Астана рухы бізді қанаттандырды

0 18

Биыл елорданың үні мен айнасына айналған «Астана ақшамы» газетінің жарыққа шыққанына отыз жыл толып отыр. Тарихтың ұшар биігінен қарасақ, отыз жыл деген қас-қағым уақыт. Бірақ осы жылдар ішінде астананың бас басылымына айналған газеттің өзі жүріп өткен жолы, тарихы, тағылымы бар. Біз осы орайда 1998-2000-шы жылдары «Астана ақшамының» бас редакторы болған, белгілі журналист Жұмагүл Саухатпен кездесіп, газет шежіресіне бірге үңілген едік.

– Жұмагүл Берденқызы, сіз бұрын облыстық басылымда, телеарнада қызмет істеп, журналистика саласының қыр-сырын жетік меңгердіңіз. Бірақ «Астана ақшамына» бас редактор болып келгенде алдыңызда қандай қиындықтар тұрды?
– Шынымды айтсам, мен редактор боламын деп ойлаған жоқпын. Мен сол тоқсаныншы жылдардың аяқ кезінде облыс­тық телеарнада «Толған-ай» деген әйелдерге арналған тележурнал ашып, соны жүргізіп жүргем. Бұл бағдарламада, негізінен, әйелдердің проблемасы қозғалды. Әсіресе, ауылда күн-түн қатып еңбек етіп жүрген замандастарымыз туралы жиірек сөз еттік. Содан да болар, бағдарлама көрермендер арасында үлкен қолдауға ие болды. Одан кейін әйелдер мәселесін кеңірек қаузап жүргеннен кейін қалада Мұсылман әйелдер лигасын құрып, оған қызмет істеп жүрген азаматшаларды тарттым. Осы лига аясында көптеген қайырымды іс-шаралар өткіздік. Осы жұмыстармен жүргенде, «қала әкімі сізді іздеп жатыр, тезірек жетсін» деген хабар келді. Ол кезде Ақмола қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков. Ұмытпасам, 1998 жылдың 6 қаңтары. Әділбек Рыскелдіұлы жылы қарсы алып, мәселеге бірден көшті. «Біздің қалалық газетке редактор қажет. Алданға айтып көріп едім, ол кісі бола алмаймын деді. Алайда ол кісімен жұмыс істеу маған оңайырақ еді. Сіз енді оған қалай қарайсыз?» деді. Мен шошып кеттім. Сосын: «Мен ол газетке бара алмаймын» дедім. «Неге?» деп ойланып қарады. Біріншіден, ол газеттің жағдайын жақсы білемін. Оған қомақты қаржы бөлінбейді. Қаржы болмағаннан кейін кадр жоқ. Білікті маман ақшаға келеді. Қазіргі әріптестерім газетті барымен шығарып отыр» деп жауап бердім. Қала басшысы: «Сізге қандай көмек қажет?» деді. Үш талабымды айттым. Бірінші, еркіндік бересіз, екінші, кадр мәселесін өзім шешемін. Конкурс жариялап, журналистерді бір ай сынақ мерзіммен аламын. Үшінші, қаржы мен көлік керек» дедім. Сосын ол: Жақсы, кадр мәселесін өзіңіз шешіңіз. Қаржы да, көлік те болады» деп сөзін қысқа қайырып, орынбасары Ахметолла Шәкіровке редакцияға ертіп апарып, орнына отырғызыңыз» деді. Сөйтіп, газетке басшылыққа келіп, жұмысымды бастадым. Сол жылы 26 наурызда қалалық мәслихаттың шешімімен бұрын «Ақмола ақиқаты» болып шығып келген газет «Ақмола ақшамы» болып өзгерді.

