Астана – Қазақстанның айшықты бейнесі

0 268

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі мәдени ордалардың бірегейі саналатын «Астана Опера» ғимаратында елорданы одан әрі дамыту жөніндегі жиналысқа қатысып, Астананың бүгінгі жағдайы мен алдағы жоспарлары туралы әңгіме қозғады. Осы жиынға Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов, Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов, сондай-ақ қаланың бүгіні мен ертеңіне жауапты тұлғалар түгелдей жиналды.

Басқосуды ашқан Елбасы: «Астана қарқынды түрде дамып келедi. Іргетасы қаланған уақыттан бергі 16 жылдың iшiнде көптеген жұмыстар атқарылды. Бiз өзге мемлекеттердің астаналарымен иық тірестіре алатын жаңа астананы салуымыз қажет. Алдымызға сондай үлкен мақсат қойып отырмыз. Қашанда тұрғындардың өмiр сүруіне ыңғайлы астаналар қатарына енуге талпынайық» деді.

Сонымен қатар, жиында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен «Астана EXPO-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияев баяндама жасады.

Мемлекет басшысы Астанада өндiрiлген өнiм көлемiнiң 7 пайызға артып, 260 млрд теңгеге жеткенін атап өттi. Оның айтуынша, экономикамызға 545 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылған. Соның арқасында шағын және орта бизнесті дамыту мықтап қолға алынды.

«Бiз салып жатқан бiрегей нысандар қаламыздың мәдени, спорттық, сауда және туристiк ірі орталыққа айналатынын айшықтап тұрғандай. Қалаға бірінші рет 1 млн туристiң келiп-кеткенi – соған дәлел. Олардың 10 пайызы – шетелдік азаматтар. Осы статистиканы әлi де нақтылап, жұмысты осы бағытта жалғастыра беру қажеттігін айтқым келеді» деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Ол алдағы жылдары қала алдында тұрған маңызды мiндеттердiң бiрi – «EXPO-2017» көрмесiн өткiзу екенін айта келіп, көптеген қаланың ішінен жеңiске жетiп, көрменi өткiзу мүмкiндiгiне ие болғанымызды үлкен сәттiлiкке балады.

Көрменi өткiзу жолында күрес жүргізгеніміздің өзі қаланың даму қарқынына жаңа серпiн бергені рас. Бұл күндері елордада жаңа орталықтар бой көтеріп, жаңа деңгейге өтiп жатыр. Осыдан кейін-ақ әлем жұртшылығының елордамызға деген қызығушылығы арта түспесе, еш кемімесі анық.

Елбасы тағы бір сөзінде «Бiз «ЭКСПО»-ны бекерден-бекер қолға алып жатқан жоқпыз. Болашаққа бағытталған жобаның қабырғасын қалап жатырмыз. Бұл инновациялық жобалардың ең ірі әрі ең негізгілерінің бірі болып табылады. Онда тек қана жасыл экономиканың ең соңғы заманауи технологиялары қолданылмайды, сонымен бірге ғылым мен өндiрiстiң өзге салаларындағы зерттеулерге жол ашылады» деп түйін жасады.

Мемлекет басшысы Астананың қарқынды түрде дамып келе жатқанын айтып, қаланың жер-жерінде жүріп жатқан құрылыстардың баяулығын сынға алды. Сонымен қатар, қалаішілік тас жолдардың ой-шұқырларын, базарлар маңындағы қоқыстардың көптігін және игерілмей бос жатқан жерлердің бар екенін жіпке тізгендей етіп айтып берді. Экраннан суреттері де көрсетілді. Осыған байланыс­ты маңызды деген мәселелердің туындауына себепші және өз ісіне салғырттық танытқан лауазым иелерінен жеке-жеке жауап алып, ескертулер беріп отырды.

«Игерiлмеген жер телімдерін кәдеге жарату жұмыстарын одан әрі жалғастыру керек. Қазіргі уақытта 254 жер учаскесi қайтарылып алынды, енді бұл жерлердi инвесторларға беру қажет. Олар ол жерлерге қуана жүріп жаңа құрылыс жүргiзетiн болады. Рас, кейде мәселелердің де туындап жататын кезі болады. Мысалы, жер учаскелерiнiң иелерi ескерту алған соң, оны өзге тұлғаларға, яғни тамыр-таныстарының атына қайта рәсiмдеп, жалтарып кеткісі келеді. Сондықтан бұл мәселені жөндеп қарастырып, жаңағыдай арам пиғылдыққа жол бермеуіміз қажет» дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Игерілмеген учаскелер тақырыбын біраз қозғаған Елбасы Бас прокуратураға қолданыстан алынған жерлерді қайта ресiмдеу бойынша жұмысты тоқтатпау керек екенін ескертті. Оларды жеке қарастырып, тіпті, қажет болса, игерiлмеген учас­келерге байланысты ескертулер өз күшін жойғаннан кейiн сыйға тарту және сату сияқты қитұрқылыққа тыйым салатын өзгерістерді заңға енгiзудi тапсыра алатынын қадап айтты.

Сондай-ақ, Елбасы «Негiзгi жұмыс қалалық әкiмдiк пен оның қызметкерлерінің үлесiне тиесілі. Сiздер үшiн өте маңызды, күрделi әрі қызықты істер атқарылуда. Соңғы 5 жылдың iшiнде мемлекеттiк бюджетке түскен түсiм 2 еселеніп, 60 млрд теңгеге жеткенi – қуанарлық жағдай. Бұл – өте маңызды көрсеткiш. Өндiрiлiп жатқан өнiм, активтер құны бойынша мемлекеттiң Астанаға жұмсаған шығыны толықтай өтелдi десек те болады. Қазақстанның байлығын дамып келе жатқан тағы бiр қаламен толықтырдық» деп, Астананы әлем жұртшылығы алдындағы Қазақстанның айшықты бейнесі екенін атап өтті.

Қазiргi күнi азық-түлiк тауарларын сататын 15 базардың үштен бiрінде мүдделi органдардың сапа жөнiндегi қорытындылары мүлде жоқ. Олар сол себепті салық төлемейдi екен.

Осы жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев «Олардың бет-бейнесi мен көрсететiн қызметтерінің сапасы ешқандай нормаға сәйкес емес. Бірақ халықтың көп бөлiгi сол жерлерде жұмыс iстеп, кәсiпкерлiкпен айналысып жатқанын білеміз. Соларды ескере отырып, қай-қайсысына да әзiрге қатаң талаптар қоюға асықпаймыз» дей келе, қолға алынған логистикалық орталықтардың құрылыс жобаларына оң баға берді.

Алғашқы логистикалық орталық Астанада бой көтермекші. Ал оған шетелден 300 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылып қойды. Бiрiншi нысанның қабырғасы 15 қараша күні қалана бастайды. Құрылысы аяқталғаннан кейiн-ақ қала ішіндегі 7 базар сонда көшiрiлетiн болады. Осы жөнінде мемлекет басшысына Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов баян етті.

Олардың қалай болса солай жұмыс iстеп жатқанын сынға алған Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразия» базарының өзі млрд теңге салық төлемегеніне айғақтар келтіріп, «Шанхай» және Тәуелсiздiк даңғылындағы базарлардың да санитарлық талаптарға сай келмейтінін қаперге салды. Ол мәселенің базарларды жауып тастауда емес екенін айтып, мәжбүрлеу арқылы талап пен тәртіпті күшейту керек деген ой тастады. Адамдардың азық-түлік сатып алатын жерлері болғандықтан антисанитарияға жол бергендерге айыппұл салып, қатаң жаза қолдануды қалалық әкiмдiк, Қаржы министрлiгi және тұтынушылардың құқығын қорғауға жауапты агенттікке тапсырма берді. Елбасы оларды жауып тастайтын ойдың жоқтығын тағы бір мәрте ескертіп, базарлардың тек қана таза әрі санитарлық талаптарға сай болып, салықты дұрыс төлеуi үшін белгілі бір тәртіптер орнату керектігін түсіндірді.

