АСТАНА – ТҰТАС ЕЛДІҢ ӨСУ ТАРИХЫ

0 490

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылғы 6 шілдеде, өзінің туған күнінде, Жоғарғы Кеңестің сессиясының пленарлық мәжілісінде тұңғыш рет астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы идеясын ұсынды. Залды сол кезде іске асуы мүмкін емес болып көрінген жобаның таң қалдырғаны соншалық, тіпті Елбасының туған күнін де ұмытып кетті. 90-шы жылдардың басында елдегі өте қиын жағдайда астананы көшіру мүмкін бе? Бұл жоба іске аспайтын утопия делінді. Осындай қиын жағдайда Президент өзінің жаңа жобасының іске асатындығын және болашағының жарқын екендігін дәлелдей алды ма?

Нұрсұлтан Назарбаев жас республиканың күрделі геосая­си, экономикалық, экологиялық мәселелерін сол кезде көпшілікке ақылға сыйымсыз болып көрінген тоталитаризмнен демократияға қарай бірден секіру, парадигманы ауыстыру, барлық әлеуметтік және экономикалық күштерді жаңарту және оларға жаңа серпіліс беру керек екенін жақсы білді. Астана жаңа мемлекеттің және жаңа дәуірдің символы екені анық байқалды.

Тамаша Астана – бүкіл қазақтардың, қазақстандықтардың, тіпті барлық әлем жұртшылығының мақтанышы. Астана – дәстүрлі және әлемдік діндер лидерлерінің сұхбат алаңы, бейбітшілік пен рухани келісім, төзімділік пен тұрақтылық, жаңару мен даму алаңы. Елорда Елбасының тамаша ұлттық стратегиялық жобасы.

Астана қаласында «астана – әлем нүктесі, Еуразия жүрегі» деген жаңа астананың тууы жайлы онтологиялық идея іске асты. Астанада қазақ халқының тарихы мен постмодерн, ұлттық стилистика және жаңа зәулім ғимараттар мен үйлер бір арнаға түйісті.

Астананың ЮНЕСКО шешімімен 1999 жылы «Бейбітшілік қаласы» атағын алуы тегін емес. Ширақ да­мып жатқан Астанада әртүрлі үлгідегі азиялық күмбездер мен еуропалық ғимараттар үйлесіп жатқан Шығыс пен Батыс одағы қаланды. Қалада түрлі этностар бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде, және де Астанада тұратын әрбір этнос қала өміріне республиканың еуразиялық тұтастығын құрайтын бірегей негізін ендіруде.

Астана «мәдениеттер мен халықтар достығы» аралына айнал­ды. Астананың басты құндылығы оның халқының, астана тұрғындары әлеуетінің, түрлі мәдениет, дін, кон­фессия өкілдерінің, ең бастысы республиканың жас астанасының жаңа тұрғындары санының күннен күнге артып келе жатуының өзіндік құндылықтарын сақтауынан тұрады.

Тарихи процестің заңды күшеюі ретіндегі бейбітшілікті, достықты, келісімді құруға мүмкіншілігі бар Аста­на өркениетаралық сұхбаттың мәдени орталығы болуда.

Біз ғалым және азамат ретінде өз міндетімізді тек біздің Отанымыз көлемінде ғана емес, ғаламшардың мәдени кеңістігінде осы бейбітшілік пен келісім ахуалын нығайту мен ынтымақтастықтан, жоғары қоғамдық борышымызды кеңейту мен жалғастырудан көреміз.

Астана тек ашық көкжиек пен кеңістік, қазіргі әлемнің қалыптасып жатқан рухани орталығы ғана емес, тұтас елдің туып, қалыптасу, өсу тарихы.

Қазір Астана тәуелсіз мемлекетіміз мүддесінің даму негізі арқылы көруге қажетті жаңа рөлді орындайды. Рес-публика астанасы ел нысанының ары қарай дамуына, қала жасауға арналған мерекелік шаралар ұйымдастыруға, қазіргі ақпаратты қоғам мүддесінің терең кірігуіне байланыс-ты көпвекторлы міндеттер орындай­ды. Астана жұртының өсуі жылдан жылға өндіріс, ішкі құрылым, бай­ланыс және қатынас жолдар, шағын және орта бизнес, білім мен ғылым, ауылшаруашылық бөлімі саласында белсенділік көрсетуде.