– Сонымен кадр мәселесін қалай шештіңіз?
– Бұл мәселені бірден шешу оңай болған жоқ. Енді газетке ойы ұшқыр, қаламы жүйрік журналистерді тарту үшін жан-жаққа хабар жібердім. Бірде белгілі журналист Мұратбек Тоқтағазин: «Менің Талдықорғанда тұратын Талғат Батырхан деген досым бар. Жазуы да жақсы, мінезі де байыпты жігіт, соны аласыз ба?» деп айтып қалды. «Шақыр, жұмысқа алам» дедім. Бұрын Талғаттың мақалаларын газет-журналдан оқып жүретінмін. Бір күні Талдықорғаннан Талғат келді. Оны бірден сынақсыз жұмысқа қабылдадым. Содан кейін Сағат Ошақбаев, Аманкелді Қиясты алдым. Бұрыннан осы газетте істеп келе жатқан Өріс Яшүкірқызы бөлім меңгерушісі болып қалды. Оқ пен оттың ортасынан келген Ғалым Қожабековті бір сөзге келмей алып қалдым. Оралдан – Таңатар Төлеуғалиев, Атыраудан – Темірхан Рамазанов, Жезқазғаннан Айтқадыр Тілеуов келді. Одан соң газетке белгілі журналист Жанболат Аупбаевтың келуіне Әлібек Асқаров пен Сауытбек Абдрахманов себепкер болды. Олар: «Жанболаттың астанаға келгісі келіп жүр, оған қалай қарайсыз?» деді. «Жанболатқа екі қолымды көтеремін, ол кісі келсе бірінші орынбасарым болады» дедім. Жанболат келгеннен кейін газеттің жұмысы одан әрі жандана түсті. Жанболат Ерғазы Әсембектің келуіне себепші болды. Шығыстан желдей жортып Бекен Қайрат келіп орналасты.
Сонымен ұжымға сайдың тасындай жігіттер жиналды. Шын мәнінде, Жанболат маған Алланың берген сыйы секілді болды. Ер-азамат ретінде оған салмақ та саласың, өтініш те айта аласың. Обалы нешік, ол газетке жан-тәнімен еңбек етті. Өзі де қанағатшыл, адал адам. Талғат Батырхан да сондай адал, тәубасы бар азамат. Екеуі де ешнәрсемен санаспай жұмыс істеді. Бірде Жәкең мен Тәкеңге: «Бұл жерде екеуіңнен асатын жұмыс жоқ. Мен қаржы табу мен газеттің таралымын көбейтумен айналысамын» деп екеуіне толық сенім білдіріп, газеттің таралымын көбейтуге күш салдым. Қаладағы жоғары оқу орындары мен колледждер, мектеп, мемлекеттік мекемелерге газеттің әрбір нөмірінен 50 дана алуға хат жаздым. Бұл жұмысқа журналистер де аянбай үлес қосты. Олар да әрбір мекемемен байланыс орнатып, таралымды біраз көбейтті. Жанболат Аупбаев «Егемен Қазақстанға» ауысқаннан кейін, бірінші орынбасар болып, Алматыдан белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлы келді. Дидахмет газетте көп істеген жоқ, бірақ сол 5-6 ай ішінде өз қолтаңбасын өшпестей қалдырды.

– Сол жылдары басылымда қандай өткір мақалалар жарыққа шықты?
– Ақмола енді ғана елорда болып жатыр. Әлі де кешегі кеңестік кезеңнен қалған атаулар өзгере қойған жоқ. Әйтеуір, соларды біздің журналистер қалам ұшымен біраз түйреп, сынға алды. Одан кейін құрылыс жұмыстары қарқын алып, ірі компаниялар келе бастады. Сол кезде түрлі әлеуметтік мәселелер туындады. Дәл осы шақта Таңатар Төлеуғалиевтің «Гүлжанға сенсек, Тұран бийден түңілесіз» деген мақаласы жарқ ете қалды. Гүлжан есімді жас келіншек ауылдан астанаға жұмыс істеуге келіп, түріктердің құрылыс компаниясына құрылысшы болып орналасады. Соған аталған мекемеде жұмыс істейтін түрік, өзі бригадир Тұран бий деген азамат тиісіп, ақыры Гүлжанды жұмыстан шығарып жібереді. Сөйтіп, Гүлжан біздің редакцияға осы мәселе бойынша көмек сұрап келді. Таңатардың мақаласы шыққаннан кейін құрылыс компаниясының өкілдері біраз тулап, бізге қарсылық көрсетті. Бірақ біздің мақаланы «Хабар» арнасының журналистері де іліп әкетті. Мақаланы қалалық әкімдіктің лауазымды тұлғалары да оқып, олар да қолдады. Ақыры, Тұранбиді жұмыстан босатып, елден қуып жіберді. Бұл жерде Таңатар Төлеуғалиевтің еңбегін ерекше айтқан жөн. Одан кейін журналист Өріс Яшүкірқызының «Баған басында жанған жігіт» деген мақаласы да қоғамда кәдімгідей сілкініс туғызды. Бізге бұл оқиға туралы бас кейіпкердің қарындасы шарасы қалмағандықтан шағынды. Оқиға бас инженердің жауапсыздығынан болған. Бұл мәселе де оңтайлы шешілді. Темірхан Рамазановтың «Отыз үйдің ойбайы» деген мақаласы да оқырмандарды дүр сілкіндірді. Ойымда қалған дүниелер осылар болып тұр. Әйтпесе, басылымда жарыққа шыққан өткір, елдің ынтасын оятқан мақалаларды біраз келтіруге болады.

