«АСТАНА СУ АРНАСЫ»: ҮДЕМЕЛІ ҮДЕРІС

0 90

Елордалықтарды сусыз қалдырмас үшін күндіз-түні еңбек ететін мекеме – «Астана су арнасы» МКК. Әсіресе, бұл кәсіпорынның апаттық-диспетчерлік қызметінде тыным жоқ. Тәулік бойы мұнда қызу жұмыс. Жұмысшылар күннің ыстық-суығына қарамай еңбек етіп, жарылған су құбырларын, кәріздік желілерді жөндеп, әбігер болып жүргені. Бірақ, олардың есіл еңбегі бағалана бермейтіні өкінішті. Осы сала мамандарының жұмысы қаншалықты ауыр әрі жанкешті екендігіне өзіміз көз жеткізіп қайттық. 

Алғашқы хабарлама – операторларда

«Астана су арнасы» МКК мекемесінде бізді апаттық-диспетчерлік қызметінің шебері Бейбіт Тайбасаров деген жас жігіт қарсы алды. Бастығы демалыс-та болғандықтан, оның орнына уақытша апаттық-диспетчерлік қызметті басқарып жүр екен. Өзі Омбыдағы Аграрлық университетті бітірген. Мамандығы – сумен жабдықтау жөніндегі инженер. Ресейден 2007 жылы көшіп келіпті. 2009 жылдан бері осы «Астана су арнасында» жұмыс істейді.

Бейбіт бізді бірден диспетчерлер мен операторлар отырған бөлімге бастады.

Тұрғындардың телефон қоңырау­лары дәл осы бөлімге келіп түседі.

Жалпы апаттық-диспетчерлік қызметте 52 адам жұмыс істейді. Оның ішінде шеберлер, слесарлар, операторлар мен диспетчерлер бар.
Диспетчерлік бөлімге кіреберісте көзге бірден түсетіні – қаланың картасы. Онымен қатарласа тағы бір сызбалар тұр. Бейбіттің айтуынша, бұл –геомедиялық карта, яғни, елорданың барлық ком­муникациялық жүйелері, инже­нер­лік желілерінің сызбалық нұсқасы.

– Бізде қала бойынша су құбыр­ларын жөндейтін 10 бригада бар. Қазір солардың 8-і бүлінген құ­бырларды жөндеуге аттанды. Олардың қалай жұмыс істеп жат­қанын біз арнайы бейнебақылау ар­қылы қадағалаймыз. Тіпті, тех­­никалардың қанша шақырым жүр­генін, қайда аялдағанын, неге тоқ­тағанын бәрін біліп отырамыз. Сондықтан да, жұмыс­шы­ларымызды ешқайда бұрылмай, іркі­ліс­сіз жұмыс істейді деуге толық негізіміз бар, – дейді Бейбіт Тайбасаров.

Жұртшылықтан келіп түсетін хабарламаны тіркеп, тиісті мамандарға хабар беретін операторлар да ауысым бойынша жұмыс істейді. Біз барғанда кезекшілікте Әлия Шәріпова мен Бақыт Құрманғалиева деген екі оператор мен бір диспетчер – Наталья Денисова отыр екен.

Олардың алдарындағы телефондарда дамыл жоқ. Бірін қойса, екіншісі шырылдайды. Операторлардың қолы сәл қалт еткенін біз де пайдаланып үлгеруге тырысып-ақ жатырмыз. Бірақ аузымызды ашқанша, телефон құрғыр шыр ете түседі. Әйтеуір, әрең дегенде екі оператормен бір-екі ауыз сөз тілдесіп қалдық:

– Жұмыстарыңыз тым мазасыз секілді?
– Әрине, бірақ тұрғындар бізден де мазасыз.
– Неге?
– Бір құбыр жарылса, оны жөндеу үшін қанша адам жұмылатынын олардың көпшілігі біле бермейді. Қайта-қайта телефон соғып, тыным таппайды. Жазықсыздан-жазықсыз сөз еститін жағдайлар жиі кездеседі. Сабырға шақырғаныңа қарамай, өзіңе дүрсе қоя беретіндер көп.
– Қысқасы, бұл жерде жұмыс істейтіндердің жүйкесі темірдей болу керек десеңіздерші..
– Оныңыз рас. Мұнда жай адамдар оператор бола алмайды. Психолог немесе педагог болуың керек.
– «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, ымыраға келіп, тынымсыз еңбектеріңізге алғыс білдіретіндер де бар шығар?
– Бар ғой, бірақ өте сирек, – дейді қыздар.

Бұл екі оператор су құбырларына жауап береді. Ал кәріздік желілерде болған апатты тіркеп алатын қызметкерлер бұлардан бөлек. Мұнда бір оператор мен бір диспетчер қызмет етеді.

Бір құбырдың жұмысы – көп адамның еңбегі

Операторлар мен бригадалармен жұмыс істейтін диспетчерлердің еңбегімен танысқаннан кейін Бейбіт Мархатұлымен ілесіп алдық та, кезекті жұмыс «сапарында» жүрген №3 жөндеу-құрылыс бригадасының соңынан аттандық. Бағытымыз – Шұбар ауданындағы Х.Досмұхамедұлы көшесінің 72-үйі.