Бірақ ол жас республиканың гео­саяси, экологиялық, экономикалық мәселелерін тек жұлқыну, парадигма ауыстыру, барлық экономикалық және әлеуметтік күштерге жаңару мен күш беру арқылы қарама-қайшы, то­сын жағдайларда шешуге болатынын білген. Сонымен бірге Астана жаңа мемлекет пен жаңа дәуір нышаны болуы қажет. Қазақ мәдениеті ертеден терең бейнелілігімен ерекшеленген. Рәміз – бұл айқын және елеусіз, ақиқат және ізгілік арасындағы көпір. Бұл ұлттық рух тәнінің айнасы!

Қазақстанның жаңа астанасын экзотикалық және құрылыстың бірегейлігіне, архитектуралық шешімдердің сонылығы мен батылдығына, көзге түсетін дәстүр мен дағдылы қала жарасымдылығына қарай оты­рып, «азиаттық Бразилиа» деп жиі атайды. Астана өзінің жаңа бейнесінде болашақтың сұлбасына сай келетін, тіптен бөтен қалыпқа ауыса отырып, үлкен қала жайлы бұрынғы пайымдарға кірмейді.

Сонда да Бразилиамен салыс-тыру жақынырақ келеді. Мұндай үйлестік белгісіне архитектуралық қолтаңбаның қарама-қайшылығы мен ерекшелігі жатады. Басқа да: қаланың мінезі, оның рухани ахуалы, ақиқат күші тәрізді белгілері болуы мүмкін. Бұл сипатына байланысты Астана керемет көпішекті мәдениеті бар ірі мемлекеттердің өркениеттік, шығыстық сипаттағы астаналары­на сай келеді. Әл-Фараби мұндай көпбояулы, еркіндік сүйгіш қалаларды мақтан тұтқан. Оларға тән мінезге ол төзімділікті, діни шыдамдылықты, өзара келісімді жатқызған: «…мұндай қала ең ғажайып, бақытты қала бо­лады… және өзінің сыртқы түрімен гүлді және ашық түсті, сонымен бірге әрбірінің сүйікті баспанасы болып шығады, өйткені әр адам бұл қалада өз тілегі мен ниетін қанағаттандырады. Сондықтан да халық (бұл қалаға) топталып, орналасады».

Сәнді де ертегідегідей шығыстық үлгідегі Астана төзімділік рухын, мәдениетаралық сұхбат пен келісім, өзара құрмет пен өзара түсіністікті атқарады. Шығыс астаналары шығыс мәдениеті дәстүрін, олардың ашықтығын, көптеген діни сенімдердің келісімге келуін іске асырады.

Конфессияаралық қарым-қатынас кеңістігінің қазіргі түрлерінің белсенді жетекшісі тарихи, әлемдік сипаттағы бірегей ұсыныстарды жасауға талаптанған тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы болды. Папа Иоанн Павел II шақыру, 2003 жылы әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілері I съезін өткізу Астанада әлемдік діндердің тоғысу Орталығын құру жолындағы алғашқы қадам болды. Бұл идея Еура­зия орталығында, Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік, Еуропа мен Азияны кесіп өтетін ежелгі қазақ даласының дәл жүрегінде орналасқан Қазақстанның жас астанасына лайықты. Данышпан қазақ халқының төзімділік дәстүріне сай Астана ру­хани келісім мен халықтардың өзара түсінісу негізінде конфессияаралық сұхбаттың ғаламат стратегиясын жасады.

2003, 2006, 2009 және 2012 жыл­дарда өткен Астанадағы әлемдік және дәстүрлі дінбасыларының съезі рухани мәдениет өкілдерін де, мем­лекет қайраткерлерін де немқұрайлы қалдырмады. Олардың барлығы не өздері ғасыр оқиғасына қатысуға асықты, не оларға деген қатынасын хаттар мен телеграммалар арқылы жеткізуге тырысты. Ғаламшардың бар назары көптеген конфессия өкілдерінің біріккен әлемдік сұхбатына алғаш рет жиналған қазақ астанасына ауды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарба­ев І съезде «Дін ХХІ ғасырдың да­муын ынталандыра ала ма?» деген сұраққа оң жауап берді. Елбасы дау-дамай, өркениеттердің күйреуі жайлы қағидаларды жоққа шығарып, оған қарама-қарсы салмақты да дәлелді пікір білдірді. Дау-дамай жайлы емес, «өркениеттер кездесуі» жайлы айту­ымыз керек. Қазіргі әлем халықтарды, конфессияларды, мәдениеттерді, өркениеттерді жақындастыру жолын­да, сындарлы сұхбат пен мәдени өзара әрекетке тырысуы қажет.

