АСТАНА – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛЫ ДӘУІРІ ЖӘНЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ВЕКТОРЫ

0 403

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстан Республикасының жаңа елордасы – Астана бүкіл әлемге салтанатты түрде таныстырылған болатын. Сол уақытқа дейін елорданы ауыстыру туралы идея тұжырымдамалық тұрғыдан ой елегінен өткізіліп, мәселе шешілген, орталық мемлекеттік органдарды қабылдап, орналастыру бойынша қажетті дайындық жұмыстары жүргізілген және оларды Алматыдан ұйымдасқан түрде көшіру жүзеге асырылған күрделі де драмаға толы жылдар артта қалған еді. Енді, міне, 15 жыл бойы біз шын мәнінде еліміз тарихының АСТАНАНЫҢ ҰЛЫ ДӘУІРІ деп атауға толық құқымыз бар жаңа кезеңінің есебі жүріп жатыр…

 

Елорда этюді

Ақорда резиденциясындағы менің жұмыс кабинетімнен біз­дің жаңа елор­дамыздың жүрек тол­қытар панорамасы көрініс береді. Көптеген кездесулерден, кеңес­терден және құ­жат­тармен жұмыс­тан тұратын тығыз жұмыс кестемде бос минут пайда бол­ған сәтте мен қайта-қайта терезеге қараймын.

Мен кең дала төсімен есіле ағып жат­­қан Есілдің бүлкілсіз суы бетіне қа­зақ­стандық күннің қалай сәуле ша­шып ша­ғылысқанын көремін. Ол қала ше­гіндегі адам қолымен жа­салған жаңа өзен арнасы суында шомылып жүреді.

Кей кездері мен түнгі Астана кө­ше­­ле­рінде көлікпен немесе жаяу жү­ремін. Әркез менің жүрегімді елорда үшін мақтаныш сезімі кер­нейді. Өзіме – иә, біз осыны жаса­дық деймін!

Ақорданың айналасы мен Есілдің қос жағалауында өсіп тұрған қара­ғай мен шырша, қайың мен шетен бар­ған сайын аспанға қол соза биік­тей түсу­де. Жаз кезінде дала­ның шөптері мен гүлде­рінің хош иі­сін тө­ңірекке тарат­қан саумал самал олар­дың бастарын қа­лай тер­бей­ті­ні қазірдің өзінде айқын көрінеді.

Өзеннің келесі бетінде орна­ласқан Бейбітшілік және келісім сарайының әйнектерінен зеңгір көк аспан шағы­лысады. Оның ар жағында қала үстінде жарыса қалықтаған ұлпа бұлт­тарды алтын найзағаймен қиып түсуге дайын­далғандай болып, еңсесі биік «Қа­зақ елі» монументінің ұшар ба­сын­да отыр­ған қыран құстың сұлбасы көрінеді.

Елорданың жаңа құрылыстары көк­жиекті әлі де болса толықтай жаба қой­ған жоқ. Сол көкжиектен ауаның жазда қалай қызып ысыға­нын және қыста қалай күміс шаша шаңытқанын көруге болады.

Бәйтерек пен әлемдегі ең үлкен архитектуралық шатыр – Хан Шатырды барлық жағынан қоршай Ас­та­­наның сол жағалауындағы жа­ңа орта­лықта тұрғын үй орам­дары қалай қанат жайып келе жат­қаны ала­қандағыдай көрінеді. Ел­ор­да­ның оң жаға­лауы бөлігін жаңадан салынған аспан­мен та­лас­­қан биік ғимараттар барған сайын ажар­ландыра түссе, Ақорда­ның екі жағы­нан салынған Есіл арқылы өтетін көпір­лермен көлік­тер жүйт­киді.

Осыдан бар-жоғы он бес жыл бұ­рын бүкіл төңірек Қазақстанның енді ғана жаңа елордасы атанған және өзінің осы жаңа тағдырға ие болға­нына әлі де толықтай сен­бе­ген про­винциялық қаланың түк­пір­­дегі сая­жай орналасқан шеті ға­на еді.

Қазір Астана өзінің қонақтарын қала бет-бедерінің әсемдігімен және архи­тектуралық шешімдерінің батыл­­ды­ғымен, тұрғындарының жылышырай­лылығымен және қонақжайлығымен таңғалдырады. Қаланың өзгергені соншалықты, оны кейде тіпті осында бір кездері тұрғандар немесе басқа дәуірде болғандар да танымай қалады.

Кейде біздің елордамызды жаңа Қа­­зақ­­станның беткі бейнесі деп те атай­ды. Мен мұнымен мүлдем келіс­пеймін.

Біздің елордамызда жасанды еште­ңе жоқ, өйткені, жаңа Қазақ­стан дегеніміздің өзі осы.

Астана тағдыры – екі ғасыр шебі­нен батыл аттаған барлық қазақ­стандық­тардың тағдыры.

Бұл – белгісіз, ыдыраған супер­дер­жаваның қиыр шетінде жатқан ешкім танымайтын республикадан бүгінде жаһандық қоғамдастықта бәрі білетін және құрметтейтін серпінді заманауи мемлекетке дейінгі Үлкен жолдан өткен тәуелсіз Қазақстанның тағдыры.

Бүкіләлемдік тану

Міне, 15 жылдан бері Қазақстан­ның халықаралық даңқы Астана даңқымен еселене түсуде.

Біздің елордамыздың аты қазір­дің өзінде Еуразия мен Солтүстік Аме­рикадан 56 елдің мемлекет пен үкімет басшыларын жинаған Еуро­падағы қауіпсіздік және ын­ты­мақ­тас­тық ұйы­мының ХХІ ғасыр­дағы алғаш­қы саммиті өткі­зіл­ген жер ретінде жаһандық та­рих­қа енді.

Тек өткен төрт жыл бедерінде ғана қала VII Азия ойындарын, Бүкіл­­әлем­дік туристік ұйымы Бас ас­самблея­сының XVIII сессиясын, Ислам ынтымақтастығы ұйы­мы Сыртқы істер министрлері кеңе­сінің XXXVIII сессиясын қабыл­дады.

Осында, 2003 жылдан бастап Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының төрт съезі, сондай-ақ, басқа да көптеген халықаралық форумдар өтті.

Бүгінде бүкіл әлем Астана туралы «Болашақтың энергиясы» ұранымен өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің бола­шақ қожайыны ретінде айтады. Пла­не­таның 150-ден астам елі қатысатын осы бүкіләлемдік оқиғаға дайындық үлкен қарқынмен жүргізіліп жатыр.

1999 жылы Астана ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына лайық деп табылса, 2011 жылы «ТМД мен ЕурАзЭҚ-тың үздік қаласы» ха­лық­ара­лық байқауының жеңімпазы атанды. 2012 жылы Қазақстанның бас қаласы ТМД мен Түркі әлемінің мә­дени астанасы құрметті миссиясын табысты орындап шықты.

Біздің елордамыздың архитек­тура­лық келбетінен қазірдің өзінде аты әлемге әйгілі бүгінгі сәулет өне­рінің хас шеберлері – жапондық Кисе Курокаваның, британдық Нор­ман Фостердің, италиялық Ман­фреди Николеттидің техника­лық деңгейі жөнінен теңдессіз бірқатар тамаша жобалары көрініс тауып үлгерді.

Астана құрылысы қазақстандық қала салуды дамытуға тыңнан сер­пін қосып, көптеген отандық сәу­лет­шілерді бүкіл әлемге танытты.
Бүгінде Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктер басшыларымен менің жыл сайынғы кездесуім дәстүрге айналды.
Мен ол кездесулерді, соның ішін­де, шетел елшіліктеріне біздің жас аста­намызды «игеруге» кө­мек­те­су үшін де өткізе бастадым.
Шетелдік дипломаттарды ал­ғаш рет Алматыдан Аста­на­ға кө­шуге шақыр­ған кезім­де олар­дың көпшілігі­нің жүзде­рінен таңыр­қау­шылық пен абыржу­шылық аңғарылғаны әлі есімде. Олар сол кезде бұрынғы астанаға енді ғана бой үйретіп, орналаса бастаған еді.
Шетел дипломаттары үшін біз тұтастай елшілік қалашығын тұр­ғыздық және бірқатар елдер соған өздерінің дипломатиялық миссияларын қайта орналастырды.

Бетбұрысты кезең біздің жетекші стратегиялық әріптестеріміз – Ресей, АҚШ, Қытай, содан кейін Түркия елшіліктерінің ғимараттар кешені салынып, «илеуден» өт­кен­нен кейін барып туды.

Бүгінде көптеген шетел елші­ліктері Астанада орын теуіп, өз елдерінің Қазақстанмен екіжақты қарым-қаты­нас­тарын нығайту және кеңейту бойын­ша жемісті жұмыс жүргізуде.

Дипломатиялық корпустың көшіп ке­луі біздің жаңа елордамызды халықара­­лық танудың ұжымдық актісі болды.

Мен шетел дипломаттарына Аста­на­дағы өздерінің қызметтері­мен елор­даға ерекше реңк бе­ріп, қайта­лан­бас елордалық ментали­тетті нығайтуға ора­сан үлес қосып отырғандары үшін ри­за­мын.

Осының барлығы Астананың таны­малдығы ұлттық шекарадан асып, оны заманауи әлемдегі «астаналар клубына» лайықты қатысушы еткенін білдіреді.

Астананың серпінді экономикасы

Шынымды айтсам, 15 жыл бұ­рын жаңа елорданың экономикасы мен халқының бүгінгі жоғары даму қарқынын болжау қиын еді.
Бар-жоғы он бес жылдың ішінде Астананың өңірлік жалпы өнім көлемі 45 есеге жуық өсіп, 60,5 мил­лиард теңгеден 2,7 триллион тең­геге жетті.

Осы уақыт ішінде елордаға са­лынған инвестицияның жалпы көлемі 4 триллион теңгеден астамды құрады.

1998 жылы Астанадағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 20,2 миллиард теңгені ғана құраған-тын. 2012 жылдың қорытындылары бойынша елордада 196,4 миллиард теңгенің өнер­кәсіп өнімі өндірілген. Өсім – 10 есе дерлік!

Астана тепловоздар, вагондар мен тікұшақтар, күн батареяла­рының модульдерін және басқа да көптеген өнімдер шығаратын Қазақстан үшін мүлдем жаңа өнеркәсіп салаларының негізін салушы болды. Осының барлығы тұтастай ел экономикасын дамы­туға қосылған үлкен үлес.

Елорда экономикасын дамыту үшін арнайы экономикалық аймақтар мен технопарктер құру, қала экономика­сының түрлі секторларына жоғары технологияларды енгізу секілді тиімді тетіктер белсенді пайдаланылды.

Қала инфрақұрылымдарын жаң­ғырту мен кеңейту үдерістері бел­сенді жүріп жатыр. Қаланың жылу комму­никациялары мен электр желілерінің қуаттары айтарлықтай ұлғайтылды. Қазақ­стан­ның орта­лық өңірлерін, бірінші кезекте, Астана­ны жаңа газ жүйесімен қамтамасыз етумен байланысты елорданы газбен жабдықтау үдерісі аяқталатын күн де алыс емес.

Көлік инфрақұрылымдарын жа­ңар­ту да серпінді жүруде. Осы жылы-ақ қалада жүрдек жеңіл рельсті трамвай құрудың нақты жұ­мыс кезеңі басталады. Жүздеген шақы­рым қала жолдары қайта жөнделді немесе жаңадан салынды, Есіл арқылы 4 жаңа көпір тұрғызылды.
Қала экономикасының флагманы құ­ры­лыс саласы болып табылады. 15 жыл бұрын бар болғаны 139,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген еді. 2012 жылдың қорытындылары бойынша бұл көрсеткіш 1,3 миллион шаршы метрге жетті. Тұтастай алғанда, осы кезең ішінде салынған тұрғын алаңдардың көлемінің өзі 11 миллион шаршы метрден астам.

Бұл жыл сайын ондаған мың отба­сылық қоныс тойлары өтеді деген сөз!

