Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана – ұлтымыздың айбары

Табыл ҚҰЛЫЯС, сатирик-қаламгер

0 332

– Ардақты Табыл аға, сіз Астананың байырғы тұрғынысыз. Ақмолаға қалай келгеніңіз есіңізде ме? Алғашқы жылдарды еске түсірсеңіз. 

 – Торғай облысы жабылғаннан кейін Қазақ радиосы мен телевизиясының Ақмоладағы тілшісі болып жұмысқа тұрдым. Облысты басқарған Қасым Тәукенов торғайлықтардың барлығына үй беріп, шотына 76 мың рубль аударды. Осылайша, радио мен телевизияның жұмысын қоса атқарып жүрдім. Ал 90-жылдары Жазушылар одағы мені жергілікті бөлімшенің басшысы етіп сайлады. 2000 жылдарға дейін сол қызметті атқардым. Мен кинодерегімді кейде ақтарамын. Архивтен қарап отырсам, Президентіміз Ақмолаға ат басын бұрып, Конгресс-холда халықпен кездескен сәті сақталыпты. 16-17 жасар жастар Елбасын қоршап алған. Сол жастардың жүздерінде еркіндіктің қуанышы, өз алдымызда дербес мемлекеттің қуанышы кәдімгі жастардың жүзінде жайнап тұрды. Бұл жастардың ел басшысына деген зор сенімі деп ұғындым.

Ақмола қаласының Астана болуын Президент көп зерттеді. Зерттеу сапарының екеуінде бірге болдым. Онда халықаралық журналистер де болды. Қаланың айналасындағы аудандарды, жерін, суын, табиғатын Президент егжей-тегжейлі зерттеді. Астананы құра салу оңай нәрсе емес. Кеңес өкіметінен қалған дүние-мүліктің барлығы бытырап, жапырыштанып қалды. Оңалмастай отырдық қой. Сонда авс­триялық тележурналистпен қатар отырғанда мен оған «Біздің Президентіміз ұнай ма?» деп сұрақ қойдым. «Әлемнің 40 шақты елінде болдым, олардың мемлекет және үкімет басшыларымен бірге жүрдім. Сіздердің мемлекет басшыларыңыз көп кешікпей, Қазақстанды әлемге танытады» деді. Журналистердің көзінің көрегендігі, аузының дуа­лы екендігін сонда түсіндім.

– Биыл 20 жылдығын тойлағалы отырған елорданың біраз тарихы да жинақталып қалған болар. 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананы әлемге танытты, көркейтті. Бұрын қалада 250 мың халық тұратын еді, қазір миллионнан асты. Бұл – біздің ұлтымыздың қуанышы, бақыты. «Қой үстінде бозторғай жұмырт­қалаған заман» келеді деп қазақ көп үміттеніп жүреді ғой. Сол үміт енді ақталған сияқты болып көрінеді маған.

Кеңес өкіметі құлағаннан кейін көптеген қиындықтар болды. Осы қалада тұрдық, барлығы көз алдымызда өтті. Әлемге танылған «Қазақсельмаш», «Целинсельмаш», «Насос» және «Шойынқұю» зауыттары бір мезетте быт-шыт болып, жоқ болды. Солардың ішіндегі құрал-жабдықтарды қолында билігі барлар шетелге алып кетті. Қытайға, өзінің еліне алып кетті. Орыстілді халық, немістер де Кеңес өкіметі құлағаннан кейін қатты күмәнданды. Қазақ ел бола ма, болмай ма деп ойлады. Сол кеткенде олар құр кеткен жоқ. Үйлерін сатып, жиған-тергенін өздерімен алып кетті. Сол көріністер көз алдымда…

– Жаңа қаланған қаланың еңсесін тіктеуге кімдер қалай атсалысқанын айтып бересіз бе?

– Бұл ретте марқұм Аманжол Бөлекпаев деген әкімнің еңбегі ерекше дер едім. Ол туралы Елбасы өз кітабында да атап өткен еді. Аманжол тәулікте 24 сағат болса, оның 3-4-ін ғана ұйқыға арнаған шығар. Біз журналист болғандықтан, басы-қасында жүрдік. Қаланы екі-үш рет апаттан да аман сақтап қалды. Сонда Аманжол қызметкерлерін әрбір тұрғынның үйіне барып, халін сұрауға жіберетін. «Азық-түлігі бар ма, киетін киімі түгел ме?» деп барлық ақпаратты алдына жайып отырды. Тікелей көмек көрсетті. Астананың 20 жылдығы қарсаңында Аманжол Бөлекпаев атына көше берсе, халық қуанар еді деп ойлаймын. Бөлекпаев қайтыс болғанда, ақтық сапарға шығарып салуға келген барлық ұлттың өкілдері «Жастар» сарайына сыймай қалған. Аманжолдың азаматтығының бір белгісі – осы. Сол кезде Әскен Нәбиев, Мәдіғат Төрежанов, Мәди Хасенов, Айтбай Рамазанов, Рысты Шотбаевалар сынды жазушылармен қоян-қолтық араласып, елдің еңсесін көтеруге арналған шығармалар жазып тұрдық. Аманжол Бөлекпаев газеттің тіршілігіне араласып, әрдайым қарайласып отырды.

Өзім сатирик болғандықтан, «Арқа ажарында» сын-сықақ беттерін де шығарып тұрдым. Қолдан келген нәрсеміз – қаламмен жазып, жөн сілтеу, кем-кетікті теру. Радио, телевизиямен қоса газетті де қатар алып жүрдім. Ол кезде қазақтілді журналис­тер аз болатын.