– Газет қарымды журналис­термен ғана емес, салмақты авторларымен де бағалы. Өзіңіз басылымды басқарған жылдары газетке жиі жазып, жанашыр болған авторларды айтып өтесіз бе?
– Әрине, дұрыс айтасыз. Авторсыз газеттің беделі мен бедерін елестету мүмкін емес. Біз қолдан келгенімізше, басылымның абыройы мен танымалдылығын көтеру үшін зерделі, айтары бар авторлардың ұсынған дүниелерін үзбей беруге тырыстық. Осы бағытта бізге жанашыр болған, қабырғалы қаламгер, ғалым Сауытбек Абдрахмановты бөлекше айтар едім. Ол кісі газеттен «Сұхбат» деген айдар ашып, онда елге ғана емес, әлемге танымал азаматтарды сөйлетті. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің басылымға берген «Бұл кітап – менің перзенттік парызымның бір өтеуі» деген сұхбаты газет беделін биікке көтерді. Елбасы сұхбатының соңына «Астана ақшамына» жылы лебізін білдірген. Бұл күнді тарихи күн деп бағалаймын. Одан кейін астанаға қонақ болып келген, әйгілі актер, Михаил Ульянов, күміс көмей әнші Нұржамал Үсенбаева, елордалық пушкинтанушы Валентина Кириллова секілді аузы дуалы дарынды тұлғалармен жүргізген сұхбаттарын оқырмандар қызығып оқыды. Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайылдың Ақмоланың тарихын тереңнен тартып жазған танымдық мақалалары да «ақшамның» абыройын айшықтатты.

– Қазір кезінде өзіңіз басқарған сүйікті газетіңізді оқисыз ба, сонда нені байқайсыз?
– Мен «Астана ақшамында» үш жылдан аса бас редектор болып еңбек еттім. Шындығында, астаналық биік талғам, ой тереңдігі, жазу мәнерлігіндегі парасаттылық пен мәдениет айлап емес, жылдап та емес, өмір бойы қалыптастады. Сол жылдары елорданың бас басылымының аз ғана уақытта еңсесін көтерген әріптестерімді мен қатардағы қаламгер ғана емес, астананың талантты қаламгерлері десем артық айтпас едім. Астаналық рух бізді қанаттандырды. Біздің ұжым бір үйдің баласындай тату-тәтті еңбек етті. Қазір сол күндерді жиі есіме алып отырамын. Өзіммен бірге қызмет істеген қыз-жігіттерге ұзақ ғұмыр тілеймін. Ал газетті мүмкіндігінше оқып тұрамын. Қазір саналы адамды толғандыратын проблема өте көп. Ұлттық құндылықтар өзгеріп, адам бойынан мейірімділік, адамгершілік секілді қасиеттер азайып барады. Әсіресе, обал-сауап пен ұят мәселесі алаңдатады. Осыны қазақ журналистері барынша жазып, көтеріп жүр. «Астана ақшамын» Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Ерболат Қамен басқарған жылдары газет өз тақырыбы мен бағытын қайта тауып, жандана түсті. Өз оқырманы бар басылымға айналды. Қазір де осы бет-бейнесінен өзгерген жоқ. Оны басылым бетінде шыққан мақалалардан көремін. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бекер айтпаған. «Астана ақшамы» да ұлт ұстазы айтқан мұраттан айнымай, оқырмандарының ыстық ықыласына бөлене берсін. Барлық әріптестерімді басылым мерейтойымен құттықтаймын!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + eighteen =