Еліміздің инновациялық жүрегі

Өзімнің сөйлеген сөздерімнің бірінде мен жаңа елордамен байланысты алғашқы шешімдерімнің бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін құру туралы Жарлығым болғанын ерекше атап өткенмін. Ол 1996 жылы әлі сол кездегі Ақмоланың елорда функцияларын қабылдауға орай ауқымды дайын­дық­тар бас­талуымен бір мезгілде құ­рыл­ған еді.

Мен үшін бұл қағидатты шешім болды. Мен жаңа Қазақстан елордасын, бірінші кезекте, еліміздің ірі ғылыми-білім беру орталығы ретінде көрдім.

Сондықтан менің ерекше қам­қор­лығымдағы мәселе Астана­ның жұмыс істеп тұрған жоғары оқу орындарын дамыту және жаңаларын құру болды. Жұмыс істеп тұрған өңірлік жоо-лар ны­ғайтылды және жаңғыртылды. Осы­лайша С.Сейфуллин атында­ғы Қазақ агротехникалық универ­си­теті мен Қазақ мемлекеттік ме­ди­цина академиясы (бүгінде – Астана медицина университеті) пайда болды.
2001 жылы Ресей басшылығымен уағ­да­ластық бойынша Астанада М.В.Ло­­мо­­но­сов атындағы Мәскеу мем­­ле­­кет­­тік университетінің қазақ­стандық филиалы ашылды.

Мемлекеттің белсенді ықпалы­мен Астанада бірқатар мемле­кеттік емес жоо-лар – Қазақ гума­ни­тарлық-заң университеті, Қазақ­стан-Ресей университеті, Еуразия гуманитарлық институты және басқалары жұмыс істей бастады.

2010 жылы қазірдің өзінде инновациялы Қазақстан үшін кадрлар дайын­дауға бағыт ұстанған, Қазақ­стан­ның мүлдем жаңа ғылыми-білім беру жүйесінің же­тек­ші флагманы болып табылатын Назарбаев Универ­си­теті ашылды. Ол мамандарды халық­ара­лық үлгі-қалыптарға сәйкес дайын­дайтын, автономдық пен акаде­миялық еркіндік қағидаттарына сай жұмыс істейтін тұңғыш қазақ­стан­дық уни­верситет болды. Назарбаев Универ­си­теті әлемдегі 30 үздік жоғары оқу орындары рейтингіне кіретін же­тек­ші шетелдік ғылыми-білім беру орталық­тарымен ынты­мақтасып отыр.

Оның инженерлік, ғылым мен технология, медицина, гума­ни­тар­лық және әлеуметтік ғылым­дар мектеп­те­рінде, Бизнестің жо­ғары мектебінде, Мемлекеттік сая­саттың жоғары мек­­те­бінде, Білім берудің жоғары мек­­тебінде бір жа­рым мыңға тарта сту­дент білім алуда.

Қазір Назарбаев Университе­тінің арқауында Энергетикалық зерт­теу­­лер ор­талығын, Өмір туралы ғылым­дар орта­лығын, Білім беру саясаты орталығын қамтыған ұлттық инно­вациялық-зияткерлік кластер жедел қалыптастырылуда.

Қазір Қазақстанның барлық ірі жо­ғары оқу орындарының жұ­мыстары Назарбаев Универ­ситеті үлгісі бойынша құрылып, соған ұқ­састырыла жүр­гізілуде.

Бүгінгі күні 14 жоғары оқу ор­нын­дағы Астана «студенттік хал­қының» саны 50 мыңға тарта адамды құрап отыр. Мен тек елор­даның ғана емес, соны­мен қатар, бүкіл Қазақстанның бола­ша­ғын олардың әлеуетімен, білі­мі­мен, азаматтық ұстанымымен байла­ныс­тырамын.

Астана – Қазақстанның иннова­циялық жүрегі. Мен бұл жүректің Қазақстанды прогресс пен өркен­деу­дің жаңа шыңдарына жетектей оты­рып, еліміздің дамуымен жарыса, жара­са соға­ты­нына сенемін.

Астаналық социум

15 жылдың ішінде астаналық социум танымастай өзгерді. Биыл Астана халқының саны 15 жылдың ішінде 4 есеге жуық өсіп, 800 мың­ға жетті.

Астананың бас жоспарын әзірлеу барысында 2030 жылға таман бізге елорда жобасын қандай адамдар санымен жоспарлау керек деген мәселеде мамандар арасында талас туындағаны менің есімде.

Шетелдік кеңесшілердің пікірле­рі екіге жарылды. Еуропа мамандары өз әдістерін қолдана отырып, жоға­­ры­дағы мерзімге таман Астана хал­қы­ның саны 650 мың тұрғынды құ­рай­тын­дығын есептеп шықты. Олар­дың жа­пондық әріптестері сол тұста Астанада 800 мың адам өмір сүреді деген қо­рытындыға келді. Қазақ­стан­дық де­мографтар есебі 1,5 миллион адамды көрсетті.

Сөйтіп, 800 мың тұрғын цифры­на табан тіредік. Бірақ қа­зір шын­дыққа біздің отандық маман­дардың неғұрлым жақын келген­дігін көріп отырмыз. Өйткені, 800 мыңдық көр­сеткішке біз 30 жылда емес, небәрі 15 жылдың ішінде жеттік.

15 жылдың ішінде елордада ба­ла туу көрсеткіші 2 есе өсті, ал халық­тың табиғи өсу көрсеткіші бір мың тұр­ғын­ға шаққанда 1,4-тен 21,6 адам­ға артты.

Ана мен бала өлімінің көрсет­кіштері 5 еседен астамға төмендеді.

Мұндай серпінде елорда медицина саласын дамытуға арналған мемле­кеттік шаралар үлкен рөл атқарды.

