«Астана» жеңіспен бастады

0 29

UEFA-ның жаңа маусымдағы клубтық турнирлері басталды. Жаңа сипаттағы турнир – Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы кездесуінде елордалық «Астана» командасы Грекияның «Арис» клубын 2:0 есебімен ұтты.Елордалық команда ойын тізгінін бірден қолға алып, алға ұмтылды. Бұл тактика көп ұзамай өз нәтижесін де берді. Ойынның 24-минутында команданың сұрмергені Марин Томасов қақпаны дәл көздеп, есеп ашты. Тағы да шабуылдар болғанымен бірінші тайм 1:0 есебімен аяқталды.
Ал екінші кезеңде астаналықтар қарсыластар қақпасына шабуылды үдете берді. Сол Томасов 70-минутта өзінің екінші голын соғып, есепті еселей түсті. Осы есеп ойын соңына дейін өзгермей «Астана» 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Қарымта кездесу 29 шілдеде Грекияда өтеді.
Өкінішке қарай, сырт алаңда ойнаған Қостанайдың «Тобылы» Хорватияның «Хайдук» командасынан 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Сондай-ақ Қарағандының «Шахтері» Румынияның ФКСБ (бұрынғы атауы «Стяуа») клубынан 0:1 ұтылды.
Осыған дейін Чемпиондар лигасының екінші іріктеу лигасының бірінші кездесуінде алматылық «Қайрат» Сербия чемпионы «Црвена Звезда» командасын ұтқан болатын.
Конференция лигасы – UEFA қарамағындағы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасынан кейінгі үшінші деңгейдегі құрлықтық клубтық футбол турнирі. Турнирге UEFA құрамындағы рейтингі төмен чемпионат командалары қатысады. Әрбір елдің чемпионы бұрынғысынша Чемпиондар лигасында бақ сынайды. Ал 2-3 орын алған клубтар және Кубок иегерлері Еуропа лигасына емес, Конференциялар лигасында ойнайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 18 =