«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Астана» Ресей чемпионын жеңді

0 167

Біріккен Араб Әмірліктерінде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан «Астана» футбол командасы биылғы маусымдағы алғашқы ойынын өткізіп, Ресейдің чемпионы «Спартак» командасын 3:2 есебімен жеңді.

Бұл күндері Қазақстанның 4 дүркін чемпионы мен Ресейдің 10 дүркін жеңімпазы Дубайда жаңа маусымға дайындық жүргізуде. Осындай әзірлік барысында командалар жолдастық кездесулер өткізетін дәстүр бар. Бұл ретте «Астана» алғашқы ойынын Мәскеу­дің «Спартак» командасына қарсы өткізді. Есепті бірінші болып астаналықтар ашты. Ойынның 19-шы минутында Абзал Бейсебеков қарсыластар қақпасына қарай әуе­летіп әдемі пас шығарды. Ал бұл мүмкіндікті командаға жаңадан қосылған сербиялық футболшы Марко Станоевич сәтті пайдаланып, ала допты қарсыластар қақпасына тулатып түсірді. Араға екі минут салып тағы бір легионеріміз Джуниор Кабананга сол қапталдан шабуыл ұйымдастырып, Марин Томасовтың аяғына доп салып берді. Ал Томасовтың соққысы есепті еселеп үлгерді. Екінші таймда Джордже Деспотович «Спартак» қақпасына үшінші допты соқты. Ресей чемпионы қатарындағы ең қымбат ойыншы Квинси Промес 79 минутта пенальти арқылы гол соқты. Матч аяқталар тұста мәскеу­ліктер тағы бір доп соғып, есепті қысқартты. Енді астаналықтар Ресей премьер-лигасының тағы бір мықты ұжымы «Краснодар» және Словения чемпионы «Жилина» командаларымен кездесуді жоспарлап отыр.


Жаттығу жиындарында «Астана» құрамында мына ойыншылар жүр: қақпашылар: Ненад Эрич, Александр Мокин, қорғаушылар: Дмитрий Шомко, Абзал Бейсебеков, Игорь Шитов, Марин Аничич, Юрий Логвиненко, Сергей Малый, Евгений Постников, Талгат Кусяпов, жартылай қорғаушылар: Серікжан Мужиков, Иван Маевский, Срджан Граховац, Марин Томасов, Дидар Жалмұқан, Бахтияр Зайнутдинов, Марко Станоевич, Юрий Перцух, шабуылшылар: Патрик Твумаси, Джуниор Кабананга, Роман Муртазаев, Джордже Деспотович, Владислав Прокопенко. Кеше клуб президенті Саян Хамитжанов команданың жаттығу жиынына Бауыржан Джолчиевтің қосылғанын хабарлады. Бұл дарынды футболшы 2014-2015 жылдары «Астана» сапында ойнап, команданың УЕФА Чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсетуіне айтарлықтай үлес қосқан болатын.
Станимир Стойлов баптайтын «Астана» үшін бүгінгі таңдағы басты нысана Еуропа лигасының плей-офф ойындары болып отыр. Қарсыласымыз – Португалияның бірнеше дүркін чемпионы «Спортинг». Бірінші ойынды 15 ақпанда «Астана Арена» стадионында тамашалайтын болсақ, қарымта матч 22 ақпанда Лиссабонда өтеді.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды