©2020 Астана Ақшамы
«ASTANA STEM CHALLENGE» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
«WikiBilim» қоғамдық қоры, «BilimMediaGroup» және «Beeline» компаниялары халықаралық «Carolina Biological Supply» білім беру ұйымымен бірігіп оқушылар арасында елімізде тұңғыш рет өткен «Astana Stem Challenge» ғылыми конкурсының қорытындысын жариялады.
Stem – дүниежүзіндегі білім беру саласына жақсы таныс қысқарған сөз (аббревиатура), ол Ғылым, Технология, Инженерия және Математика (Since, Technology, Engineering and Mathematics) дегенді білдіреді.
«Stem Challenge» мұғалімдерге оқушылардың назарын жаратылыстану пәндеріне аударуға және күрделі ғылыми тұжырымдарды тәжірибе жүзінде еркін игеруіне көмектесетін, әлемге кең таралған мектепаралық ғылыми жарыстардың бірі болып саналады.
Қазақстанда тұңғыш ұйымдастырылған «Stem Challenge» байқауына Астана қаласындағы жетекші мектептердің командалары қатысты. 30 топтан жасақталған жас дарындар жел турбинасы, күн сәулесінен қуат алатын автокөліктер үлгілерін жасау, сондай-ақ электр және магнетизммен, қуатты сақтау заңдарымен байланысты тәжірибелермен жұмыс жасап, қысқа бейне-роликтер әзірлеп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Зияткерлік салаға зейінді оқушылардың ғылыми бәйгесінде топ жарған, үшінші және екінші орынды «Мирас» халықаралық мектебінің кішкентайлар тобы мен халықаралық «НұрОрда» мектебінің оқушылары иеленсе, екінші орын «Зерде» дарынды балалар мектебінің үлкендер тобына бұйырды. Бірінші орынды екі топта да халықаралық «Нұр Орда» мектебінің озат оқушылары иеленді.
Инновацияны игеруге ұмтылған болашағынан зор үміт күттіретін оқушыларды «Carolina Biological Supply Company» өкілі Пол Брикер мен Қазақстандағы АҚШ елшілігінің жетекші атқарушысы Майкл Клечески құттықтап, ұстаздар және ата-аналар қауымына алғыстарын жеткізді. Келесі жылы байқауды республика көлемінде өткізетіндіктерін хабарлады. «Beeline Қазақстан» бірлескен коммуникациялар жүйесінің директоры Алексей Бендзь оқушыларға «Apple» және «Samsung» компанияларының бағалы сыйлықтарын табыс етті.
Нұргүл АХАНҚЫЗЫ