АСТАНА – ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ

0 310

«Астана – Бейбітшілік қаласы».
«Астана – Еуразия жүрегі».
«Астана – Болашақ Жері».
«Астана – жетістіктер іздеуге тартымды қала».
«Астана – ақылды қала».
«Астана – өмір сүрудің қолайлы деңгейі».
«Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы»…

Он төрт жылда елорданың еншісіне бұйырған балама атау, мадақ, марапат мұнымен түгесілмейді. Айтып тауысу мүмкін емес.
Он төрт жылда Астананың алған асуы мен бағындырған белесін Грузияның халық әртісі Вахтанг Кикабидзенің біздің басылымға берген сұхбатындағы сөзімен қысқа қайырсақ, «Астана – бұл фантастика!»
Себебі, Астана бас айналдырар жылдамдықпен дамып келеді.

Кіріс көбейді. Табыс артты

Өткен жылы қаланың жалпы ішкі өнімі 2 трлн 298 млрд теңгені құрады. Республика бойынша төртінші орында тұрмыз. Қала бюджеті 353 млрд теңгеге
жетті. Жан басына шаққандағы деңгеймен есептесек, Праганың бюджетімен пара-пар. Ал, ауқымы жағынан Киевтен 1,5 есе, Минск қаласынан 2,5 есе артық. Сыртқы сауда айналымы 7,7 млрд АҚШ долларын құрады. Астана экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайыздан асты. Шағын және орта бизнестің субъектілері өткен жылдармен салыстырғанда 16 пайызға өсті. Дағдарыс жылдарында да Астананың өсу процесі тежелген жоқ.Статистикаға сүйенсек, 2008 жылдан бері ішкі өңірлік өнім 60 пайызға артып, қалаға 1,7 трлн теңге инвестиция тартылыпты.

Құрылыс қайнап жатыр 

Тұрғын үй салуда өсім бар. Соңғы үш жылда 4 млн шаршы метр баспана салынды. Өткен бір жыл ішінде 1 400 000 шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Алдағы үш жылда тағы 5 млн шаршы метр үй салынады. «Сақалды құрылыстың» күрмеуі тарқатылды. 243 нысанның құрылысы бүгінде толығымен аяқталды. Үкімет әзірлеген «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы барысында «Хан шатыр» кешені мен Қабанбай батыр даңғылынан батысқа қарай, Халықаралық әуежайдан Сығанақ көшесіне дейін «Мыңжылдық аллеясы» аумағын қарқынды түрде игеру жұмыстары басталды. Бұл аумақта 8,5 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысын салу жоспарлануда. Соңғы бір жылда пайдалануға берілген мәдени нысандар да баршылық. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай «Жас ұлан» мектебінің жаңа ғимараты, Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Қазақтың рухын көтеретін «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы ашылды. Ашаршылық құрбандарына арналған монумент, Құрманғазы ескерткіші бой көтерді. Таяу күндері он мың адамға лайықталған «Әзірет Сұлтан» мешіті ашылады деп күтілуде. Жыл соңына таман Опера және балет театрының құрылысы аяқталады.

Әлеуметтік сала әлеуеті

Соңғы үш жылдың ішінде қалада 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Дәл қазіргі күні 5 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Мектеп ғимараттары Күйгенжар кентінде, Манас және Б.Момышұлы көшелерінің қиылысқан жерінде, «Батығай» тұрғын үй кешенінің тұсында және №6 мектеп-гимназия мен №19 мектепке жапсарлас орын тебетін болады. Биыл бұдан өзге сол жағалаудағы 4-шағын ауданда және «Железнодорожный» кентінде 2 жаңа мектептің құрылысы басталады. Мектептер жалпы алғанда 6700 оқушыны қамтитын болады. Соңғы үш жыл ішінде елордада түрлі дәрежедегі 10 емдеу орталығының ғимараты пайдалануға берілді. Олардың бірі – 500 орындық №1 қалалық аурухана. Биыл тағы да 3 жаңа медицина мекемесі іске қосылмақ. Атап айтқанда, Оңтүстік- шығыс шағын ауданында амбулаториялық емхана кешені, 250 орындық Балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, ауысымда 250 адамды қабылдайтын кеңестік- диагностикалық емханасы бар 350 орындық көп салалы қалалық балалар ауруханасы. 2015 жылға дейін елордада 12 емхана салынуға тиіс. Бүгінде екі емхана құрылысы салынып жатса, енді біреуінің құрылысы биыл басталмақ. «Балапан» бағдарламасының шеңберінде 2011 жылы түрлі типтегі 33 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Екі жылда 83 балабақша пайдалануға берілді. Өткен жылы 156 орындық тірек- қозғалыс жүйелері зақымданған балаларға арналған мамандандырылған тұңғыш балабақша пайдалануға берілді.

