
Бүгiн ұрпаққа осы ұранды үндеп, ұлттық құндылықтарды қадiрлей алатын қандай тәрбие берiп отырмыз?
Мектептегi бiлiм берудiң мән-маңызы ұлттық болмысқа жақын ба?
Бiр қуанарлығы, соңғы жылдары дене шынықтыру сабағы аясында ұлттық ойындар үйретiлiп келедi. Бiрақ, соның өзiнде де көне ойындар көп ескерiлмеген.
***
Ұлттық ойындардың қайсысын алсаңыз да, қоғамдық-әлеуметтiк мәнi зор. Соның iшiнде асық ойыны – халықтың тұрмыс қалыбы мен мәдениетiнiң ажырамас бөлiгi. Дей тұрғанмен, елордадағы мектептердiң көбiсi ұлттық ойындардың iшiнде тоғызқұмалақты құп көрген. Бұл ойынның тәсiлiн балалар жақсы бiледi. Талай жарыстарда жүлдемен оралған өрендер де баршылық екен. Оның iшiнде №8 орта мектеп тоғыз­құмалақ бойынша Астана мектепте­рiнiң көшiн бастап отыр.
Ал әзiрге елордалық мектептерде асығымыз алшысынан түспей түр. Бiрақ, бұл бiлiм ордаларында асық ойындары мүлде ойнатылмайды деген сөз емес. Ұлттық ойындарға қаладағы №7,8,24,34,40,54,57,51,53,48 мектептер ерекше мән беретiндiгiн байқадық. Әсi­ресе, асық ойындарының балаларға берер тәлiмдiк қасиетiне, тәрбиелiк мән-маңызына жан-жақты зерттеу жүргiзiп жүрген №7 мектептiң дене шынықтыру мұғалiмi Сұңқар Шұ­баш­тың еңбегiн атап өту қажет. Оның айтысына қарағанда, асық ойындарына мектепте 7 сағат арнайы бөлiнген. Оқушылардың қызығушылығы көбi­несе «Ханталапай», «Хан ату» сынды ойындарға түсiп жатады екен.  Яғни, қалалық мектептерде асық ойынын ұлттық спорт түрi ретiнде дамытуға ниет бар, алайда қолдау жоқ. Сұңқар Шұбаш «мектепiшiлiк ұлттық ойын­дарға әлi де болса назар аудару қажет­тiгiн, мұғалiмдердiң бiлiктiлiгiн арт­тырып, ұлттық ойындардың, оның iшiнде асық ойындарының қай түрi мектеп балаларының қызығушылы­ғына сай дегенге мән берiлсе» дейдi. Өйткенi, асық ойындарының кей түрiн дене шынықтыру пәнi мұғалiмдерiнiң өздерi бiлмеген­дiктен, оны үйретуге құлшы­ныс болмай жатады екен.
***
Бұл күнде ұлттық мәселеге қа­тыс­ты санамызда тағы бiр керi түсiнiк бар. Наурыз мерекесi қарсаңында көпшiлiк ұлттық бұйым iздеп, ұлттық киiм киiп, ұлттық ойындарды еске алады. Мереке аяқталысымен ұлттық дүниелер көзден де, көңiлден де бұлбұл ұшады. Асық ойын­дарының кенжелеп қалуының бiр себебi де осы шығар. Өйткенi, Наурызда асық iздеп сабыл­ғанша, ертеде, тiптi, дүниеге сәбиi келмей жатып асық жинаған ата-баба салтын ұлағат тұтып, ойынды балаға үйде үйретсек. Бұл баланы күндiз-түнi көк жәшiкке телмiртiп қойғаннан әлдеқайда артық.
Елордада қалалық әкiмдiктiң қол­дауымен Туризм, дене тәрбиесi және спорт басқармасы 2009 жылдан берi  Астана күнiнде асық атудан қалалық «Алтын сақа» ашық турнирiн өткiзiп келедi. Турнирге қаладағы мектеп оқушылары, жалпы ниет бiлдiрген әр адам қатыса алады.
Сонымен қатар асық ойындарына ерекше мән берiп жүрген «Шығыс» балалар мен жасөспiрiмдер орталығы­ның жұмысы жақсы жолға қойылған.
Өткен жылы қалалық Бiлiм басқар­масымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлерi қауымдасты­ғымен бiрлесiп, қаладағы дене тәрбиесi мұғалiмдерiне арнап «Дәулет» спорт кешенiнде семинар ұйымдастыры­лыпты. Сонымен қатар, 1 маусым балалар күнiне орай «Бәйтерек» мону­ментiнiң жанында асық атудан жарыс өткiзiлген және оған қатысуға ниет бiлдiргендердiң көп болғанын айтады.
Аталмыш орталық директорының оқу-тәрбие жұмысы жөнiндегi орын­басары Ғалия Ысқақова қазiр қала мектептерiнде асық ойындарына ерекше көңiл бөлiнiп жатқанын жет­кiздi. Бiрақ  жоғарыда ұйымдасты­рыл­ған жарыс барысында жеңiмпаздарға асық ойындарын есте қалдырарлық  жәдiгерлер iздеп, қаладағы сауда орын­дарынан асықты бейнелейтiн сыйлық­тар таппай қиналғанын айтып қалды. Яғни, ұстаздың айтысына қарағанда, асық ойындарын ұлттық спорттық деңгейге көтеру үшiн тек үйретумен шектелмеген жөн. «Бұл бағытта жан-жақты қолдау көрсетiлуi керек. Кәсiпкерлер осы бағыттағы ұлт­тық бұйымдарға, асық жәдiгерлерiне мән берсе. Жоғарыдағы жарыстарда бiз балалардың қызығушылығын артты­рып, белсендiлiгiн ояту үшiн сайысқа тән сыйлықтар бергенiмiз абзал ғой», – дейдi «Шығыс» балалар мен жасөс­пiрiмдер орталығы дирек­торының орынбасары Ғалия Ысқақова.

Серiкгүл СҰЛТАНҚАЖЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + four =