Сейсенбі күні түнде сағат 23.00 шамасында осы маңайдағы тұрғындардан «жер астынан су атқылап жатыр» деген ақпарат келіп түскен. Хабарлама «Астана су арнасының» Cаll-орталығына тіркелгеннен кейін жарты сағаттың ішінде арнайы топ осында келіп жетеді. Мамандар апаттың себеп-салдарын, мән-жайын анықтап алғаннан кейін жөндеу-құрылыс бригадасын көмекке шақырады.

– Бір су құбыры жарылса, оны қал­пына келтіруге көптеген адам­ның еңбек күші кетеді, – дейді Бей­біт Тайбасарова. – Мысалы, кейбір жарылған су құбырларын жөн­деуге өзіміздің күшіміз-ақ жетіп жатады. Ал ірі апаттарға қазба-құрылыс жұ­мыстарын жүргізетін бригада­ның күшін тартамыз.

Біздің кез болғанымыз осы жөн­деу-құрылыс бригаданың жұмысы екен. Асылхан Құсайынов бастаған топ жұмысқа білек сыбана кірісіп кетіпті. Көкейдегі сауалымызды бригаданың шебері Қуаныш Сұлтанбековке тастадық.

– Жұмыстарыңызды қашан бастадыңыздар?
– Таңертеңгі сағат 9-дардан.
– Түсінбедім. Хабарлама кеше түнде сағат 11-лер шамасында түскен деп естідік қой. Ал сіздер…
– «Жұмыстарыңызды енді ғана бастап жатырсыздар» дегіңіз келіп тұр ғой. Жұртшылық та солай ойлайды. Шынтуайтында, біз бірден жұмысты бастап кете алмаймыз. Оның өзіндік себептері көп. Айталық, жер астында небір же­лілер бар. Қазба жұмыстары ке­зінде олардың біріне де күректің ұшы тимеуі керек. Сондықтан «Қалалық электр желілері», «Қа­зақ­телеком» мамандарымен ақылдасып, олар­дың келісімін алуы-мыз керек. Өйт­кені, жер астында бұл мекемелердің желілері болуы әбден мүмкін. Олар да карталарын қолдарына ұстап жетеді. Керек кезде, Жол полициясы өкілдерін де шақырамыз. Міне, өзара ке­лісім жасалып, қандай желілер қалай жатқаны анықталғаннан кейін ғана біз жұмысқа кірісеміз. Кейде тұрғындардың өздері де жұ­мысымызға кедергі болып жатады.
– Қалайша?
– Әне бір үйдің тұсындағы үйіндіні көрдіңіз бе?
– Иә?
– Біз соның да иесін шақырттық. Бұл жай ғана қоқыс болуы да мүмкін. Бірақ біз оны қожайынның келісімінсіз күреп тастасақ, ертеңгі күні: «ойбай, «Астана су арнасы» келіп, менің пәленбай мың тұратын құнды дүниемді күреп тастады» деп шу шығаруы мүмкін. Сондықтан, міндетті түрде келісім болуы керек. Міне, енді осы үйдің иесін күтіп тұрмыз. Оған дейін бер жақтағы қарды күреп, жерді аршып жатырмыз.
…Ауыр жұмыс осы бригаданікі ме деп қалдық. Бір жұмыстың өзінде жүк артатын, жүк тиейтін, сорғыш машиналары, экскаватор, бульдозер, КаМаз сынды бас-аяғы 6 техника жұмылдырылған. Көліктің ішіндегілер де, сыртындағылар да тынымсыз еңбек үстінде. Слесарлар тіптен толарсақтан су кешіп жүр. Қарды аршып алғаннан кейін, жер қазылады. Содан кейін тереңдігі алдын ала анықталып, сызбаға түсірілген су құбыры жөнделеді. Әрине, бұл жазуға немесе айтуға жеңіл. Әйтпесе, аязды күні қайыстай қатып қалған жерді қазып, құбыр жөндеу қайдан оңай болсын?!

….Ықылас Дүкенұлы көшесінде жұмыс істеп жатқан бригада жерді аралау үстінде екен. Бригадирі – Шариполла Есмағанбетов.
– Қазір жер тым қатты. Экска­ватордың қазуға қауқары жетпейді. Сондықтан, жарылған су құбыры айналасын алдымен арнайы техникамен аралап аламыз. Содан кейін барып қазамыз, – дейді ол.
– Бұл жұмыс қанша уақытты алуы мүмкін?
– Әртүрлі. Кейде техникалық себептерге байланысты біраз уақытқа созылып кетеді. Кейде құбырларды өткізу қиынға түсіп жатады. Бірақ, біз жұмысты бітірмей ешқайда кетпейміз.

***
Сусыз бір күн отырсақ, лезде-ақ берекеміз кетіп қалатыны шын. Ал тұрғындарды судан үздіктірмеу үшін жанталасқан мамандардың еңбегін де бір уақыт еске алып, бағалағанымыз жөн-ау. Олардың жалақысы да мардымды емес. Бірақ, өздері шыдамды. Суға үнемшіл. Бір құдықтан су төгіліп жатыр десе, дереу жетіп барады. Өйткені, ауызсу мәселесі қайда да, қашан да өзекті. Әсіресе, күннен күнге кеңейе түскен Астана үшін су маңызды мәселе болуға тиіс. Елордалықтар суды бей-берекетсіз төгіп, босқа ысырап етпеуге үйренсе дейді мамандар.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 13 =