Қазіргі Астана денсаулық сақтау­дың қуатты әлеуетіне ие. Мұнда 6 за­манауи клиниканы: Нейрохирур­гия ғылыми орталығын, Бала­лар­ды оңалту орталығын, Диагнос­тикалық орталықты, Ана мен баланы қор­ғау­­дың ұлттық ғылыми орталы­ғын, Жедел медициналық көмек ғылыми ор­талығын, Ұлттық ғылыми кар­дио­хирургиялық ор­талықты біріктірген жаңа меди­ци­налық кластер құрылды. Оларда адам мү­шелерін ауыстыру жөнін­де ғажайып операциялар жасалуда. 2012 жылдың өзінде ғана үл­кен­дер мен балаларға бүйрек, ке­мік майы және тіпті жүрек трансплан­тациясының 40-қа жуық сәтті отасы жасалды.

Елордалық клиникаларда емдеуден өткізілгендердің 60 пайызға жуығын басқа өңірлерден келген емделушілер құрағандығының өзі елеулі көрсеткіш. Мұның сыртында емделу үшін шетелдерден келетін емделушілер саны да арта түсіп отыр. Бізге әлемнің 20 елі­нен 200-ден астам адам келіп емделді.

Мұнымен қатар, Астанадағы ден­сау­лық сақтау жүйелері де ны­ғайтылуда, жаңа спорт ғимарат­тарының кең желісі құрылып отыр.
«Қазақстан» мен «Алатау» спорт кешендері, «Алау» жаңа мұз спорты сарайы, Республикалық велотрек, «Астана-Арена» жабық стадионы, ондаған спорт алаңдары, клубтары мен фитнес орталықтар – міне, осы­лардың барлығы қала тұрғындары үшін салын­ған және солармен белсенді түрде игерілу үстінде.

Біз Астананы денсаулығы мықты да белсенді адамдар тұратын саламатты өмір салтының қаласы ретінде дамытудамыз.

Ақорда терезесінен көз салға­нымда, Есілді жағалай серуендеген, велосипед мінген астаналықтар санының ұлғай­ған үстіне ұлғая түскенін көремін. Өзен бетінде байдарка мен каноэнің тұтас бір флотилиясы бірін бірі қуалай жүзіп жүреді. Осыларды көру маған үлкен қуаныш сыйлайды.

Астана – жоғары білімді адамдар­дың өсіп келе жатқан агломерациясы. Жалпы білім беретін оқу орындарының елордалық желісі қазір 70 мемлекеттік және 12 мемле­кет­тік емес мектептерді, 78 мемле­кет­тік және 60 мемлекеттік емес мек­тепке дейінгі мекемелерді құрай­ды. 15 жылдың ішінде елордада 33 жаңа мектеп, 40 балалар бақ­ша­сы мен 22 шағын орталық салынды.

35 техникалық және кәсіптік білім беру колледжінде 31 мыңға тарта оқушы білім алуда. Бұл бүкіл Қазақстан үшін инновациялық түрдегі жаңа өнді­рістердің алғы шебіндегілер болмақ.

Астана жаңа экономикасының дамуы қала халқын еңбекпен қамту құ­ры­­лым­­дарының өзгеруіне үлкен ық­­пал жасады. Халықтың үлкен бөлігі мем­лекеттік басқару, қызмет көр­сету са­лаларында еңбек етуде. Астаналық­тардың 60 пайыздан астамы шағын және орта бизнес саласында.

15 жылдың ішінде қаладағы жұмыс­сыздық деңгейі 2 есе төмен­деді. Қазір бұл көрсеткіш шамамен алғанда, орташа республикалық 5,6 пайыз деңгейінде. Мұның себебі, елордаға еліміздің басқа өңірлерінен жаңа жұмыс күштері тұрақты түрде келуде.

Тек 2009 жыл мен 2012 жыл ара­лығында Астанада, орта есеппен ал­ғанда, әр жыл сайын 17-18 мың жаңа жұ­мыс орындары құрылып отырды.

Бүгінде біздің елордамыз хал­қы­ның табысы жоғары қала ретінде қалып­тасып келе­ді. Астана­лық­тар­дың орташа еңбекақысы 148 мың тең­гені құрайды. Астананы осында ауыс­тырған кезеңнен бері номиналдық есеп бойын­ша оның мөлшері 11 еседен ас­тамға өсті.
Әлеуметтік өзгерістердің жа­ғым­ды динамикасы астаналық­тар­­дың жаңа бейнесін нағыз елорда тұрғындары ретінде қалыптасты­руға ықпал етуде. Осыдан он бес жыл бұрын маған жаңа қала салу ісі оның тұрғындарын өмір мен жұмыстың жоғары мәдениетіне тәрбиелеуден жеңіл түсетіндігі туралы айтылған еді.

Бірақ өмірдің өзі бұл күдікті жоққа шығарып отыр.

Астаналықтар өз бойларына та­ма­ша ұжымдық астаналық мента­ли­тетті жедел жұғыстыра, еңбекте, мә­де­ниетте үлгі бола отырып және пат­риот­тық се­зімдерін білдіруде де кез келген ас­та­на тұрғындарын қай жағынан алып қарағанда да ерек­шелендіріп тұ­ра­ты­нындай, біздің көз алдымызда өз­геріп келеді.

Креативті «жасыл» қала

Бір шетелдік зерттеушіден бола­шақ – креативті, яғни жасампаз қалаларда деген ойды оқыған едім. Мұнымен толық келісемін.
Біз Астананы ерекше сәулеткер­лік және табиғи-ландшафт аясын­дағы, кез келген жігерлі адамның өзіндік зор шығарма­шылық әлеуе­тін жүзеге асыруына көмек­тесетін нақ осы креативті қала ретінде са­лу­дамыз.

Креативті қала – ең алдымен эко­ло­гиялық жағынан мұнтаздай таза қала.

Ежелгі дүниеде Рим жеті төбеде орналасқан деген сөз бар. Мәскеу туралы да осылай дейді.

Астана туралы сегіз желдің өтін­де тұр деп айтуға болады. Мұнда желдің соғысы өте жиі, тіпті күніне бірнеше рет өзгеріп тұрады.
Бірақ астаналық тұрғындардың ерік-жігері Сарыарқадағы жел қуатымен тең түседі деп нық сеніммен айта аламын. Міне, сондықтан да біздің жас елорданың табыстары соншама сәтті де ұлан-ғайыр болып отыр.

