«Астана» – «Жальгирис»

0 103

004

«Астана» үшін ертең өте тартысты ойын өткелі тұр. УЕФА аясындағы Чемпиондар лигасының екінші кезеңінде сынға түсіп жатқан елордалықтар Литва чемпионы «Жальгирис» командасын қабылдайды.

Бұл командалар арасындағы бірінші ойында есеп ашылмаған еді. Вильнюсте тең түскен қос команданың тағдыры, яғни қай команданың келесі айналымға өтетіні ертең «Астана Арена» алаңында шешілетін болады. Бұл ойында тең нәтиже тіркелмейді. Есеп тағы да ашылмайтын болса, онда қосымша 30 минут ойын өткізіледі, егер бұл уақытта да жеңімпаз анықталмаса, матч соңындағы пенальти соғылатын болады. Ал қай жеңгені келесі раундта Шотландияның «Селтик» немесе Гибралтардың «Линкольн» командасымен кездесетін болады.
Сонымен, ертең, 20 шілде күні «Астана» ЧЛ турниріндегі қарымта матч ойынын өткізеді. Матч «Астана Арена» стадионында сағат 20.00-де басталады. Билеттер бағасы 500-2500 теңге аралығында. Стадион кассасында және онлайн режимінде сатылып жатыр. Ал, өткен демалыс күндері Қазақстан чемпио­натының премьер-лигасында кезекті турдың ойындары өтті. «Астана» өз алаңында «Атырау» командасын қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
«Астана Арена» стадионында өткен ойында бірінші болып атыраулық жанкүйерлер қуанышқа бөленді. Ойынның жетінші минутында қонақтар шабуылшысы Владимир Аржанов есеп ашты. Бұл гол «астаналықтарға» қамшы болып тиді. Жан-жақтан шабуылды үдете түскен алаң иелері қонақтар қақпасына бірнеше рет есепті теңестіруге мүмкіндік алған. Алайда, «Атырау» қақпашысы шеберлігін көрсете білді.
Дегенмен, «Астана» ойын­шыларының кезекті бір комбинациясы өз жемісін берді. Твумасидің пасын Азат Нұрға­лиев өте сәтті пайдаланып, жиырмасыншы минутта ала допты қарсыластар қақпасының бұрышына топ еткізді. Осылайша, есеп теңесті. Ал ойынның 39-шы минутында сол Нұрғалиев тағы да мергендігімен танылды. Жақында ғана «Ордабасы» командасынан «Астана» құрамына келген Азат елордалық ұжымға осылайша сәтті сіңісіп кетті десе болады.
Үзіліске дейін тіркелген 2:1 есебі матч соңына дейін өзгермеді. Сөйтіп, «Астана» биылғы маусымдағы он жетінші жеңісіне қол жеткізді.
Турдың басқа ойындарында мынандай нәтижелер тіркелді: «Ақтөбе» – «Шахтер» 2:0, «Жетісу» – «Ақжайық» 2:0, «Ертіс» – «Қайрат» 2:3, «Тобыл» – «Оқжетпес» 0:1, «Ордабасы» – «Тараз» 0:3.
Алдағы демалыс күндері ұлттық чемпионаттың бірінші этапы аяқталады. Содан кейін алғашқы алты команда жүлделер үшін жарысты жалғастыратын болса, қалған алты команда премьер-лигада қалу мақсатында ойнайтын болады.
Әзірге турнир кестесін 53 ұпаймен «Астана» бастап келеді. Екінші орында 43 ұпаймен «Қайрат» келеді. Үздік үштікті «Ертіс» түйіндеп тұр.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + sixteen =