Astana Solar адымдары

0 91

Күн қуатын игерген өндірістің халі қалай?

Елбасы «Қазақстан-2050: Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Бесінші сын-қатер – жаһандық энергетикалық қауіпсіздік. Барлық дамыған елдер баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтуда» деп атап өткен. Ендеше, осы бағыттағы алғашқы әркіл-сәркіл қадамдарымыз қалай? Былтыр, 25 желтоқсанда ашылған Astana Solar фотоэлектрлік модульдер зауытын бетке алғандағы мақсатымыз осы еді…

Бізді директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Жарқын Жанғазиев бірден цехқа бастап жүрді. Шетелдік құрал-жабдықтың «құлағында ойнаған» қазақтың қыз-жігіттері француз әріптестерімен бірге араласып-құраласып, жұмыстың көрігін қыздырып жатыр.

– Көріп тұрсыздар ғой, жұмыс қызу деп бастады әңгімесін Жарқын Айдарұлы, – Әзірге француз мамандарының жетекшілігімен жүргізілген өндірісті қосу-жолға салу жұмыстары аяқталып қалды. Қазір 28 адам бір ауысыммен жасайды. Екінші, үшінші ауысымдарға мамандар алып жатырмыз. Биыл 50 мегаватт фотоэлектрлік модуль шығаруымыз керек. Ал келесі жылы толық өндіріске көшеміз. Зауыт жылына 100 мегаваттық өндірістік қуатқа есептеліп салынған.

Біз келген «Astana Solar» зауыты – «Қазатомпром» Ұлттық компаниясының баламалы қуат көздерін дамыту жөніндегі толықтай тізбектік өндірісті қамтитын KazPV атты ірі жобасының соңғы технологиялық звеносы.  Елбасының 2010 жылғы Францияға сапары барысында қол қойылған келіссөздердің іске асырылып жатқанын айғақтайтын KazPV жобасының алғашқы өндірісі – Талдықорғанда орналасқан «KazSilicon» металлургиялық комбинаты. Ол жақта Сарыкөл кен орнынан өзекті кварц қазып алынып, жоғары сұрыпты металлургиялық кремний өндіріледі.

Өздеріңіз білесіз, кремнийі бар ел – бай ел. Өйткені, бүкіл электроникада қолданылатын нөмірі бірінші жартылай өткізгіш материал осы. «KazSilicon» металлургиялық комбинатының өнімі Еуропадағы зертханаларда зерттеліп, құрамындағы кремнийі салмағына шаққанда 99,99% деген баға беріліпті.  Яғни, ол күн батареяларын шығаруға әбден жарамды. Ал оданда тазарақ, ғылыми дәлдікпен айтсақ, 99%-дан кейін тоғызы үйірімен кете беретін кремнийлер электроникаға да қолданылады.

– Одан кейінгі өндірістің екінші звеносы – Өскеменде орын тебетін «Kazakhstan Solar Silicon» фотоэлектрлік ұяшық қалыптар жасау зауыты. Әзірге біз, отандық кремнийді Еуропаға апарып өңдеп, мынадай ұяшық қалыптар жасатып әкелеміз. Таяу болашақта ол жұмысты «Kazakhstan Solar Silicon» зауыты атқаратын болады. Құрал-жабдығы  әкелініп жатыр, – дейді Жарқын Айдарұлы.

 Cыртқы нарыққа шығу «off-take» келісімшарттан басталады

 Зауыттың іске қосылғанына үш айдың жүзі болды. Күніне 100-ге жуық фотоэлектрлік модульден төпелеп шығарып жатқан қанатқақты өндіріс өнімін әзірге қоймаға жинап жатыр.

– Неге? – дейміз тағы да алып-ұшпа журналистік мінезімізге тартып сауалды көлденең тастай. Жарқын Айдарұлы мән-жайды асықпай түсіндіріп берді:

– Өйткені, бұл екі асығыс, бір қарбаласта жасалатын жұмыс емес, тиянақтылықты қажет етеді. Қазір біздің экономистеріміз түбегейлі нарықтық бағасын шығарып жатыр. Кәсіпорын еркін экономикалық аймақта орналасқандықтан, түрлі қосалқы құнын есептеу керек. Екіншіден, өніміміз тоғыз ай бойы Еуропадан тексерістен өтіп,  кеше ғана сертификациясы қолға тиді. Бұдан кейін біз Astana Solar дейтін брендпен өнімімізді халықаралық нарыққа батыл шығара аламыз.

Бұл тұрғыда зауыт өндіріске кіріспес бұрын «off-take» келісімшартқа (болашақтағы сатылымдарды кепілге қоя отырып, қаржыландырылатын келісімді жоба –ред) қол жеткізгенін айрықша атап өткіміз келеді. Оның екеуі бойынша отандық күн батареялары КАТСО қазақ-француз бірлескен компаниясы арқылы Францияның AREVA компаниялар тобының кәсіпорындарына жеткізілетін болады.

 Ішкі нарық заңға қарап іркіледі.

 Әлбетте, кез келген кәсіпорын  пайданы шалғайдан емес, төңіректен тапқанды қалайды. Бұл – нарық заңы.

Сол тұрғыдан алсақ, Күннен келетін тегін игіліктің көзі болатын жабдыққа өзіміздің елде де қызығушылық байқалып отыр. Өйткені, отандық өнім  қалай да бағасы жағынан бәсекеге қабілетті болады. Тіпті, іргемізде осы саланың сорабын ертерек салған Қытай бар десек те, олардың негізгі өндірістері Тынық мұхит жағалауында орналасқан.

– Қазірдің өзінде Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жергілікті әкімдіктерінен өкілдер келіп кетті. Оның сыртында қызығушылық танытып жатқан жеке компаниялар бар. Астана қаласының мекемелері де қалыс қалып жатқан жоқ. Ұлттық медициналық холдинг пен EXPO-ны ұйымдастырушылар сатып алмақ ниетте. Алайда, тап бұлай бірен-саран емес, жаппай қолданысқа ену үшін алдымен Парламенттің қарауында жатқан «Баламалы қуат көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң жобасы қабылданып, күшіне ену керек. Кез келген елде «жасыл» энергетика технологиясының дамуы мемлекет қамқорлығына алынады. Тіпті, электр қуатының 20%-ын баламалы қуат көздерінен өндіретін Германияда да оған деген назар алабөлек, – дейді Жарқын Айдарұлы.

Заңда баламалы қуат көзін мемлекеттік ынталандырудың тетігі қарастырылған. Ол туралы осыдан бір-екі ай-бұрын Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов мәлім еткен. Орталық энерго жүйеге қосылғандар баламалы қуат көзін пайдаланса, артылған электр қуатын ортақ қолданыстағы желі арқылы сата алады. Оған мемлекет арнайы «жасыл тариф» енгізеді. Әзірге оның мөлшері белгісіз. Ал орталық желіге қосылмаған шалғай елді мекендердегі жеке тұлғалар күніне 5 киловатқа дейін өндіре алатын баламалы қуат көздері құрылғысын орнатса, құнының тең жартысын мемлекет өтейді. Өйткені, шалғай елді мекендерге электр желісін жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

 Өздері үлгі  боп отыр

Осы орайда тұма табиғаттың игілігі – жел мен күннің қуатын қаделеуге «Astana Solar» зауыты өзі бастап үлгі көрсетіп жатқанын айта кеткен жөн. Кәсіпорынның қасбеті мен төбесі түгелдей өздері жасаған күн элементтерімен жабдықталған, ауласында атақты қазақстандық академик Альберт Болотовтың желдің қай бағыттан соққанына қарамастан, қуат өндіретін  виндроторлары (жел роторлы турбинасы – ред)  тұр.

– Егер біз күніне 1000 кВт қуат тұтынсақ, соның 250 киловатын осы құрылғылардан аламыз. Әрі күннің қызуы мен желдің жылдамдығына күнделікті мониторинг жүргізіп отырамыз. Мәселен, кеше гелиоэлектрстанция 1,2мегаватт, ал Болотовтың виндроторлары 70 киловатт қуат берген. Кеше шамасы күн сәулесі  молынан түссе де, қатты жел болмағанға ұқсайды, – деді Жарқын Айдарұлы компьютерінен қолма-қол қарап жеріп.

Айтпақшы, «Қазатомпром» Болотов виндроторларын жаппай өндіріске шығаруды қолға алып жатыр екен. Өйткені, ол құрылғы тек ескек желден  қуат алмайды,  бүйірлерінде күн батареялары бар  әмбебап өнертабыс.

Сонымен қатар, «Astana Solar» зауытында ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық бюроның да іргесі қаланып жатыр. Ал, зауыттың ту сыртында салынып жатқан «Қазатомпромның» спорт кешеніне геотермальдық жылу кешені орнатылмақ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + nine =