Тағдырдың жазуымен тәуелсiз Қазақстан географиялық қана емес, демографиялық және мәдени тұрғыда да Еуропа мен Азияның арасынан орын тепкен. Сондықтан да ол өзiнiң мәртебесi бойынша еуразиялық ел, еуразиялық өркениеттiң бiр бөлшегi болып табылады. Сол себептi де, бiр қарағанда, осы заманғы Қазақстанның табиғи даму жолы бiздi ұлттық түбiрiмiздiң, тiлiмiздiң, дәстүрлерiмiздiң, салт-санамыздың сан ғасырлық ортақтығын байла­ныстыратын түркі-ислам әлемiне ену болып көрiнуi мүмкiн. Алай­да, әлдеқайда шығысырақтағы көршiлерiмiзге қарағанда, бiзде таза мұсылмандық мәдениет формалары үстемдiк ете қоюы неғайбыл. Көне замандарда Қазақстан даласында түрлі дiндер ұсталынып, бейбiт қатар өмiр сүрген. Олардың арасында көне христиандық та, буддизм де, зороастризм де, манихейлiк те болған, ал тәңiршiлдiк дәстүрi өзiнiң мәнi жағынан қарапайым халық үшiн ислам­нан кем саналмаған. Елде қалыптасқан тарихи-өркениеттiк дәстүрлердi, оның еуразиялық мәртебесiн және мемлекеттiң ұлттық мүдделерiн жiтi ескеру бiзге айтарлықтай қысқа мерзiмде өзiнiң нарықтық экономи­касы бар тәуелсiз мемлекеттi құруда, тұрақты экономикалық өсiм мен тұрлаулы сыртқы саяси ахуалды қамтамасыз етуде елеулi табыстарға қол жеткiзу мүмкiндiгiн бердi. Осы­нау процесте еуразиялық мемлекет ретiндегi осы заманғы Қазақстанды жүйелi реформалаудың теориясы мен практикасын жасап, оны іске асыруда Қазақстан Президентi шешушi рөл атқарды.

Рухани келiсiмдi басқа барлық келiсiм формаларының бастау негiзi ретiнде қарастыруға болады. Өйткенi, ол адамаралық байланыстардың iшкi дүниетанымдық-дүниеге қатыстылық өзегi болып табылады.

Әлбетте, осы заманғы Қазақстанда зайырлық-дiни сала мен конфессия-аралық өзара қатынаста барлық мәселе ойдағыдай да мiнсiз деп айтуға болмас. Республиканың iшiнде, сондай-ақ одан тыс жерлерден бiзге қатер төндiретiн «жалған дiндердiң» төбе көрсетуi бiзден қырағы болу қажеттiгiн талап етедi. Иә, Қазақстанда дiни бiрлестiктер қандай да бiр ерек­ше немесе баршаға ортақ саяси күш функциясын алып отырған жоқ, бiзде «әскери-дiни» ұйым секiлдi қатерлi конгломерат жоқ. Алайда, мұндай күштер мен ұйымдар бiзден тiптен де алыс емес өңiрлерде құрылып, әрекет етiп отыр. Демек, олар Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне нақты қатер төндiрiп, бiздiң республика халқының арасына және одан тыс жерлерде белгiлi бiр дәрежеде шиеленiс пен егес тудыруы мүмкiн. Бұл тұрғыда елемеушiлiкке салынуға болмайды. Сол себептi де әлеуметтiк-саяси өзгерiстер жағдайында конфессияаралық және өркениетаралық өзара ықпалдастық пен үн қатысудың түрлері мен әдiстерiн зерттеу айрықша маңызды.

Өткен ғасырлар, әсiресе, өткен жи­ырмасыншы ғасыр жай түсiнудi ғана емес, сонымен бiрге қазіргі жаһандану жағдайында адамдардың, олардың дүниетанымдары мен мәдениеттерiнiң өзара түсiнiстiк табуын талап еткенi белгiлi. Жаһандану кезеңiнде өркениеттер мен мәдениеттер үн қатысуының процесi күрделi де нақты өмiрлiк тақырыпқа ғана емес, өзектi мәселеге айналып отыр, ол өзара байланысты да қақтығыстағы дүние жағдайында бүгiнгi өмiрдiң барлық са­ласын қамтыды. Қазiргi таңда болашақ мақсаттар үшiн өркениеттер, этнос-тар, ұлттар, конфессиялар, мемле­кеттер арасындағы үн қатысудың, халық пен билiк, қоғамды дамытудағы модернизм мен дәстүрлер, фило­софия мен ғылым, ғылым мен дiн үн қатысуының, дәстүрлі және дәстүрлі емес дiни нанымдар, конфессияаралық және конфессия iшiндегi үн қатысудың, ұстаз бен шәкiртке, педа­гог пен тәрбиеленушiге қатысты үн қатысушылықтың шарттары мен ұстындарын орнықтыру қажеттiгi туралы белгiлi бiр алаңдаушылықпен айтатын болдық. Мұның өзi үн қатысу мен өзара түсiнiстiктi және келiсiмдi талдап жасаудың жанды проблемасының кейбiр қырлары ғана. Әлбетте, олар әрдайым болған, алайда ХХI ғасырда бұл мәселе қай кездегiге қарағанда да өткiр қойылып отыр. ХХI ғасырдың басындағы тапшылық – бұл өзара түсiнiстiктiң, руханияттың, iзгiлiктiң, төзiмдiлiктiң тапшылығы.