«Жолдың өзі – саясат»

Мұны айтып жүрген менің әріптестерім. Расымен, жол – елдiң экономикасынан хабар береді екен. Шетелдiк инвесторлар мемлекеттiң даму қуатын жолына қарап айқындайтын көрiнедi. Жыл сайын елордада 120 шақырымға жуық жол жөнделеді және салынады. Қаладағы көлік кептелісін азайту мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Қазір қалада 16 жол айырығынан және көпірлерден тұратын ұзындығы 28 шақырымды құрайтын Кіші көлік сақинасының құрылысы жүргізілуде. Бүгінге дейін 8 инфрақұрылым іске қосылды. Биыл жалпы ұзындығы 13,6 шақырымды құрайтын Батыс жартылай сақинасының құрылысы басталмақшы. Елордаға қосылған елді мекендерді кешенді дамыту бағдарламасы бойынша өткен жылы 24 шақырым жол және 44 шақырым коммуникациялық жүйе салынды. 2012 жылы 120 шақырым қала жолдары салынады және күрделі жөндеуден өтеді.

Азық-түлік белдеуі бекем

Былтыр астаналықтар төрт мың тоннаға жуық азық-түлік тұтыныпты. Азық-түлік белдеуі шеңберінде жалпы құны 19,4 миллиард теңгені құрайтын 48 жоба қаржыландырылды. Оның 31-і белсенді жұмыс істеуде. Алдағы уақытта азық-түлік белдеуі шеңберінде жұмыс істеп жатқан шаруашылықтар өнімдерінің 50 пайызын астаналық рынокқа жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. Астанада жыл бойы азық-түлік жәрмеңкелерін өткізу дәстүрге айналған.

Жасыл жайлау, түкті кілем…

Биыл бағбандар қаладағы 151 127 шаршы метр аумақты көк майсамен көмкерді. 2011 жылы қалада 40 мың ағаш және 72 мың бұта түптері, 8,4 млн түп гүл отырғызылған. Ал, биыл бұрнағы жылдары отырғызылған ағаш көшеттерін және гүлзарларды күтімге алумен қатар, қосымша 40 мың ағаш отырғызылып, 8 миллион түп гүл егілді.

Тыныштық күзетшілері тынбайды

Астана – бейбітшілік пен келісімнің қаласы. Мұндай статусты иемденген шаһардың тыныс- тіршілігі мамыражай болуы шарт. Қазір қаланың әр аймағында қауіпсіздікті бақылайтын 25 стационарлық бекет жұмыс істейді. Әрбір ауданның тыныштығын күзетуге күніне 30-ға жуық автопатруль жұмылдырылады. Тәулігіне 1100 полиция қызметкері қауіпсіздікті қадағалайды.

Ақылдылықтың алғышарты

Соңғы жылдары Астанаға қаратып «ақылды қала» жайлы әңгімелер жиі айтылып жүр. Өйткені, елордада еуропалық «ақылды қалалардың» даму үлгісі бойынша«Smart Astana » жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ақылды қаланың алғышарты алты сипаттан тұрады: ақылды экономика, ұялы байланысқа қолжетімділік, ақылды қоршаған орта, ақылды әкімдік, ақылды тұрғын үй ортасы, ақылды тұрғындар. Қысқасы, 2030 жылға дейін коммуналдық төлемдер, дүкендегі есеп айырысу, үйдің есігін ашып-жабу, оқушының мектепке кіріп-шығуы, жедел медициналық жәрдем көмегі бәрі-бәрі түгелдей электронды түрде басқарылатын болады.

