©2020 Астана Ақшамы
Астана қаласында медицина саласын дамытудың межелері
Астана қаласының әкімі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, қолайлы жағдай жасау үшін 20 нақты меже белгілегені белгілі. Елорданы дамытудың жоспарында, әсіресе, әлеуметтік салаға айрықша маңыз берілген. Соның ішінде медициналық қызмет түрін неғұрлым қолжетімді ету, емханадағы кезекті азайту, жедел жәрдемнің жету уақытын қысқарту секілді міндеттер бар.
Сала мен сапа
Астана қаласының денсаулық саласы жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын ешкім жоққа шығара алмас. Осы саланы жетілдіру, сапасын арттыру, өткен тәжірибені ескере отырып, кем-кетікті түзеу шаралары да үздіксіз жүргізіліп келеді. Айталық, 2009 жылы ауруханалар мен емханаларда бас дәрігердің сапаны бақылау жөніндегі орынбасары және сарапшы-дәрігер лауазымы ашылды. Бұл мамандар өзі жұмыс істейтін мекемеге келіп түсетін арыз-шағымдарды тексеріп, мәселені дер кезінде шешіп, тиісті шаралар қабылдаумен айналысады. Осыдан кейін медицина мекемелеріне байланысты жұртшылықтың сын-ескертпелері біршама азайған көрінеді.
Ал 2012 жылы қалалық әкімдікте сырқат жандардың құқын қорғайтын қоғамдық кеңес құрылды. Әкімдік пен Денсаулық сақтау басқармасы мамандарынан, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құрылған комиссия жартыжылдықта бір рет бас қосып, пациенттердің арызымен жұмыс істеп, медицина мекемелеріне ұсыныстарын жолдап отырады.
Былтыр тұрғындардың денсаулық саласына қатысты сауалдарына жауап беретін тағы бір мекеме – бірыңғай медициналық ақпараттық Call-орталығы құрылды. Жұртшылық медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберіндегі тегін қызмет түрлері мен арнайы рецептімен берілетін дәрілік препараттар жөнінде, өздері тіркелген емханалар мен ауруханалардың жұмыс тәртібіне, қабылдау кестесіне байланысты толғандырған барлық сауалын осы орталықтың 96-37-77 телефонына хабарласып, біле алды.
Call-орталықтың басшысы Тіллагүл Ембердиеваның айтуынша, бұл орталық биылғы жылдың 4 қаңтарынан бастап тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшкен. Енді қаланың медицинасына қатысты сауалдарыңыз болса, тәуліктің кез келген мезгілінде осы ақпараттық орталыққа хабарласуға болады.
«Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін орталық тұрғындарға дәрігерлік кеңес беріп қана қоймай, арыз-шағымды бірден Пациенттерді қолдау орталығына жолдайды.
Жетістікке жетелеген жылдар
Енді елорда медицинасының өткен жылдардағы жетістіктері жөнінде де айта кетейік.
Астанада бүгінде 36 мемлекеттік медициналық ұйым бар. Соның 14-і – аурухана, 15-і – отбасылық -денсаулық орталығы мен емханалар. Одан бөлек,
Жедел медициналық жәрдем стансасы, Медициналық колледж, Патологоанатомиялық орталық секілді 7 басқа да денсаулық сақтау ұйымы бар.
Медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде мемлекеттік тапсырысты орындайтын 9 жекеменшік медицина мекемесі жұмыс істейді.
1999 жылдан бері елорда тұрғындарының саны 326,9 мыңнан 1 миллионға дейін өсті. Осы уақыттан 2015 жыл аралығында туу көрсеткіші 64 пайызға артты. Ал былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда туу көрсеткіші 7,6 пайызға көбейді (1000 тұрғынға шаққанда).
2016 жылы жалпы өлім 1 000 тұрғынға 4,35-ті құрады. Бұл көрсеткіш 2015 жылы 4,47 болған.
Ана өлімі алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,2 пайызға төмендеді (100 мың тірі туғанға – 7,3). Бұл – республикадағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі.
Былтыр екі денсаулық сақтау нысаны ашылған. Оның бірі – қалалық жедел жәрдем стансасы болса, екіншісі – Туберкулезге қарсы диспансер. Бұған қоса, №11 мен №12 қалалық емханалар іске қосылып, Үркер мен Теміржолшылар тұрғын алаптарының жұртшылығы белгілі бір саланың мамандарымен қамтылды.
Енді қала әкімдігі, жоғарыда айтқанымыздай, жедел жәрдемнің келуін 7 минутқа дейін, ал емханалық ұйымдарға жетуді 10 минутқа дейін қысқартуды мақсат етіп отыр.
«SMART емхана» жобасының тиімділігі неде?
Былтырғы жылдың маусым айынан бастап №4 қалалық емханада «Smart емхана» жобасы сынақ ретінде тәжірибеге енгізілгені белгілі. Осы емхананың бас дәрігері Серік Шаймерденовтің айтуынша, жоба мақсаты – қазіргі күні емхана жүйесінде күйіп тұрған кезек мәселесін қысқарту, медициналық қызметтерді неғұрлым автоматтандырып, дәрігерлердің жүктемесін азайту.
Расымен де, қазір Астана емханаларындағы ең өзектісі – кезек мәселесі. Бас дәрігердің айтуынша, жоба басталғалы дәрігердің алдындағы кезек 8-ден екі адамға дейін қысқарған көрінеді. Ал дәрігердің қабылдау уақыты 30 минуттан 10 минутқа дейін азайғаны байқалған. Жоба аясында науқастың амбулаторлы картасы электрондық нұсқаға көшірілуі себепті, дәрігердің қағаз толтыруы анағұрлым азайған екен.
Пациенттің электрондық картасы арнайы дерек базасына енгізілген. Онда науқастың қандай аурулармен ауырғаны, қандай ем-дом тағайындалғаны, соңғы рет қандай маманда болғаны – бәрі қатталып жазылады. Яғни, пациент еліміздің қай өңіріне емделуге барса да, дәрігер осы электронды картаны ашып, оның денсаулығы туралы толыққанды ақпаратпен таныса алады.
Енді биылғы жылдың соңына дейін қаланың барлық емханасын «Smart емхана» жүйесімен қамту көзделіп отыр.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