Біз алдымызға Астананың «жасыл қалқанын» қалыптастыра оты­рып, жел ағынын саябырлату мін­детін қойдық. Қала айналасында астана осында ауыстырылған алғашқы жылдары отырғызылған «жасыл белдеу» ағаштарының бойы 10 метрден астамға көтерілді.
Астананың өзінде жаңа саябақ­тар мен гүлзарлар құрылды, ал көгалды алаңдар көлемі мил­лион­даған шаршы метрге же­тіп отыр. Бүтіндей алғанда, елорда айна­ласындағы қолдан отырғызылған ағаштар аумағы 65 мың гектарға жетті, мұның 14 мың гектарға жуығы қаланың өз ішінде бой көтерді.

Бұл жұмыс жалғасуда. 2020 жыл­ға дейін, тұтастай алғанда, қа­лаішілік және қала маңындағы да­лалы аумақтардың 100 мың гектары көгалдандырылатын болады.

Осының нәтижесінде қаланың климаты елеулі өзгеріп келеді.

Біздің «жасыл құрылыс» жөнін­­де­гі өзіндік тәжірибеміз жинақ­талып таратылуда, мен оны «Жасыл кө­пір» жа­һан­дық идеясы ая­сын­да табыс­ты модель ретінде ұсын­дым. Бұл бағ­­дар­ламаны, сондай-ақ Жаһан­дық энерго-экологиялық стра­тегия жөніндегі қазақстандық баста­ма­шы­лықты 2012 жылы Рио-де-Жанейрода өткен бү­кіл­әлемдік саммитке қатысу­шылар қолдады.

«Болашақтың энергиясы» – осындай тақырыпты біз ЭКСПО-2017 бү­­кіләлемдік көрмесін өзімізде өткі­зу туралы Астана құқын қорғаған кезі­мізде ұсындық.

Біздің бұл өтінімімізге әлемнің 100-ден астам мемлекетінің өкіл­дері қолдау білдірді.

Астана қазірдің өзінде осы оқи­ға­ға мұқият дайындалу үстінде. Жа­ңа көр­ме кешені орналасатын орын ай­қын­­далды. Қалалық инфра­құ­ры­лым­ды 3 айдың ішінде 5 мил­лион­ға тарта ту­ристі қабылдай ала­тындай етіп да­мыту туралы ше­шім алынды. Тек қана баламалы энер­гия көздерімен қамта­масыз етілетін тұтас бір қала орамы тұр­ғы­зылмақ.

Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақ­станға және көрменің барлық қаты­су­шы­ларына технологиялық және эко­но­микалық дамуының мүлдем жаңа дең­гейіне шығу мүмкіндігін беретіндігі күмәнсіз.

Мұның өзі Астананың және бүкіл Қазақстанның жаһандық ор­нықты дамуға қосатын өлшеусіз үлесі болып табылмақ.

Жаңа Қазақстанның рухани орталығы

Бүгін Астана бір мезгілде жаңа Қа­зақ­станның жоғары руханилы­ғының фаб­рикасы және сақтаушы­сы ретінде қа­лып­тасты деп нық сеніммен айта аламын.

Өткен кезең тек экономикалық немесе әлеуметтік көрсеткіштермен ғана таң­ғалдырмайды. Бұл ретте біз­дің елор­дамыздың мәдени және рухани тұр­ғыдан өсіп жетілгендігін де көр­меуге болмайды.

15 жыл бұрын менің тапсырмам бойынша елордада Ұлттық музыка ака­демиясының негізі қаланды. 2011 жы­лы ол Қазақ ұлттық өнер уни­верси­теті ретінде қайтадан құ­рылды. XXI ғасырдағы бүкіл­қазақ­стандық мәде­ниет­тің алғаш­қы кадрлары осында «та­ға­­лана» бастады.

2000 жылы мен Астанада Күләш Байсейітова атындағы жаңа ұлттық опера және балет театрын құру туралы Жарлыққа қол қойдым.
Бейбітшілік және келісім са­райын­­дағы 1500 орындық концерт залы­ның өзі ерекше. Ол небір құр­метті қонақ­тарды – әлемдік дін­­дер көш­бас­шылары съездерінің қа­ты­су­шыла­рын, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы сес­сия­ларының деле­гат­­тарын, осы заманғы өнердің аса зама­науи көрнекті қайрат­керлерін қабыл­дап үлгерді. 2006 жылы бұл зал­­ды әлемдік опера жұлдызы Мон­­сер­рат Кабальенің ашуының өзі бекер емес. Жоғары мәде­ни жә­не өрке­­ниетті үнқатысу ру­хы бұл сахна­ны қашан­да кернеп тұра­тын болады.

Тәуелсіздік сарайы біздің елор­да­мыз­дың шын мәнінде мақтанышы бо­лып табылады, ондағы сыртқы сәу­леткерлік «қаталдық» пен ішкі тар­тым­дылық бір-бірімен үйлесім тап­қан. Сарайда қол­данбалы және қа­зіргі заманғы өнер гале­реясы, Ас­тана тарихының музейі, 4D кинотеатры және электронды кі­тап­хана ор­на­ласқан. Үш мың адамдық Конгресс-зал сахнасында концерт­тер мен ресми шаралар жүйелі түрде өтіп отырады. Мұнда 2011 жы­лы біздің тәуел­сіз­ді­гі­міздің 20 жыл­ды­ғына арнал­ған Салта­натты жиын­ның өтуі­нің өзі кездейсоқтық емес.

2009 жылы бірегей үлгідегі «Қа­зақстан» концерт залы ашылды. Бұл ғимарат бүкіл Орталық Азия өңірінде теңдессіз болып табылады және әлемдік үздік сәулеткерлік шешімдердің қатарына кіреді. Оның акустикалық мүмкіндігін әлемге аты әйгілі көптеген тамаша музыканттар мен опера орындаушы­лары жо­ғары бағалады. 3500 көрер­мен­дік зал тек Астананың ғана емес, со­ны­мен қатар, бүкіл Қазақ­стан­нан музы­калық өнерді сүюші­лерді тол­тыра өзіне жинап жүр.

