Астана театрларының аңдатпасы

0 241

Күз келсе, өнер сүйер қауым театр жаққа елеңдей бастайды. Дәстүр бойынша осы кезде өнер ордалары жаңа маусымдарын ашады.  Биыл да елордалық сахнагерлер көрерменге көптеген рухани тарту әзірлеп отыр.

«Атилла» – әлемдік премьера

Биыл еліміздің мәдени өміріндегі ірі оқиғаның бірі – «Астана Опера» театрының ашылуы болғаны белгілі. Орталық Азия көлеміндегі баламасы жоқ осы үлкен опера және балет театры 21 қазан күні Джузеппе Вердидің «Атилла» операсымен әлемдік тұсаукесерін жасағалы отыр. Қойылымның бас режиссері – Санкт-Петербургтегі атақты Мария театрының жетекшісі Валерий Гергиев, қоюшы-суретшісі италиялық сценограф, костюм суретшісі, Париждегі «Опера Бастилия» және «Опера Гарньеде» талай мәрте табысты премьера қойған Пьер Луиджи Пицци.

Атилланың партиясын «Метрополитен операда» ән шырқаған башқұрттың бас солисі Ильдар Абдыразақов орындамақ.

Дж. Вердидің әйгілі операсы алғаш рет 1846 жылдың 17 наурызында Ла Фениче театрында (Венеция) тұсауы кесілген екен. Көрерменнің көңілінен шыққан жауһар туындыны кейін дүниежүзінің әйгілі театрлары іліп әкетіп, өз сахналарына алып шыққан. «Атилла» әлі күнге дейін Арено ди Верона, Гранд Опера, Метрополитен Опера, Ла Скала театрлары репертуарында сақталған.

Не десек те, бұл опера көрерменге ерекше тарту болғалы тұр. Айтпақшы, әлемдік премьера шеңберінде «Attila» (1846 ж.) операсы алғашқы сахналанғаннан бергі экспонаттарының көрмесі өтеді деп жоспарлануда. Бұл тамаша сыйды La Fenice (Венеция) театры ұсынады.

«Абай» трагедиясымен ашылады

Қаллеки атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры XXIII маусымын 2 қазан күні М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашады.
Биыл біртуар тұлға, қазақ театры өнерінің негізін қалаушы Қалибек Қуанышбаевтың туғанына – 120 жыл. Осынау мерейтой құрметіне маусымашар күні сағат 16.30-да «Абыз актер, Қаллеки» атты дөңгелек үстел өтетінін де естеріңізге сала кетейік.

Ал «Абай» трагедиясына оралсақ, бұл қойылымның елордалық театр сахнасында 2009 жылы тұсауы кесілген. Жалпы бұл туынды еліміз бойынша алғаш рет 1940 жылы сахналанған. Ол кезде Абайды «бір өзі – бір театр» атанған тума талант Қалибек Қуанышбаевтың өзі сомдаған екен. Ал Астана театрындағы «Абайдың» режиссері – Әлімбек Оразбеков. Сахнаға екі Абай шығады, бірі – дана Абай, екіншісі – жас Абай. Дана Абай рөлінде ҚР халық артисі Тілектес Мейрамов ойнаса, жас Абай образын талантты актер Нұркен Өтеуілов сомдайды.

Қанша заман өтсе де өзектілігін жоймайтын М.Әуезов драматургиясы көрермен үшін де көкейкестілігін жоғалтпағаны анық.

Болмысы бөлек «Ромео мен Джульетта»

Астанадағы М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры 113-ші маусымын 18 қазан күні У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» спектаклімен ашатын болады. Бұл – қойылымның осы театр сахнасындағы тұсаукесері де.

Қос ғашықтың хикаясын баяндайтын шығарманың режиссері – Бішкектегі Ш.Айтматов атындағы Мемлекеттік ұлттық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Асанбеков. Ал қоюшы-суретшісі – Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Юлдаш Нұрматов. Шекспирдің атақты трагедиясын қырғызстандық режиссер қалай сахналайды екен? Нұрлан Асанбековтің өзі спектакль қай жағынан да ешкімге ұқсамайтын тың туынды болатынына уәде беріп отыр. Қойылымдағы трюктерді орындайтын бір актердің өзі көрерменге тосын сый болғалы тұр. Ол – әйгілі каскадер Нұрбек Болотов. Оның есімі жұртшылыққа «Көшпенділер», «Монғол», «Күндізгі шолғыншы». «Рэкетир» сынды фильмдермен жақсы таныс.

Өнер сүйер қауым «Ромео мен Джульетта» трагедиясын маусымашар күннен басқа, 19 және 20 қазан күндері тамашалай алады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − eight =