АСТАНА – ҚАЗАҚСТАН СПОРТЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ

0 138

Айталап КУРГАМБАЕВ, Астана қаласы Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы

 

Әлеуметтанушылардың соңғы зерттеулері бойынша Астана қаласының әрбір төртінші тұрғыны денешынықтыру және спортпен айналысады екен. Ал олардың көпшілігі, яғни, 35 пайызы жүзуге баратыны, әрбір бесіншісі бокс, күрес секілді жекпе-жек түрлерін таңдайтыны, үшінші орынды футболды қалайтындар иеленетіні белгілі болып отыр. Одан әрі фитнес, жеңіл атлетика және велоспортқа әуестенушілер саны артып отырғаны айтылады.

Бүгінгі заманда әрбір адамның бір мезгіл спортпен айналысуға уақыт таба білуі өте қажет-ақ. Жыл өткен сайын қала тұрғындарының денешынықтыру мен спортқа үлкен мән бере бастағаны, әрине, қуантарлық жағдай. Осы орайда Астана қаласы бойынша соңғы бес жылда денешынықтыру және спортпен тұрақты айналысатындардың қатары екі есеге өсіп, бүгінде олардың саны 159 318 адамды құрап отырғанын айтуға болады. Демек, «Астана – спорт қаласы» деген сөздің өміршеңдігі күн өткен сайын дәлелдене түсуде.

Республика бойынша аталып өтілетін Спорт күні қарсаңында Астана спортының даму үрдісі туралы айтып өтудің реті келіп тұрғандай.

Астана бүгінде тек сәулетті спорт ғимараттарымен ерекшеленіп қоймай, республикалық және халықаралық жарыстар өткізетін қа­ла ретінде де танылып отыр. Елорда тұрғындары көптеген халықаралық турнирлерді тамашалап үлгерді. Әлемдік спорт ұйымдары мен спорттық федерациялар ірі жарыс­тарды Астанада өткізуге мүдделі болып, біздің қалаға жоғары сенім арта бастады. Тәжірибе көрсеткендей, әртүрлі спорт түрлері бойынша өткізілген әлем кубоктарының этаптары, олимпиадалық лицензиялық турнирлер, құрлық және әлем біріншіліктері, басқа да халықаралық жарыстарды қабылдау барысында елордамыз өзін қонақжай алаң иесі ретінде көрсете білді.

Атап айтар болсақ, 2012 жылы Астана қаласында 495 спорттық шара ұйымдастырылды. Оның ішінде 106 республикалық, 35 әлемдік деңгейдегі халықаралық жарыс өткізілген. Салыстырып қарасақ, 2009 жылы 480 спорт шарасы өткен екен. Ал биылғы жылдың, яғни, 2013 жылдың тек қана бірінші жартысында 369 шара өткізілген, олардың ішінде 66 республикалық және 30 халықаралық деңгейдегі жарыстар болды. Осы аталған спорттық шараларға 64 мың спортшы қатысса, 140 мың жанкүйер тамашалаған. Міне, осы көрсеткіштерге қарап отырып, биыл бұқаралық-спорттық шаралар өткізу бойынша өзіміздің рекордымызды жаңартатынымыз сөзсіз.

Астанада спорттық шараларды ұйымдастыру сапасына да қойылатын талап жоғарылады. Елорда елімізде бірінші болып спорттық шараларды ұйымдастыру жөнінен өз кадрларын дайындай бастады. Мәселен, «Ұлттық спорт түрлері және бұқаралық сауықтыру-денешынықтыру клубы» – нағыз кәсіби ұйымдастырушылар командасы топтасқан мекеме болып отыр. Астанада осы клубтың қатысуынсыз бірде-бір спорттық шара, мейлі ол бұқаралық-мерекелік, республикалық немесе халықаралық жарыстар болсын, өтпейтін болды десем, артық айтқаным емес. Өткен жылы құрылған «Жігер» спорттық клубы да еңбек ұжымдарында спорттық шараларды, салалық спартакиадаларды ұйымдастыруға үлкен көмек көрсетіп, үйлестіру жұмыстарын атқарып келеді.

Спортта жо­ғары жетіс­тіктерге жету үшін, сонымен қатар халықты бұқаралық спортқа тарту үшін материалдық-техникалық базаның алар орны айрықша болады. Осы орайда Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту, оның ішінде спорт нысандарын қарапайым халық үшін қолжетімді ету жөнінде айтып қана қоймай, тапсырмалар бергені белгілі. Бұл ретте елордамызда жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр. Мәселен, «Алау» мұзайдын сарайы, «Барыс» жабық айдынды кешені, «Сарыарқа» велотрек кешені және «Астана Арена» стадионы кәсіпқой спортшылармен қатар қарапайым тұрғындар үшін де қызмет көрсетіп келеді. Қала басшылығы осы бағытта бар мүмкіндікті қарастырып отыр.

Осы тұста мына бір жағдайды да айтқым келеді. Елордамыздағы кейбір спорт ғимараттары арнайы мамандандырылған нысан болып саналады. Мәселен, велотрек. Мұндағы манежде тек тәжірибелі спортшылар ғана жүре алады, сондай-ақ «Дәулет» спорт кешені теннис ойнауға ғана жарайды. Ал «Алау» және «Қазақстан» спорт сарайлары көпфункционалды болып салынғандықтан, аталмыш кешендерде спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Сондықтан спорт кешендерін қолжетімді ету үшін алдын ала бағдарлама жасалып, біртіндеп жүзеге асырыла бастады. Әр нысанның ерекшеліктері жан-жақты ескерілді. Коммуналдық, қызмет көрсету шығындары, еңбекақы қорына қарай спортпен айналысу сағатының өзіндік бағасы шығарылады. Соған сәйкес, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар, оқушы жастарға жеңілдік тарифтері жасалды. Өкінішке қарай, көптеген адамдар «қолжетімді» және «тегін» сөздерінің маңызын түсінбей жатады. Алайда, бізді денешынықтыру және спортпен айналысушылардың қызмет көрсетудің сапасына мән беретіні қуантады. Біздің білуімізше, спортпен айналысамын деушілерге қашанда мүмкіндік бар. Бүгінде шағын аудандардағы спорт алаңдары ешқашан бос болмайды, функционалды гимнастика жасау бұқаралық сипатқа ие, сонымен бірге, балалар мен ересектер көшедегі спорттық шараларға белсенді қатысатын болды.

Астанадағы спорт нысандары тек қана елордамыздың сәні мен салтанатын айшықтап қоймай, халықаралық спорт жарыстарының тиімді аренасына айналып отыр. Мәселен, жылдамдығы бойынша әлемдегі 400 мұзайдынды ареналардың арасында алтыншы орын, жазықтағы мұзайдындары арасында үшінші орын алатын «Алау» мұз айдын сарайында ашылған кезінен бастап 60 ресми жарыс өткен екен. Респуб­лика бойынша өткізілген коньки жарыстарының бәрі осы алаңда өткізілген. Халықаралық деңгейдегі 11 жарыс ұйымдастырылды. Соңғы екі жылда екі рет Әлем кубогы өтті. Әлем бойынша ірі халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндігі жететін жиырмаға жуық жабық мұз айдынды стадион бар. Солардың бәрі ірі жарыстарды өткізу үшін жыл сайын сайысқа түсіп жатады. Осы орайда біздің «Алау» да Халықаралық коньки жарысы федерациясының жоғары сеніміне ие болып отыр. Оның айғағы – Астанада 2014 жылы ардагерлер арасындағы әлем чемпионаты, ал 2015 жылы спринт жарысы бойынша әлем чемпионаты өтеді.

Жалпы спортқа көңіл бөлетіндер қатары жыл өткен сайын көбейіп келе жатқаны байқалады. Қазір шағын және орта бизнес өкілдері де спорт саласына назар аударатын болды. Соның нәтижесінде, қонақүйлер мен сауықтыру кешендерінде фитнес клубтар жүйесі кеңейіп, спорттық-сауықтыру қызметтері көбейді. Бұқаралық спортпен айналысқысы келетіндер үшін барлық жағдай жасалуда.

Қазіргі кезде Астана қаласының әкімдігі мемлекеттік – жекеменшік әріптестік механизмін пайдалану бойынша жобаларды жүзеге асыру жұмысын жандандырып отыр. Осы әріптестік жүйесі бойынша салынып, пайдалануға берілетін басымды бағыттағы нысандар анықталды. Бұл ретте орталық өкілеттік органдармен келісім жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, бюджеттік фитнес-клубтардың құрылысын жүргізуді Еуропалық қайта құру және даму банкі ұсынып отыр. Сонымен қатар, «Астана қаласының Бас жоспары» мекемесімен бірлесіп қала аумағында денешынықтыру-сауықтыру кешендерін іске қосу үшін 10 жер аумағы белгіленді.

Биылғы шілде айынан бастап қалада «Тарлан» атты мұзайдынды арена пайдалануға берілді. Бұл нысан «Каспий» спортты дамыту қоғамдық қорының бастамасымен «ҚазРосГаз» ЖШС қаражатына салынды. Бүгінде қала тұрғындарының игілігіне айналып отырған тамаша нысан – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, үкіметтік емес ұйымдардың және қала басшылығы ынтымақтастығының нәтижесі.

Бүгінгі таңда қалада алты спорт нысанының құрылысы жобалануда. Атап айтқанда, Олимпиадалық резервті даярлау орталығының көпфункциялы кешені, мүгедектерге арналған «Қайсар» спорт кешені, спорттық ату кешені, олимпиадалық стандартқа сай есу арнасы, 15 мың жанкүйерге арналған хоккей аренасы және жекпе-жек спорт түрлері залы салынатын болады.

Елордамызда жаңа мектептердің пайдалануға берілуіне байланысты спорт залдары мен алаңдары көбейіп отыр. Сонымен қатар, аудандық әкімдіктер тарапынан аулалық спорт алаңдары да тұрғындар игілігіне айналуда. Нақтылай айтсақ, Сарыарқа ауданында 262, Алматы ауданында 199, Есіл ауданында 96 нысан бар. Бұл нысандарда қысы-жазы спортпен айналысуға болады.

Бүгінгі Астана шын мәнінде спорттық дәстүрімен ерекшеленетін қалаға айналып барады. «Астана» велоклубының сары-көгілдір түсті формасындағы спортшылар қаланың бір бөлшегіндей болып кетті. Астаналық велоспорт мектебі республика бойынша алдыңғы қатарда саналып қоймай, қатысушылар қатарының көптігімен де ерекшеленеді. Кәсіпқой спортпен қатар әуесқой саны да көбейіп келеді. Қазір байқасақ, қала көшелерінде велосипедпен жүрушілер жиі көрінетін болды. Сондай-ақ, әуесқойлардың қатысуымен, тіптен, ұйымдар, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысатын түрлі веложарыстар да өткізіледі. Осының бәрі велосипед болашақта Астанадағы көпшілік көліктің біріне айналатынын көрсетсе керек. Астана қаласының бас жоспарында үш типті велосипед жолдарын салу да көзделіп отыр. Демек, келешекте қала тұрғындары үшін Астана да көптеген шетел астаналары секілді экологиялық әрі экономикалық тұрғыдан тиімді әрі пайдалы велосипед көлігін пайдалануға бар мүмкіндікті жасайтын болмақ.

Бүгінгі таңда қалада 103 спорт түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Яғни, әркім жүрек қалауымен айналысатын спорт түрін таңдай алады. Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына қарасты мекемелерінде 75 спорт түрі бойынша 12 555 адам спортпен айналысады. 2011 жылы 65 спорт түрі бойынша 9 068 адам спортпен айналысатын еді. Бұл – негізінен, келешегін спортпен байланыстырып, өз мақсаттарына жетуді армандаған балалар.
Астана қаласының құрама командасы бүгінде республикалық кешенді жарыстардың көшбасшысы болып, нағыз чемпиондар «ұстаханасына» айналып отыр. Биыл көктемде өткен ҚР Жастар ойындарында астаналық жас спортшылар жалпыкомандалық екінші орынды иеленді. Бір айтарлығы, осы жарыстарда Астана командасы ғана барлық 35 спорт түрі бойынша спортшылар шығарды. Нәтижесінде, 103 алтын, 65 күміс және 112 қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, ҚР қысқы спартакиада қорытындысында елорда құрамасы жалпы есепте екінші орыннан көрінді. Республикалық мүгедектер спартакиадасында да елордалық «Қайсар» спорт клубының спортшылары жақсы нәтижелерімен көзге түсті.

«Қайсар» спорт клубы мүгедек адамдарға арналған Қазақстандағы алғашқы маман­дандырылған спорт ұйымы болып саналады. Бүгінде клубта 408 адам 9 спорт түрімен айналысады. Барлық жаттығулар мен жарысқа қатысу бюджеттің есебінен қаржыландырылады.

Елордалық 1242 спортшы ұлттық құрама сапында еліміздің намысын қорғап жүр. 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында 49 спорт шебері мен 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері даярланды. 1599 астаналық спортшы республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары атанды. Біз алдымен қала және республика біріншіліктерінде, одан әрі құрлық және әлем чемпионаттарында жеңіске жетіп жүрген спортшыларымызбен мақтанамыз. Олар – еліміздің де, елордамыздың да абыройын асқақтатқан нағыз жеңімпаздар.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, біздің спортшылардың жеңісі – салауатты өмір салтының шынайы насихаты. Шынымен де, спортшылардың жеңісімен рухтанған балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуға ықыласы арта түсетіні анық. Осы орайда Астана қаласында бұқаралық және жоғары жетістікті спортты дамыту мақсатында барлық жағдай жасалуда.

Сәулеті мен дәулеті қатар дамыған елордамызды бүгінде «Астана» спорттық бренді арқылы бүкіл әлем танып отыр. Ал осындай мәртебені қалыптастыруға үлес қосып жүрген астаналық спорттық шараларды ұйымдастырушыларды, бапкерлер мен мамандарды, спортшыларды кәсіби мерекеміз – Спорт күнімен құттықтаймын! Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жүргізіп жатқан еңбектеріңіздің жемісті бола беруіне тілектеспін.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − ten =