Тұтастай алғанда мәдени-философиялық және саясаттанушылық тұрғыда егемен елдің жаңа интегралдық дүниетанымын қалыптастыру мәселесі Батыс пен Шығыстың, бай Солтүстiк пен кедей Оңтүстiктiң арасындағы сындарлы үн қатысу мен өзара өркениеттi қатынастарды жолға қою қажеттiгi ретiнде бой көрсетедi. Сондықтан да шығыстық және батыстық өркениеттер арасындағы тең құқылы берiк үн қатысудың, олардың өзара ықпалдасуы мен өзара молығуының жарасымды тұрпатын ескерер болсақ, тәуелсiздiк жыл­дарында қалыптасып келе жатқан жаңа өзара түсiнiстiк философиясы – бұл шын мәнiнде болашақтың, XXI ғасырдың философиясы деуге болады, қазіргі көпэтностық қоғамның рухани келісімінің негізі болып табылады.

Шығыс пен Батыстың үн қатысуы мен интеграциялану процесiне, түрлі өркениеттер, мәдениеттер, халықтар, конфессиялар, дүниетанымдар арасындағы сындарлы үн қатысуды жолға қоюға мәдениеттiң барлық саласы: саясат, ғылым, дiн және басқалары белсене қатысып, сонымен бiрге өздерi де үн қатысудың осынау процесiмен қамтылады. Егер де осы­нау үн қатысуға байланысты қандай да бiр маңызды мәселе ұмыт қалатын болса, өзара түсiнiстiк туралы әңгiме қозғау мүмкiн емес.

Мәдениеттердiң сындарлы үн қатысуы туралы, өзара түсiнiстiкке, келiсiм мен бiрлiкке қол жеткiзу қажеттiгi туралы айтқанда, бiз нақты үн қатысуды, яғни оның барысын­да тараптар бiр-бiрiн еститiн, ең болмағанда бiр-бiрiн естуге ты­рысатын үн қатысуды айтамыз, сондай-ақ түсiну дегендi белгiлi бiр мәдениеттiң материалын теориялық тұрғыда игерудi ғана емес, сонымен бiрге шын жүрекпен мойындауды айтамыз. Бiз үшiн келiсiм бiр-бiрiне «төзудi» белгiлейтiн мәжбүрлеу шар­ты емес, мақсаттар мен мiндеттердiң ортақтығын шынайы түсiну мен қабылдау.

Сөйтіп, ендігі жерде ғаламдық мәселелер Астана арқылы шешілмек. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап әлем талай жүйелі де күрделі өзгерістерге ұшырады және одан да ауқымды дағдарыстар мен қауіп-қатерлерге ұшырайды. Шешуі қиын түйіндер, даулы аймақтар, ғаламдық маңызы бар жаңа кешенді мәселелер пайда болды. Осындай өзекті мәселелерді шешу жолда­рын анықтау, әлемдік қаржылық дағдарыстан шығудың тиімді бағыт-бағдарын қарастыру бүгінгі күннің өзекті талабы болып отыр. Оның үстіне әлем сарапшыларының пікірлеріне қарағанда, қазіргі әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс үш толқыннан тұратын көрінеді. 2008-2010 жылдардағы алғашқысынан біздер сүрінбей жақсы өттік. Екіншісі алдымыздағы 2012-2013 жылдарда екені белгілі. Ал үшіншісі 2017-2020 жылдарда деген болжам бар. Мұндай ұзаққа созылған дағдарыс қолымыздағы бар рухани-интеллектуалдық және материалдық ресурстарды, адам капиталы мен табиғи байлықтарды тиімді пайдала­нуды, жақсы дайындықты қажет етеді.

2010 жылғы желтоқсанның басын­да Астанада Қазақстан төрағалық етуімен өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті, сондай-ақ 2011 жылы Ислам Конфе­ренциясы ұйымына Қазақстанның төрағалығын атап өткен жөн. Өзге де көптеген игі бастамаларды тілге тиек етуге болады. Астанада бас қосатын мемлекет басшылары ғаламдық мәселелерді, сондай-ақ дау­лы түйіндерді дөңгелек үстел басында сұхбаттасу арқылы шешіп жатса, бұл еліміз үшін үлкен абырой болмақ.

Парасат-пайымы мен ерік-жігері дәуір бейнесін айқындайтын айырықша адамдар, тұлғалар бола­ды. Осы заманғы ең танымал саяси көшбасылардың бірі, әлемдік аре­нада жас республиканың егемендігі мен қадір-қасиетін орнықтыра біліп, елін жаңа, соны жолмен алға қарай батыл да үздіксіз бастап келе жатқан, болжампаздық пен саяси көрегендік танытып, өз халқының тағдыры, бұл ғана емес, әлем тағдыры үшін тарихи жауапкершіліктің бар салмағын иығына артқан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – сондай тұлға.

Оның өмірбаянын халқы мен елінің өмірбаяны мен тарихынан, елорда та­рихынан тыс қарастыруға болмайды. Ол өз бойына халқымыздың талай ұрпағы, замандастары армандаған құндылықтардың барлығын жинақтап, соларды жүзеге асыра білді. Ол өз халқының өмірін түлетіп, олардың алдынан бұрын-соңды болмаған көкжиек ашып берген ұлы тарихи өзгерістердің куәгері болудан гөрі, соларға белсенді араласушы және оларды іске асырушы тұлға болып табылады.

Қазақстанның тұңғыш Президенті өмірбаянының негізгі кезеңдерін, демек соңғы ондаған жылдағы ел тарихының негізгі кезеңдерін са­намалап шығудың өзі тұтас томды құрайтын еді. Өйткені, қайшылықтар мен қауырт істерге толы осынау та­рихи кезеңде бұрынғы Одақтың өзге республикалары секілді Қазақстан да қатал таңдау қажеттілігінің, бұрынғы барлық әлеуметтік-экономикалық, саяси және идеологиялық нор­малар мен құндылықтарды қайта қараудың, күні өткен экономикалық және мемлекеттік жүйені күйрету алдына қойылды. Тұтас халықтарды тұңғиығына міне-міне тартып кететіндей алып иірім айналсоқтап тұрып алды. Ескі дүние күйреп, қақтығыстардың, қантөгістердің, ұлттық егестің, өз ұлдарынан айырылған аналардың қасіреті мен көз жасының кезеңі басталды. Адам өміріне өлшем еткен барлық құндылықтар – достық, әділеттілік, адамның қадір-қасиеті, еркіндік, бақыт, рухани қуат дегендер мәңгіге жоғалғандай болды. Алайда, осы­нау қара түнек сейіліп жаңа үміт пен қуаныштың сәулесі себезгіледі. Тәуелсіздік, жоғалта бастаған ұлттық рухымызбен, сол арқылы жалпы адамзаттық құндылықтармен қайта қауышу дәуірі басталды.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті болғаннан кейін биліктің мәні мен табиғаты туралы жиі-жиі ойға кететін болды. Осындай құпиясы мол, көзге көрінетін де көрінбейтін, билік деп аталатын осынау нәрсені қалай білуге болады? Назарбаев биліктің оның өзін қалай өзгерткенін, оның айналасындағы адамдар, дос-тары мен бүкіл халқының көзқарасы мен психологиясы қалай өзгергенін, билікті келеңсіздікпен қабылдаудың қалай туындайтынын сезінеді де түсінеді. Биліктің терең мәні туралы толғана келіп, Нұрсұлтан Назарбаев өз халқының рухани құндылықтары мен дәстүрлеріне ден қояды. Ал, мұнда ата-бабалар тәжірибесін сақтап, ұрпақтарға жеткізетін даналардың, ақсақалдардың беделі мен билігі жоғары бағаланған. Билік күш көрсетумен теңестірілмеуі тиіс, ол өзгелердің арасында өзінің пара­сат-пайымымен және мінезімен күшті болып дараланатын адамның артықшылығы мен беделін түсінуге негізделуі керек.

Елбасы елорданың бас архитекторы, ал көркем елорда бүкіл қазақстандықтардың мақтанышы.

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, академик

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + six =