– Сіз өзіңізді журналист, сатирик-жазушы ретінде таныстырасыз. Өзіңізге жақыны қайсы?  

– Мыңға жуық фельетон жаздық. Менің жетекшім Темірбек Қожекеев  сатираның теоретигі ғой. «Сатиралық кейіпкеріңді жан-жақты етіп жазғаныңда, үйіне бар. Адам қандай жағдайда екенін байқап көр. Бірақ дәм татпа» деген болатын. Айтқанын орындадық. Менің өзімнің қулығым: бір фельетон жазу үшін 300 пайыз дерек жинадым. Соның 100 пайызын ғана фельетонға кіргіземін де, қалғанын алып қаламын. Олар газетке шыққанда қорғаныс жасайды. «Мынаны істеген жоқпын, ананы істеген жоқпын. Бәленше куә, түгенше куә» дейді. Сол уақытта мен қорымдағы 200 пайыз қылмыстарды әшкерелеп жіберемін. Тырп ете алмай қалады. Ал енді қазір фельетон  жазылмайды.

– Оның себебін неден көресіз?

– Сол жанрдың өзі заманға, билікке онша керек болмады. Жазып көтерген сындардың астарына үңілу, зерттеу, қайта-қайта шара қолдану – бізге, жаңа құрылған мемлекетке қажет те болмады. Осы бір қажетсіздіктен тоқтады деп ойлаймын.

– Қазақ қоғамының ескіден келе жатқан қандай кеселі бар?

– Менің екі жасымда әкем халық жауы болып сотталып кеткен. Деректерді іздеумен Қазанға дейін бардық. Әкемді Сталин келіп алып кеткен жоқ, ағайын-туыс­тары тапсырған. Негізі «Табалдырықтан асқан тау жоқ, ағайыннан асқан жау жоқ» деген нақылдың жаны бар.

Шекесіне тигеннен кейін осындай сөз қалды. 28-жылдары НКВД Ілияс­ Жансүгіров­тің ауылына барып, «Әй, байдың құйыршығынан кім қалды?» дегенде, «Жансүгіров отыр ғой» деп көрсеткен көршісі болатын. Ақыры Жансүгіров пен Бәтима шешей Арыс­тың бойында аштан өлді. Біздің бір-бірімізді көре алмаушылығымыз, жақсылығымызға қуана алмауымыз, кекетіп, мұқатып, тобықтан қаққымыз келіп тұратыны орыс патшасы Екатерина II заманынан басталған ба деп ойланып қаламын.

Кейде архивтерді ақтарып отырып, жылап шығамын. Кеңес өкіметінің де жақсылығы болды. Бірақ қазақ халқы үшін өте қатал кезең еді. Оның себептері – жеріміздің кеңдігі, халқымыздың аздығы. Ұйғырдың «Көп картоптың ішіндегі пияз күйіп кетеді» деген мақалы бар ғой. Сол сияқты күйіп кеттік қой көбіміз.

– Тәуелсіз жур­налис­тикаға қандай баға берер едіңіз?

– Радионы тыңдап, теледидарды көріп отырамын түгелдей. Бағыттары жаман емес. Шындық айта бастады. Әлі де жетілу керек. Қазір Американың өзі интернеттен безді. Ал біздің халқымыз интернет­ке кіріп кетті. Кітап оқу, газет оқу – міндетті түрде керек нәрсе. Көзің де, миың да жаттығады. Америка кітап оқуға көшті, біз де көшетін шығармыз.

– Ал баспасөзге шолу жасайсыз ба? Газет-журнал оқисыз ба?

– Қазір көзім 10 пайыз ғана көреді. Екі жылдай болды. Сексеннің сеңгіріне шықтым. Кәрілікке дәрі де жоқ қой, қарағым.

Сіз ащы шындықты талай жаздыңыз. Шымбайына батқан шындыққа төзе алмағандар, болмаса биліктегілер келіп, қоқан-лоқы көрсетті ме?

– Әрине! Өміріме қауіп төнген кездер де болды. Себебі жазғаным кейіпкердің тағдырына әсер ететін. Іс дәлелденсе, ол партиядан шығып, сотталады. Мұндай үкімге кетіп бара жатқан адамға оңай ма? Жазған фельетоның жақсылыққа бастады деп қуанғандар да болды. Мысалы, Жамбыл облыс­тық газетінде жүргенімде, «Етіктің де қонышы тесілер» деп бір колхоздың бастығын жаздым. Орынтақ та есіртеді. Мейрамханаға келіп, көлігін әр жерге қойып, арақты ішіп, шатақты шығаратын. Соны орнынан алып тастады. Одан кейін Алматыға телевизияға жұмыс істеуге кеттім. Бір күні көшеде келе жатсам, біреу мені құшақтап, «Ағатай!» деп жатыр. «Әй, айналайын, мен сені фельетон жазып, жұмыстан қудырдым ғой» деймін. «Сол қудырғаныңыз маған жақсы болды. Мына Алматыға келіп, ғылым кандидаты атандым» дейді.

– Аға, бүгінгі астаналықтарға, жас ұрпаққа бұйымтайыңыз бар ма?

– Астанамызда миллионнан астам халық тұрады. Болған қиындықтар көз алдымызда тұр. Қазір шүкір дейміз. Әлем халықтары тамсана қарағанда ерекше мақтанамын. Бұл – Астананың өзінің тартымдылығы, халқының жақсылығы. Қанша ұлт өкілі тұрса да, бірімен бірі сыйласып, ағайын-туыс­тай болып отырмыз. Келер ұрпақ қазақ халқының басынан өткен қиындықтарды, тарихты білсе екен деймін.

 

Сұхбаттасқан
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды