Астана шет аймақсыз шаһарға айнала ма?

0 100

kvv_0042-2-asli

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Астана қаласының әкімдігі елорданы дамытудың басым бағыттарын айқындап, осы ретте  «20 нақты бастама» бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Оның бір тармағына Астананы шет аймақсыз қалаға айналдыру мақсаты қойылып отыр. 

Онда қала аумағын 129 секторға бөліп, барлық сектордағы 32 әлеуметтік стандарттың қолжетімдігіне кезең-кезеңімен қол жеткізу мақсаты айқын­далған. Бұл дегеніміз, қаланың қай шеті болмасын, ондағы тұрғындар үшін мектеп, балабақша, саябақ, емхана мен полицияның учаскелік бекетінің, қоғам­дық көлік пен дүкендердің қолжетімділігін жетілдіру арқылы шеткі аймақтарды сауықтыру міндеті қойылған.
Бүгінгі күнде бас қалада шамамен 150 мың адам тұрып жатқан 20 тұрғын үй алабы бар. Бұл аймақтарды толық сумен жабдықтау, электр энергиясын жеткізу, көшелерді жарықтандыру, үйлерді жылумен қамтамасыз ету, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарының нәтижесі осы межеге бір қадам жақындататыны анық. Тұрғындарының қолайлы және ыңғайлы өмір сүруіне жағдай жасаудың маңызды шарты инженерлік инфра­құрылымды дамытып, автомобиль жолдарын жөндеу шараларын жүзеге асыру болып табылады. Осы ретте 2020 жылға дейінгі Астана қаласының шет аймақтарын дамыту тұжырымдамасы негізінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Тұжырымдамада 20 тұрғын алаптың инфрақұрылымын кезең-кезеңмен дамыту арқылы 232, 38 шақырым жол төселіп, 900,9 шақырым инженерлік желі салу жоспарланып отыр.

Апатты үйлер болмайды

Елорданың Алматы ауданына қарасты «Железнодорожный», «Промышленный», «Интернациональный», «Мичурино», «Күйгенжар» бес тұрғын алабы бар.
Тұрғын алабында 8700 адам тұрады. Төрт жүзге тарта жеке үйлер мен 13 көп­пәтерлі тұрғын үй бар алабында 4 білім ордасы, емхана филиалы орналасқан.
2016 жылы бұл аумақты абаттандыруда бірқатар істер атқарылды. Оннан астам көппәтерлі үйлерді қамтитын 6 бірдей аулада балаларға арналған спорт алаңдарын салып, кіші сәулеттік мүсіндер орнатылып, көгалдандырылды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы күшімен Керегетас, Иманақ көшелері асфальт­талып, ұзындығы 2,5 шақырымды алып жатқан бірнеше көшелерге фрезерлік материалдарын төседі. Сонымен бірге, жауын-шашынмен еріген қардың суын бұру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. №11 емхананың филиалының осы маңда ашылуы халыққа медициналық қызмет көрсетуге септігін тигізді. Биылғы жылы да Маяковский көшелерінде балалар ойнайтын спорт алаңдарын және гүлбағын абаттандыру жоспарланып отыр. Шеткі аймақтағы 9 апатты ескі тұрғын үйді сүру де осы бағыттағы жұмыстарды толықтыра түседі. Демек, біртіндеп апатты үйлердің бәрі жойылатын болады.

Тұрғын үйлер салынады

«Пригородный» тұрғын үй алабына №10, №12, №51 автобустар қатынайды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпаратына сәйкес, жолаушылар легі көбейгенде көліктердің жүруі – 10 минут, ал жай уақытта 13-15 минутқа қысқарады. 20 мыңнан аса тұрғыны бар «Промышленный» тұрғын алабында екі орта мектеп пен бір жеке балабақша бар. 150-ге тарта жеке үй мен 9 көпқабатты тұрғын үйлерді үш пәтер иелерінің кооперативі басқарады. Бұдан бөлек, апатты деп танылған екі қабатты 10 үйді сүру жоспарға қойылған.
Аталмыш алапта коттедж қалашығы пайдалануға берілді. 25 мың шаршы метр аймақты алып жатқан, 600 пәтерлі «Юг-1» тұрғын үй құрылыс шаруашылығы бар. Жылу энергиясын қолдану мөлшері артқаннан кейін, инженерлік желі және жаңа қазандық құрылысын салу туралы шешім қабылдаған болатын. Жобаның әкімгері коммуналды шаруашылық бас­қармасы болып табылады. Жаңа қазан­дық 84 коттеджді, мектепті және мешіт сынды оншақты әлеуметтік нысандарды қамтиды. Жылу желісінің жалпы ұзын­дығы 4153 метрді алып жатыр. Қазіргі таңда, аумақта 276 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй құрылысы басталып кетті. Сондай-ақ, автотұрағы мен қосымша кіріктірілген орындары бар көппәтерлі тұрғын үй кешені салынуда.
Апатты үйлерді сүру бойынша қанат­қақты жоба «Елорда даму» ЖШС 2020 жылға дейінгі аймақтарды дамыту бағдар­ламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Апатты деп танылған он үйдің тұрғындары жаңа үйге көшірілетін болады. Бүгінде аумақтағы №24 мектепке қосымша құрылыстың жобасын дайындау қаражаты ағымдағы жылдың бюджетіне енді.

Жұмыс жанданып жатыр

Қаланың бір шетінде орналасқан тағы бір тұрғын үй алабы «Үркер» деп аталады. Сыртқы жарықтандыру, барлық жарық көздерін энергияны үнемдеу шамдарына ауысу бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.
– «Үркер» тұрғын алабында 11 кө­шеге жарық құралдары орнатылды. Мұн­да жекеменшік үйлерді инженерлік жүйеге қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргі­зілуде. Жобаның 3 кезеңі бойынша 27 көшеге инертті материалдар төселді.
4 кезең бойынша 12 көшеге асфальт төселді, үйлерге су, электр қуаты, кәріз жүйелері тартылды және 2 кәріз сорғы станциялары салынды. Жалпы инже­нер­лік жүйенің құрылысы 70 пайызға аяқ­талған, – дейді Есіл ауданы әкімдігінің бас инспекторы Руслан Қонақбаев.
«Қала маңын дамыту мәселесі күн тәр­тібінен түскен жоқ. Үш бірдей Тельман, Заречный, Пригородный тұрғын алабы менің сайлау округіме қарайды. Ондағы әлеуметтік мәселелер маған жақсы таныс. Бірінші кезекте бұл қоныстардағы мектеп­ке дейінгі тәрбие мекемесінің болмауы
ата-аналарды алаңдатады. Қоғамдық кө­ліктің жұмысы да талапқа сай емес. Айта кетейік, Тельман тұрғын алабында 2300 адам тұрып жатыр, оның басым көпшілігі қоғамдық көлік қызметін пайдаланады» дейді Астана қаласы мәслихатының депутаты Қарақат Әбден. – Бір қаланың аумағында орналасса да, кезінде қала іргесінде болған елді мекендердің инфра­құрылымдарын бірдей дамытып, оның тұрғындарға қолайлылығын қамтамасыз ету үшін біршама уақыт пен қаражат керек. Ең бастысы, аймақтарды дамытудың нақты бағдарын анықтап, оның тетіктерін белгілеп, жұмыстың оң нәтижесіне жетуге болады. Бұл ретте қала әкімі Әсет Исекешев дамуы нашар аудандарды көтерудің нақты қадамын көрсетті. Яғни, аумақтың редевелопменті есебінен қол жеткізуге болатынын айтты. Тозығы жеткен ескі үйлерді сүріп, оның орнына қоғамдық кеңістіктер жасап, жасыл белдеуді нығайтып, әлеуметтік нысандарды ашу арқылы «шет аймақсыз шаһар» тұрғызуға болады деп ойлаймын» дейді мәслихат депутаты.
Түйіндей келе, біз осы екі алаптың мысалы арқылы атқарылып жатқан жұ­мыстардың бағытын көрсетуге тырыстық. Бұл аумақтарда әлеуметтік нысан­дар құрылысы жандануын айта кету керек. Дегенмен, қала маңындағы елді мекен­дердің барлық күрделі түйіндері ше­шіліп бітіп, елордамыз «шет аймақсыз шаһарға» айналды деуге болмайды. Бірақ, қала әкімі Әсет Исекешев жүзеге асыра бастаған «20 нақты бастама» аясында қаланың шеткері аймақтарында орна­ласқан тұрғын алаптарында әлеумет үшін жан-жақты қолайлы жағдай жасалатынына сеніммен қараймыз. Олай дейтініміз, қаланың барлық аймақтарында инфрақұрылымдарды дамыту басты мақсатқа айналып отыр.

img_0773-2-asli

«Үркер» тұрғын алабында 11 көшеге жарық құралдары орнатылды. Жекеменшік үйлерді инженерлік жүйеге қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жобаның 3 кезеңі бойынша 27 көшеге инертті материалдар төселді. 4 кезең бо­йынша 12 көшеге асфальт төселді, үйлерге су, электр қуаты, кәріз жүйелері тартылды және 2 кәріз сорғы станциялары салынды.

kbb_1726-asli

2016 жылы «Железнодорожный» оннан астам көппәтерлі үйлерді қамтитын 6 бірдей аулада балаларға арналған спорт алаңдарын салып, кіші сәулеттік мүсіндер орнатылып, көгалдандырылды. Керегетас, Иманақ көшелері асфальтталып, ұзындығы 2,5 шақырымды алып жатқан бірнеше көшелерге фрезерлік материалдарын төседі.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 4 =