Елорданың 15 жылдығының дәл қарсаңында Астананың ортасында жаңа опера және балет театрының құрылыс жұмыстары аяқталды, оған менің Жарлығыммен «Астана Опера» атауы берілді. Оның сахнасында қазақстандық опера өнерінің классикасы – «Біржан-Сара» спектаклі қазіргі замандық аранжировка және авторлық шешім негізінде қойылды.

Сәулеткерлігі бойынша классика­лық, бірақ техникалық орын­дауы және ішкі жабдықталуы жөні­нен нағыз инновациялық болып табы­латын бұл театр да біздің Астана­мыздың тағы бір таңдай қақтырар ғимараты.

«Астана Опера» Еуразия мен бүкіл әлемнің неғұрлым тартымды сахналық алаңдарының біріне айналатындығына сенімдімін.
Астана теле және радио хабарларын таратудың жалпы ұлттық орталығы ретінде де белсенді дамып келеді.

Менің тапсырмам бойынша «Қазме­диа орталығы» жаңа телерадио кешені салынып, белсенді жұмыс істеуде. Онда панорамалық студиялар, ньюс-румдар және мәжі­ліс залдары орналасқан. Ол заманауи аппараттық-студиялық және дыбыс жазба құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған.

Қазір ол жерден бүкіл жетекші ұлт­тық телерадиокомпаниялар эфирге шығады.

Тағы бір астаналық ірі жоба жаңа Оқушылар сарайын салу болып табылады. Балалар мен жасөспірім­дер­ге арналған бұл ғажап әмбебап нысанды біз Тәуелсіздіктің жиырма жыл­дығы қарсаңында аштық. Бұл жерде біздің өскелең ұрпақ­қа қажетті жағдайлардың бәрі қарас­тырылған. Мұнда – мұз айдынынан, теннис корттары, бассейн, жеңіл атлетикалық манежден бастап, театр кешендері, би залдары және обсерваторияларға дейін бар. Өт­кен екі жыл ішінде Оқушылар сарайы біздің жас жеткіншектерімізді дене тәрбиесіне және рухани құн­ды­лық­тарға баулитын басты орта­лыққа айналды.

Біздің Астанамызға Қазақстан­ның бүгінгі таңдағы рухани орта­лығы болуды тағдырдың өзі жазған. Оның көшелерінің атаулары арқы­лы біз қазақ­стандық бұрынғы астана­лар мен көне қалалардың сан ға­сыр­лық шежі­ресін мәңгілікке қал­дыр­дық. Алматы Ақмешіт, Орынбор, Түркістан, Сарай­шық, Сауран, Сығанақ – міне, осы атаулардың бәрі астаналық топо­нимикаға біре­гей үндесіп, оған тарихи мазмұн берді.

Мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съе­зін өткізу идеясын осы жерде туып жә­не осы жерде жүзеге асырыл­ған­­дығын кездейсоқтық емес деп са­наймын. Әртүрлі діндердің руха­ни көш­басшылары мен жетек­ші­ле­рінің әрбір үш жыл сайын ба­сын қосып отыратын бұдан бас­қа елорда бүгінгі әлемде жоқ. Олар­дың Қазақстанға бей­бітшілік және өркендеу тілеген батасымен осы­мен төртінші рет Астана­ның қа­сиет­ті топырағы мен ауасы дәріп­телді.

Астанада мұсылман әлемінің бе­делді имамдары мен дін сөзін ұс­тау­шылары бірнеше рет болды. Мәскеу және Бү­кіл Ресей Патриархы Кирилл біздің аста­намызға екі рет келді. Біз Рим Като­лик шір­кеуі­нің понтифигі Иоанн Павел Екін­шіні, Константинополь Патриархы Варфоломейді, Армян апостол шіркеуінің католикосы Гарегин Екіншіні, сонымен бірге, басқа да көптеген конфессиялардың өкілдерін қонақжайлылықпен қа­был­дадық.

Астанада аз уақыттың ішінде – «Нұр Астана» және «Әзірет Сұл­тан» мешіттері, православиелік Успен Кафедралдық Соборы, като­ликтік Құдай Ананың Тынбайтын Көмек Соборы, «Бейт Рахель – Хаббад Любавич» синагогасы сияқты тамаша діни-рухани нысандар салынып, жұмыс істеп тұр.

Менің бастамаммен Астанада бүгінде бүкіл қазақстандықтар үшін нағыз архитектура киесіне айналған біздің халқымыздың бірлігінің тұғыры ретіндегі Бейбітшілік және келісім сарайы салынды.

Мұнда Қазақстандағы этнос­ара­лық және конфессияара­лық толерант­ты­лық­тың басты теті­гі­не айналған Қазақстан халқы Ас­сам­блея­сының сессиясы жыл сайын өт­кізіледі.

Іс жүзінде біздің елордамыздың барлық қонақтары біздің жеріміздегі бейбітшілік пен тыныштықты, ел­орда тұрғындарының толерант­ты­лығын ерекше атап көрсетеді. Бүкіл қазақстандық қоғамның бірлігін, Қазақстандағы барлық этностар мен конфес­сиялардың достығын нығайта отырып, бұл қасиеттерге Астана сәуле шашады.

Астана және қазақстандықтар

Астана тақырыбы бүгінде қазақ­стан­дық қолөнер шеберлерінің және сурет­шілердің, жазушылардың және ақындардың, сазгерлердің және кинематографистердің шы­ғар­ма­шы­лығына берік кірікті.

Ол туралы поэмалар жазылып, әндер шығарылады, оның көзге таныс қалалық көріністерін біз бүгінгі фильмдерден жиі-жиі көреміз. Ел­ор­да туралы кітаптар жазылды.

Нақ осының өзі халықтың өзі сал­ған Астанаға деген бүкілхалық­тық махаббаттың көрінісі емес пе?

Мен қазір біз өз қолымызбен тұр­­ғызып жатқан Астана әрбір қазақ­стандық үшін оның жүрегіне жақын біз­дің жаңа Отанымыздың бір бөлшегі екендігіне сенімдімін.

