«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана тәжірибесі аймақтарға таралады

0 265

Кеше елордада «Астана – даму мен инновацияның 20 жылы» атты форум өтті. «Нұр Отан» партиясы бастамашы болған шарада сапалы білімнің, инвестиция мен жаңа креативті идеялардың орталығы ретінде қол жеткізген жетістіктер сараланып, бас қаланың даму перспективасына назар аударылды.

ЕЛОРАДА – ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫҢ БАСТАУЫ

Ең алдымен сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед бас шаһардың 20 жылда жеткен жетістіктерін атап өтті. Оның пікірінше, елорда тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашты.
«Биыл – Астананың 20 жылдық мерейтойы. Елорда – еліміздің ресми астанасы ғана емес, Қазақстанның символы. Қазір теледидар немесе интернеттен «Астананың уақыты бойынша», «Астананың ұстанымы», «Астананың ұсынысы» деген мәлімдемелерді көріп, естіп жүрміз. Яғни бұл барша Қазақстанның ұстанымын білдіретін ұғым ретінде қабылданды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары ұлттық идея туралы көп әңгіме қозғалды. Шынтуайтында, біздің тә­уелсіздік жылдарындағы ұлттық идеямыз жиырма жыл бойы Астана болып келді» дей келе, Мұхтар Құл-Мұхаммед бүгінде елордамызды барлық жаңалықтардың, жаңғырулар мен жаңарулардың, инновацияның басты қаласы екенін алға тартты. Сондықтан елорданың 20 жылдығы еліміз үшін индустрияның, инновацияның, жоғары технологияның дамуына арналған жылы болуы керек. Нақты айтқанда, Қазақстанның барлық өңірлері елордаға қарап бой түзеуі тиіс.
Иә, қысқаша айтсақ, Астана жаһандық саяси үдерістер мен бітімгершілік бастамалардың қатысушысына айналды. Конфессияаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын бесігі деп танылды. Бүкіл әлемді бейбітшілікке шақырған халықаралық форумдардың ұйытқысы болды. Күні кеше дүркіреп өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі елорданың инновациялық әлеуетін айқындады.

«АҚЫЛДЫ ҚАЛАНЫҢ» АДЫМДАРЫ

Еліміздің алдында тұрған ендігі меже қандай? Астананы одан әрі дамыту жобасы қалай жүзеге асады? Бұл туралы бас қаланың әкімі Әсет Исекешев айтып берді. Оның айтуынша, жиырма жыл ішінде экономика мен саясаттың, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің маңызды орталығына айналған қалада жаһандық экономикалық мәселелер көтеріліп, үлкен жобалар жүзеге асуда. Атап айтсақ, машина жасау, құрылыс, инновация, қызмет көрсету, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдар. Аталмыш жобалардың арқасында он мыңдаған жұмыс орны ашылған. Ендігі міндет – елорданы әлемдегі ең «ақылды қалалардың» біріне айналдыру. «Смарт сити» стандартын қалыптастырып, еліміздің басқа қалаларына озық тәжірибені тарату.
«Соңғы 20 жылда Астананың жалпы өңірлік өнімі 190 есеге өсті. Мемлекеттік бюджет түсімі 80 есеге артты. Яғни 1997 жылдағы 13 млрд теңгеден 2017 жылдағы трлн теңгеге жетті. Жиырма жылда тұрғын үй құрылысына 1 трлн 600 млрд теңге қаржы салынды. 180 мыңға жуық пәтерді қамтитын 1265 тұрғын үй пайдалануға берілді. Соңғы бес жыл ішінде 9 млн шаршы метрден астам баспана тапсырылды. Сонымен қатар, 5 жылдың ішінде 300 мың адамға арналған қала салынды. Бұл Астанада орташа облыс орталығы пайда болғанын білдіреді. Дегенмен алдағы уақытта да атқарылатын жұмыстар легі көп» деді Әсет Өрентайұлы.