Алқалы жиында Елбасы «Осы күндері Астана қаласында 200 пәтер иелері кооперативі (ПИК) жұмыс iстейдi. Тұрғындар тарапынан соларға да қатысты көп сын айтылып жатқанын көзіміз көріп жүр. Үстерінен мыңнан астам шағым да түскен. Жалпы алғанда, ПИК жылына қала бойынша 4 млрд теңге қаржы жинайды екен. Ал тұрғын үйлердің шатырларын жөндеу мәселесiне келгенде олардың қалтасы әрдайым тесік болып шығады. Өңiрлiк даму министрлiгiне Астана қаласы әкiмдiгiмен бiрлесе отыра, тұрғындар қаржысының тиiмдi жұмсалуын қамтамасыз ететiн жаңа бір жобаны жасауды және ПИК-терден өз мойындарына жүктеген істерді толықтай атқаруды талап етудi тапсырамын» дедi.

Сонымен қатар, қаладағы қылмыстық істердің көптеп орын алып жатқанына назар аударған Елбасы құзырлы органдардың құрығынан құтылып кетіп жатқандардың да көптігіне алаңдаушылық білдірді.

«Бас қаладағы қылмыстық жағдайлар бұл күндері республика бойынша көш бастап тұр. Былтырғы жылы қылмыс көлемі 53 пайызға артса, оның ішінде ауыр қылмыстар саны екі есеге дейін жетіп отыр. Ал қылмыстардың ашылу үлесі 36 пайызды құраған» деген Мемлекет басшысы қаланың адамдар өмірі үшін қауіпсіз болуы тиіс екенін айтты. Бұған Ішкі істер министрлігінің бел шеше кірісуін қалаған ол көшелерге бейнебақылауды да көбірек орнатуды міндеттеді.
Дүниежүзіне Астана мен Қазақстанның қатар насихатталуы үшін «ЕХРО-2017» көрмесін өткізуді мойнымызға алғанымызды үлкен жауапкершілік деп есептеген Елбасы көрменің өтетіні туралы ел тұрғындарының барлығы бірдей әлі де болса біле бермейтінін айтып, насихаттаушы топтардың жұмысына көңілінің толмайтынын жеткізді.

«Қала инвестициясы құрылымы­ның жартысын жеке капитал үлесiнiң құрайтынын атап өткен жөн. Шетел инвестицияларын тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нашар екенін атап өткім келеді. 2013 жылғы 540 млрд теңге жалпы көлемнiң iшiнде шамамен 1,4 млрд теңге шетел инвестициясын құрады. Бұл дегенің – жалпы инвестиция көлемiнiң 0,2 пайызы. Негізі, бiздiң қаламызға деген қызығушылық өте үлкен. Шетелдiктер жеткiлiктi деңгейде келiп жатыр. Тіпті, бiзде арнайы инвесторларға қызмет көрсету орталығы құрылған. Дегенмен, инвестицияларды тарту нәтижесi көңіл көншітпейтіндей деңгейде болып отыр» дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қаладағы мәдениет орындарының да қандай іспен айналысып жатқанына мән беріп, барлығы бірдей белсенді жұмыс жасау қажет деп және жаңа заманға сай өнер мектептері мен білім ошақтарына мұқтаждық болмау керектігін мәлімдеді. Оның айтуынша, үш жылдан кейінгі көрмені есепке алмағанда алдағы уақыттары қысқы олимпиада ойындарын өткізу мүмкіндігіне ие болып жатсақ, барлығымыздың мойнымызға екі есе жүк артылады. Сондықтан, ол барлық жағдайға дайын болу керектігімізді ескертті.
Жиын соңында Елбасы барлық жауапты тұлғалардың өз қызметтеріне салғырт қарамауын тапсырып, бас шаһарымызды одан әрі гүлдендіру жолында аянып қалмауға шақырды.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + 13 =