Астананың демографиялық ахуалы

2012 жылғы 1-мамырдағы есеп бойынша Астана тұрғындарының жалпы саны 755344 адамға жетті. 2011 жылмен салыстырғанда бұл мәлімет халық санының 12426 адамға
артқанын көрсетеді. Астанада күн сайын кемінде 40 сәби дүние есігін ашады. Статистика департаментінің 2012 жылдың алғашқы тоқсанында таратқан мәліметі бойынша Астанада некеге тіркелгендер саны 15,8 пайызға артқан. Халықтың табиғи өсімі 6 есеге көбейіп, нәтижесінде өмір сүру ұзақтығы 74 жасқа жетті. Бұл – ел бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Тағы бір қуанарлығы, қандастарымыздың қатары артып келеді. Елбасы өз сөзінде «Астанада қазақ халқының үлесі басқа қалаларға қарағанда басымырақ. Көп өтпей қазағы көп қаланың біреуі Астана болады», – деген еді. 2012 жылғы қаңтар – сәуірде халықтың көші-қон өсімі 7643 адамды құраған. Демек, «қызмет етемін», «білім аламын» деген үкілі үмітпен Астанаға ағылғандардың қарасы да күн санап артуда. Қысқасы, ресми емес мәлiметтер бойынша, дәл бүгiнгi күнi Астана милиионға жуық жанға мекен болып отыр.

Туризм саласындағы серпін

Жалпы, Астана туристерден кенде емес. Олардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, 2010 жылы Астанаға келген туристер саны 464403 адамды құраса, 2011 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 560923 адамға жеткен. Бұл жылбасындағы кезеңмен салыстырғанда келушілер санының 43,9 пайызға өскенін көрсетеді. Туристiк салада көрсетілген қызметтердiң жалпы көлемi 14216000,6 мың теңгені құрапты. Сатылған жолдамалардан түскен қаржы 1820230,3 мың теңгеге жеткен. Бүгінде қалада туристік қызметпен айналысатын 187 туристік фирма және 21 жеке кәсіпкер бар. Сондай-ақ, қонақтарды орналастырумен шұғылданатын 129
кәсіпорын жұмыс істейді. Жалпы елордаға табан тіреген туристердің жартысынан көбі, яғни 76,2 пайызы іскерлік мақсатпен келеді екен. Тек 21,2 пайызы ғана демалу, емделу мақсатын көздеп келген. Елбасы осыған байланысты жергілікті басшыларға «Астана жақын уақытта медициналық туризм орталығына айналуы тиіс» деген тапсырма жүктеді. Туризмнің бұл түрін дамыту үшін алдымен маңдайалды медицина орталығы болуы қажет. Астана қаласының медициналық кластеріне кіретін клиникалар жабдықталуы жағынан әлемдік деңгейдегі жоғары талаптарға жауап береді. Республикалық нейрохирургия орталығы бүкіл Орта Азиядағы бірден- бір орталық болып есептеледі. Диагностикалық орталықта орнатылған аппараттар арқылы қатерлі ісікті бастапқы сатысында анықтауға мүмкіндік бар. Кластер құрамындағы әрбір клиникада қолданылатын осы тектес технологиялардың арқасында бұрын тек шетелдерде жасалатын күрделі операцияларды қазақстандық дәрігерлер де жасай алатын күнге жетті.

Жетістіктер желісі

«Астана – жетістіктер іздестіруге тартымды қала». Бұл тіркес танымал «National Geographic» журналының бетінде жарияланды. Мақала авторы қазақтың бас қаласын осылай деп бағалапты. Себебі, шетелдік сарапшылардың пікірінше, Астана әлемдегі жедел дамушы, болашағы жарқын қалалар қатарында.
Бүгінгі күні елордада әлемнің жетпіс жеті мемлекетінен келген жүз мыңнан астам шетелдік тұрып жатыр. Дау-жанжалсыз, қақтығыссыз. Өткен жылы ғана Брюссельде Астана әкімдігінің басқару жүйесі жоғары бағаланып, Еуропалық сапа менеджменті қорының сертификаты табысталды. Бұл мәртебелі атаққа осы күнге дейін ТМД кеңістігіндегі бірде-бір ел қол жеткізіп көрген жоқ. Бұдан өзге, британиялық «Экономикс» журналының рейтинг агенттігі 140 қаланың арасында Астанаға «Өмір сүрудің қолайлы деңгейі» мәртебесін бергенін де біле жүріңіз.

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 − three =