АСТАНА – ВЕЛО-О-О – ҚА-А-Л-АА…

0 130

Астана сенбі күні вело-қалаға айналғандай болды. Ата Заңымыз – Конституция күніне және қазақстандық велоспорттың ғасырлық мерейтойына арналған веложорықты елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов бастап шықты. Велосипедті ерттеп мінген екі мыңнан астам әуесқой астаналықтар қатарында атағы жер жарған «Тур де Франс-2014» көп күндік жарысының жеңімпазы, «Астана» велоклубының капитаны Нибали Винченцо және оның командалас шабандоздары, Олимпиада чемпиондары Александр Винокуров пен Владимир Смирнов болды.

Салтанат сарайы алдындағы алаңнан басталған жорық « Астана-Арена» стадионы алдындағы алаңда мәресіне жетті. Бас-аяғы 2200 адам 4600 метрді жүріп өтті. Сыртынан қарап тұрған бізге Қабанбай даңғылы велосипед пен адамдардың толқынындай болып көрінді. Игілікті шара болса, иімейтін көңіл болмайды екен, велосипед мінген қалың бұқараның бәйгесіне өзіміздің қосылмай қалғанымызға кәдімгідей өкініп қалдық. Қандай ғажап көрініс… мыңдаған адам денсаулықтың мерекесін дүбірлетіп келеді…

Шабандоздар біртіндеп «Астана Арена» алдындағы мәреге тоқтап жатыр. Ал велосипедшілерді қарсы алып жатқан қауым да аз емес екен. Әр келуге қол соғып жатыр. Әдемі ән шарықтайды, баршаның көңілі масайрайды. Бұқаралық спорттың құдіреті деген осы шығар, мыңдаған адам иық тірестіріп бір мақсатпен, бір сеніммен веложорыққа шықты.

Мәреге жеткен барлық қатысушыларды қала әкімі Конституция күнімен құттықтады.

– Конституция күні қарсаңында біз Астанадағы тағы да бір үлкен спорттық шараға куә болып отырмыз. Мұндай веложорықты біз Астана күнінің қарсаңында да өткізген болатынбыз. Осы сайысқа жастардың көптеп қатысқаны қуантады. Ең бастысы – Астана тұрғындарының спортқа деген құштарлығын, қызығушылығын көрсетеді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Елбасының үлкен қамқорлығының, қолдауының арқасында біздің Астанамыз күн санап өсіп-өркендеп келе жатыр. Тың жобалар, оң өзгерістер көз алдымызда іске асып жатыр, – деп атап өтті Иманғали Тасмағамбетов.

Биыл Астанада «Велобайк» жобасы іске асырыла бастады. Астана әкімдігі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, қаланың көрікті орындарында 40 велобекет орнатты. Алдағы уақытта олардың саны 100-ге дейін жеткізілмек. Ал велосипедтер саны 1000-нан асырылмақ. Осы игіліктің бәрі қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа жақын болуына септігін тигізетіні сөзсіз.

Веложорық мәресіне арналған шара барысында Олимпиада ойындарының чемпионы, «Астана» велоклубының бас менеджері Александар Винокуров пен «Тур де Франс – 2014» велобәйгесінің жеңімпазы Винченцо Нибали қала әкімі И. Тасмағамбетовке «Астана» велокомандасының жейдесін сыйға тартты. «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының бас директоры, Олимпиада ойындарының жеңімпазы Владимир Смирнов барша астаналықтарды мерекемен құттықтап, Астанамыздың нағыз спорт қаласына айнала бастағанына ризашылығын жеткізді.

Веломереке соңы спорт сүйер қауымға аталымдар бойынша сыйлықтар тапсыру рәсіміне, лотерея ойынына және концерттік бағдарламаға ұласты.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × five =