Астананың құрылысына Қа­зақ­станның барлық өңірлері үлес қосты. Елорданы кө­шіру қарса­ңында әрбір өңір осында өз бетімен екі көппәтерлі тұрғын үй құры­лысын салу жөнінде міндеттеме қабылдады.

Орталық мемлекеттік органдар қыз­меткерлерінің отбасылары осы үйлер­ден пәтер алды. Пайдалануға берілген әрбір үйді дерлік өзім аралап көріп және өзім қабылдап алған кездерімнің болғаны да әлі есімде. Бүгінде бұл үйлердің тұрғындары өз үйлерін қай өңірдің құрылысшылары салғанын біледі. Мәселен, соған сәйкес бұл үйлерді – алматылық, қарағандылық, қоста­найлық деп атайды.
Астананың өмірге келуі және қа­лыптасуы – біздің бүгінгі тари­хы­мыздың тұтас бір дәуірі. Ол алғаш Аста­наның іргетасын қалау­шылардың – архитек­тор­лар­дың, инженерлердің, про­раб­­тар­дың, көші-қонды ұйым­дас­тыру­шы­лар­дың, жұмыс­шы­­лардың нағыз ерлігі туралы сыр шертетін көптеген шежірелерді топтастырған.

Бүгін мен Қазақстанның жаңа елор­дасының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып, күрделі міндеттерді шешіп, менің жанымнан табылған көптеген аза­маттарды шынайы ризалықпен еске аламын.

Олар В.Ни, А.Бөлекбаев, Ж.Кә­ріб­­жанов, Ә.Жақсыбеков, Т.Дос­мұхам­бетов, Н.Макиевский, Ф.Га­ли­мов, Б.Нұрпейісов, О.Пес­ков, В.Иванов, Қ.Омаров, Р.Бек­бо­латов, Ә.Аубеков, Н.Тихо­нюк, А.Рүс­тем­беков және көптеген тағы басқалар.

Қазіргі таңда бұл жұмыс одан әрі жалғасуда. Қаланың қазіргі бас­шылығы да елорданың дамуына өз қолтаңбасын қалдыруда. Солай бола тұрса да, бұл мәселе тек әкім­діктің ғана міндеті емес, сонымен бірге, Үкіметтің және бүкіл еліміз­дің алдында тұрған ауқымды мәселе.

Астана құрылысшыларының ең­бек­тегі ерлігі – бүгінде Жалпыға Ор­тақ Еңбек Қоғамын құрушы бүкіл қазақ­стандықтар үшін, біздің жас­тарымыз үшін үлгі тұтатын жар­қын өнеге болмақ. Мен Қазақ­станның алдындағы өздерінің пат­риоттық парыздарын орындай отырып, Астананың құры­лысын салуға қатысқандарға және қаты­сып жүргендердің барлығына ризамын.

Әлемде әртүрлі мемлекеттердің азаматтарының өздерінің елордаларына деген айрықша ізгі сезімдерін білдіретін мысалдар аз емес.
Бұл ретте Таиландтың мысалы өте қызықты. Олардың астанасы Бангкокты сонау ХVІІІ ғасырда қазіргі би­лік басындағы Чакри әулетінің негі­зін қалаушы король Бірінші Рама кіш­кентай дерев­няның орнына тұрғызған болатын.

Қалаға мемлекет үшін оның ма­ңы­­зын атап көрсететін 33 эпи­тетті біл­діретін атау берілген. Өзде­рі­нің аста­наларының осы қасиетті атауын есте сақтау үшін оған арнап музыка шыға­рылған, соның нәти­жесінде әдемі ән дү­ниеге келген.

Содан бері бұл әнді бастауыш мек­тепте үйретеді. Әрбір тайлық астананың осы бір романтикалық атауын біледі және өзінің бүкіл өмі­ріне арқау етіп, оның мәңгі сөнбес құнды­лықтарын келесі ұрпаққа ұлағат етеді.

Астананы құру тарихының да қыр­лары көп, айтары мол. Келешекте біздің барлық мектептерімізде Қазақ­стан тарихы бойынша Астана тарихы атты жеке арнаулы курс өткізілетініне сенімдімін.

Бүгінде біздің елордамызды ара­лауға келетін қазақстандық­тар­дың саны барған сайын өсіп барады. Астанада болып, оның архи­тектуралық таңғажайыптарын өз көзімен көру әрбір қазақстан­дықтың жеке өміріндегі ерекше маңызды оқиғалардың бірінен саналады. Мұнда Қазақстанның бас­қа қала­ларынан арнайы турлар ұйым­дастырылады.

Астана қазақстандықтарды өзі­не тартатын аяулы орталыққа, жал­пыға бірдей қимас құндылыққа, айрықша мақтанышқа айналды. Қазақстанның көптеген қала­ларында елорданың атауымен аталатын алаңдар, көшелер, саябақтар және гүлзарлар пайда болды.
Астана – Қазақстанды әлемге та­нытқан, дамудың жаңа биіктеріне бастаған халықты топтастырған біздің бүкіл қазақстандық жалпы­ұлт­тық идея.

Астана және «Қазақстан-2050» Стратегиясы

Әлемдік тәжірибеде ұлттық мем­ле­кет­тердің жаңа даму дәуірін айқын­даған астаналарды көшіру мысалы аз емес.

Қазақстан – осындай жобаны іс жүзіне асыруға әлеуеті жеткен ТМД мемлекеттерінің ішіндегі бірден-бір ел.

90-шы жылдардың ортасында бұл идеяның жүзеге асатындығына сенім білдіргендердің қатары тым сирек еді. Алайда сәуегейлер бұл жолы да қателесті.

Астана аз уақыттың ішінде салтанат құрды және жалпы бүкіл жаңа еліміздің даму әлеуетінің қуатын көрсетті. Бұл біздің алғаш рет ойдағыдай іс жүзіне асырылған стратегиялық мақсатымыз еді.

Қазақстанның жаңа тарихындағы екі елеулі оқиғаның іс жүзінде тұспа-тұс келуінің де нышандық мәні бар. Мен бұл жерде елорданы көшірудің басталуын және «Қазақстан-2030» Стратегиясының қабылдануын айтып тұрмын.

Астана еліміздің дамуында ба­сым­дық берілген алғашқы ұзақ мерзімге арналған бағдарлама­лар­дың барлығының мерзімінен бұрын іс жүзіне асырылуында шешуші рөл атқарды.

Елорданы көшіру еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайтты. Қазақстан экономикасының аса жоғары экономикалық өсу қарқынына қол жеткізуде елорданың өлшеусіз үлесі бар. Ол дамудың үлгісін көрсетті, Қазақстанның барлық өңірлері осы жолмен жүрді.

Астана біздің қоғамымыздағы бейбітшіліктің және келісімнің негізгі тұғырына айналды, қазақ­стан­дықтарды берік топтастырды.
Жаңа елорда көптеген инфрақұ­рылымдық жобаларға бастау болды. Бурабайға дейінгі, ал қазір Көк­шетауға және Петропавлға дейін құрылысы жалғасып жатқан бірінші қазақстандық автобан да бастауын осы жерден алады. Ал оңтүстікте бұл автобан Қарағанды арқылы Алматыға дейін созылатын болады. Елорда жаңа темір жол тораптары жүйесі арқылы еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерін жалғастыратын алтын көпірге айналды.

Астана – бүкіл қазақстандықтар үшін саламатты өмір салтының және сапаның жоғары көрсеткіші.

Ол әлеуметтік дамудың жаңа қа­зақ­стандық үлгі-қалыптарын қа­лып­тастыруда, біздің бүкіл қоға­мымыз осы деңгейге қол жеткізуге ұмтылады.

Біздің елорда – тиімді және кәсіби мемлекеттік басқару жүйесі. Сонымен бірге, Астана ұлттық дамудың қуатты локомотиві ретінде бүгінде халық пен билік бірлігінің нышаны болып табылады.

Бүгінде елорданы «Қазақстан-2050» Стратегия­сының өмір­ге жолда­ма алған жері деп айтуға толық негіз бар. Осы жерде «инемен құдық қазған­дай» оның тұжырымдамалық бей­несі жасалды. Осы жерде ол көпте­ген сарап­тамалық тал­қы­лаудан өтті. Осы жерден ол бүкіл ха­лық­тың назарына ұсы­нылды.

Еліміздің дамуы жөніндегі Жаңа саяси бағытты іс жүзіне асыру жөніндегі басқару тетіктері де Астанадан таралуда.

Бүгінде елордада Қазақстанның қуат­­ты зияткерлік ядросы топтас­ты­рылған. Астана Қазақ­стан­ның XXI ға­сырдағы креативті экономи­калық өсі­мін және әлеуметтік жаңғы­руын, оның ішінде «жасыл» эконо­миканы қамтамасыз ететін иннова­циялық дамудың берік іргетасына айналды.

Осы аймақтық және жаһандық сая­саттың жаңа полюстерінен біздің бүкіл әлемге бағытталған батыл бастамаларымыз туындауда. Ол G-GLOBAL қағидаттарымен және әлемдік құры­лым­ның тұжырым­дамалық үлгі-қалып­тарымен үйле­сім тапқан.

Астана сайын далада тұрғызылған жа­ңа қала ғана емес. Бұл Батыстың сыр­­баз­дығы мен Шығыстың терең рух­ани дәс­түрлерін бойына берік сіңірген қазақ­стан­дықтардың тұтас дүниетану жүйе­сі және оны елорданың тамаша сәулет өне­рімен айшықтау көрінісі.

Астана әлі де қарқынды дамиды, ол бұ­дан да сымбатты, бұдан да заманауи бола­ды. Қазірдің өзінде аспанмен талас­қан 80 қабатты жаңа зәулім ғи­марат «Абу-Даби плазаның», «Ритц-Карл­тон» қонақ үйінің құрылысы басталды, ЭКСПО-2017 ғима­рат­тары­ның құрылысы бастау алады. Өскелең ұрпақ елорданың бай архитекту­ралық ансамбліне жаңа мән мен мазмұн әкеледі.

Мерзімді баспасөз беттерінен мен тура­лы айтылған Астананың «бас ар­хи­текторы», ал елорда туралы менің «ең сүйікті перзентім» деген пікір­лерді жиі кездестіремін.

Шындығында, маған жаңа елордамыз үшін жан-жүрегіммен алаңдай отырып, талай мәрте жобалар мен сызбаларды зерделеп, ұйқысыз түндер өт­керуге, нақты құрылыс басында ке­ңес өткізуге тура келді.

Мен «Бәйтерек» монументі, «Пирамида», «Отан қорғаушы­лар» архитектуралық ансамблі, «Хан Шатыр», «Астана Опера», «Мәңгілік Ел» ке­шендері сияқты Астананың бір­қа­тар ғи­ма­раттарының үлгісін сызып, кә­сіби шеберлерге олардың бейнесі мен идеясын ұсындым.

Иә, мен де бүкіл қазақстандықтар сияқты бұл қаланы бүкіл жан-жүре­гіммен қатты жақсы көреті­німді жасыра алмаймын. Шетел­дерге немесе Қазақстанның өңір­лерінде болған алыс сапарлардан оралып келе жатып, мен әрқашан туған Астанаммен жүздесуді тағат­сыздана күтемін, ил­­лю­­ми­­на­тордан елорданың панора­масын көргенше асығамын.

Менің туған күнімнің Елорда күнімен тұспа-тұс келгенін айрықша мақтан тұтатынымды ашық айтқым келеді, өйткені, Тәуелсіз Қазақстан, оның жаңа елордасы Астана менің тағдырыма, менің өміріме, менің зор бақытыма айналды.

Бұл сезімімді менің миллиондаған қымбатты отандастарымның бөлі­сетіні күмәнсіз.

Астананың 15 жылдығы – біздің ортақ мерекеміз.

Астана күні құтты болсын, қадірлі қазақстандықтар!

«Егемен Қазақстан» газеті,
№165 (28104) 6 шілде, сенбі, 2013 жыл

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 5 =