20 ЖЫЛДЫҚҚА – 20 ЖОБА

Белгілі болғандай, осы уақыт аралығында Астанада 1172 өндірістік, әлеуметтік-мәдени әрі қоғамдық маңызы бар нысандар бой көтерген. Негізгі капиталға инвестициялардың жылдық көлемі 1997 жылдан бері 44 есеге өсіп, 20 жылда жалпы 8 трлн теңгені немесе 47 млрд долларды құраған. Бұл үдеріс 2017 жылы да жалғасын тапты. Әлем елдері көз тіккен «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізудің арқасында оң экономикалық көрсеткіштер байқалды. Әкімнің айтуынша, өткен жылы елорданың экономикасына 945 млрд теңге инвестиция тартылған, оның ішінде 70 пайызы – жеке инвестициялар. Ал кәсіпкерлік саласы туралы айтсақ, өткен жылы кәсіпкерлікті қолдаудың аймақтық бағдарламаларын жүзеге асыру үшін 1,7 млрд теңге бөлінген. Осы ретте «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед биыл Астана қаласының 20 жылдығына арнап 20 талантты жастар ұйымына 20 стартап жобаны жүзеге асыруға қолдау болатынын мәлімдеді.
«Жастарға арналған жобаның әрқайсысы 10 мың долларды құрайды. Ол бір бизнес инкубатордың айналасына топтасады. Әрине, бұл аз да, көп те қаржы емес. Кейбіреулер 100 мың теңгемен де бизнес бастап жатады. Алдағы уақытта таңдалған жобаларды жоғары деңгейге жеткізгіміз келеді. Осыған байланысты Астана қалалық филиалы таңдаулы жобаларды түрлі тексерістен қорғайтын болады. Міне, бұл елорданың 20 жылдық мерей­тойы қарсаңында жастар үшін нағыз бастама болмақ» дейді ол. Жалпы, елордада да инновациялық экоортаны қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өйткені бас қалада дарынды жастар, ғалымдар мен студенттер өте көп әрі инновацияларды дамытып, енгізудің жоғары әлеуеті бар. Мәселен, өткен жылы ғана қала әкімдігі мен Astana Innovations Challenge инновациялық бәйге өткізді. Қала мәселелерін шешуді іздестіруге мақсатталған шара аясында әкімдік біраз жобаларды қалаға енгізу үшін қарастыруда. Сонымен қатар, алдағы уақытта елорданың көлік қызметі, қала тазалығы, көшелерді жарықтандыру, қаланы көгалдандыру, мекемелерді басқару, ресурстарды үнемдеу және тағы басқа салаларға «ақылды» жобаларды енгізу жалғасын табады.

 ИНВЕСТОРЛАРҒА ҚОЛДАУ КӨП

Ал жүзеге асып жатқан «Smart Astana» жобасы қала халқының қажеттіліктерін өтеуге бағытталған. Мәселен, жекеменшік инвестициялар есебінен Е-ПИК жобасы іске асырылуда. Ол ПИК жұмысын автоматтандырып, әрі қала тұрғындарының кооперативтермен қарым-қатынасын жеңілдетеді. «Ал ІТ және қауіпсіздік саласында «Сергек» бейнебақылау жүйесі іске қосылды. Жобаны Назарбаев университетінің ғалымдары, әкімдік пен жергілікті ІТ-компания бірлесіп жүзеге асыруда» дейді Назарбаев университетінің инновация жөніндегі вице-президенті Қанат Байғарин.
Жиынға қатысқан Астана қаласы Инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров, «Астана көркем» ЖШС консорциумының басшысы Қайрат Ахметов, «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев және «Астана Конвеншн Бюро» АҚ директоры Санияр Әйтекенов бастаған спикерлер Smart City жүйесін кешенді енгізу және инновациялық бастамаларға қолдау білдіру жөнінде өз ойларын ортаға салды. Өйткені «ақылды қалалар» жобасы өңірлердің дамуына, инновацияның кеңінен таралуына, еліміздің әр түкпіріндегі халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталады.
«Елорданың «ақылды қала» ретінде салынуы өмір сапасының жоғары стандарттарына сай шаһар болып қалыптасуына зор мүмкіндік береді. Бүгінде еліміздің инвестициялық ахуалы ірі мегаполистердің құрылуына жол ашуда. Өйткені инвесторларға барлық жағдай жасалған, жұмыс істеуге қолайлы. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы алдағы уақытта Астананың цифрлық технология мен инновацияны енгізудегі тәжірибесін Қазақстанның барлық қаласында жүзеге асыруға қолдау көрсететін болады» деп түйіндеді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Форум соңында қатысушылар Астананың дамуына оң әсерін тигізетін ұсыныстарын ортаға салды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды