Астана қалдықсыз қалаға айнала ма?

0 180

Бүгінде қоқыс қалдықтарын өңдеу және жою, оларды іріктеу жүйесін енгізу қоғамдағы қордаланған мәселеге айналды. Өйткені, елімізде  жинақталған өндірістік-тұрмыстық қалдықтардың үлесі әр тұрғынға 1,4 тоннадан келеді.

Әлемнің барлық қалаларында қоқысты іріктеу мен өңдеудің тұйық айналымы ретінде қалдық­тарды басқару жүйесі әбден жетіл­ген. Мәселен, Швеция қоқыс қал­дықтарын электр қуаты ретінде пайдаланса, Германия, Жапония секілді елдер миллиондаған пайда табуда. Әлемнің ең таза қалаларының бірі Сингапурде қоқыс қалдықтарының тоқсан пайызы қайта өңделеді. Ал біздегі жағдай қалай?

Қазақстанда жыл сайын бес миллион тоннадан астам қатты-тұрмыстық қалдықтар пайда болады. Оның тек бес пайызы ғана жойылады екен. Республиканың түкпір-түкпірінде орналасқан кәсіпорындарда қалдықтың 25 миллиард тоннасы жинақталғанын ескерсек, қоршаған ортаға тигізер залалы мен зардабын айтып жет­кізудің өзі қиын. Бірақ бұл мәсе­леге Мемлекет басшысы бейжай қарамады. Биылғы жылдың басында Үкімет мүшелері, әкімдер, мемлекеттік орталық органдар басшыларының қатысуымен өткен кеңейтілген мәжілісте аталмыш мәселені дереу шешу қажеттігін алға тартқан еді.

Астана қаласының стратегиялық жоспарында 2030 жылға дейін қалдықтарды азайту және тазарту коммуналдық шаруашылықтың бас­ты міндеті болып белгіленген. Дәл қазіргі күні өндіріс және тұтыну қоқыстары – 164, ал коммуналдық шаруашылық қалдықтары 154 пайызға өскен екен. Тіпті, 2010 жылы мұндай үйінділерді жоюға қалалық бюджеттен 20 миллион теңге бөлінді. Сондықтан, қала басшылығы міндеттелген межеге дейін жойылатын қалдықтарды 80%-ға дейін азайтуды қарастыруда. Соның бір айғағы – қоқыс қалдық­тарын өңдейтін зауыттың алдағы күндері пайдалануға берілуі.

Елорда – 700 мыңнан аса тұрғыны бар қала. Бас қалада лайықты өмiр сүру көбiне қалалық коммуналдық қызметтің күш-жiгерiне байланысты. Қалада сағатына 18,5 тонна  тұрмыстық қалдықтар жиналады екен.  Астана қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының деректеріне сенсек, полигонда жиналатын қалдықтардың орташа тәулiктiк көлемi – 800 тонна. Оның 200 тоннасы – құрылыс және өнеркәсiптiк қалдықтар болса, қалған 600 тон­насы қатты-тұрмыстық қал­дықтардың үлесiне тиедi. Оның қолданыстағы жинақталу нормасы бiр адамға жылына 1,1 текше метр ғана болуы тиіс. Сондықтан, қоқыс қалдықтарын өңдейтін зауыттың қажеттілігі  уақыт талабынан туындап отыр.

Астанадағы көптен күткен зауыт құрылысы «Алтын-ТЕТ» ЖШС-нiң инвестициялық қар­­­жысы есебiнен салынған. Жоба­ның құны – 36 млн еуро. Испандық  технологияға сәйкес, зауытта қалдықтар сұрыпталады. Сұрыпталған шикізаттар қайта өңделгеннен кейiн өндiрiстiк немесе басқа да мақсаттарда пайдалануға дайын. Осылайша қалдықтарды жою және көмуге бюджеттік дотациялар деңгейін төмендетуге ықпал етіп, қоқысты іріктеу арқылы полигонда көміл­ген қалдықтардың көлемін 5 есе азайтуға септігін тигізеді деп күтілуде. Енгізіліп отырған қалдық өңдеудің технологиясы қатты-тұрмыстық қалдықтарды көму технологиясымен салыстырғанда, бірқатар артықшылықтарға ие. Біріншіден, қоқыс полигонына берілген жер көлемі азаяды.  Екіншіден, жерасты суларының және атмосфералық ауаның ластануы тоқтайды. Үшіншіден, екінші реттік өнім және соңғы өнім алынады. Бір сөзбен айтқанда, құрылыс материалдары, қаланың санитарлық тазалығы бюд­жеттің дотациялық жолынан тиімді өндіріске айналады.

Зауыт жұмысына қысқаша тоқ­талсақ, қоқыстарды қайта өңдеу барысында алдымен iрi габаритты қалдықтар, органика мен майда фракциялар бөлiнiп алынады. Ескi компоненттер, яғни қағаз, картон, ПЭТ-бөтелкелер және басқа да пластмасса, шыны, мата, қара және түстi металл түрлерiне қарай сұрыпталады. Қалған екінші реттік өңдеуге келмейтін қалдықтар тығыздалып, қалдықтарды көмуге арналған жаңа полигонға жолданады. Жаңа полигон да испандық технология бойынша жасақталған. Бiр ескере кететiн жайт, полигон ұяшығының түбi қоршаған ортаға зиянды әсердi азайту үшiн геомембранамен жабылған. Қайта өңдеудiң жобалық қуаттылығы жылына 250 мың тоннаны құ­райды. Бастапқы кезеңде бұл зауыт­та төрт түрлi өнiм: ПЭТ флекс­терден тұратын жапырақ пластиналар, жылу оқшаулағыш материалдар (эковата), полиэтилен түйiршіктерi (ПВД, ПНД), ПЭТ бөтелкелерден флекс-тер өндiрiлетiн болады. Бұл өз кезегінде полигонға жөнелтілетін қалдықтарды 20-30 пайызға азайтып, залалсыздандыру шығынын төмендететіні сөзсіз.

Табиғат жанашырларының айтуынша, қоқыстың табиғатта бұзылу мерзімі өте ұзақ уақытты алады. Мәселен, күнделікті өмірде қолданып жүрген бір реттік қағаз ыдыс бес жыл, қаңылтырдан жа­салған құты жүз жыл, ал қара­пайым пластик шөлмек бес жүз жылдан кейін құрыса, шыны шөл­мек ешқашан бұзылмайтын көрінеді. Әр адам жылына орташа есеппен үш жүз келідей тұрмыстық қалдық тастаса, қоршаған ортаның қалыптылығы қаншалықты бұзы­латынын бағамдау қиын емес. Не десек те, елімізде қоқыс өң­дей­тін мұндай зауыттар тапшы екені айдан анық. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров бұл ретте алдағы 10-15 жылдың ішінде Астанада са­лынған зауыт іспетті 41 зауыт салу бағдарламасы әзірленгенін айтып бір қуантты. Алайда, Алматы қаласында тұңғыш рет ашылған қоқыс өңдейтін жалғыз кешен өз жұмысын тоқтатқанына екі жылға таяды. Жоба бойынша, бұл кәсіпорын күніне 1,5 тонна қоқысты сұрыптап, өңдеп шы­ғаруға тиіс еді. Сонымен қатар, сұрыпталған қалдықтардан түрлі тауар жасау мүмкіндігі жолға қойылған болатын. Өкінішке қарай, шетелден әкелінген, қыруар қаржыға сатып алынған құрал-жабдықтар қоқыс қалдықтарын бес есеге азайтпақ түгілі, ақыры жабылып тынды. Ал жаңадан іске қосылатын Астанадағы бұл зауыт та соның кебін кимей, ел игілігіне пайдаланылса деген тілегіміз ғана бар.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + two =