©2020 Астана Ақшамы
Мәслихаттың Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында елорданың мектепке дейінгі білім беру жүйесінің бүгінгі ахуалы мен түйінді мәселелерінің шешу жолдары талқыланды.
Кәсіпкерлер 44 балабақша ашты
Қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта 261 мектепке дейінгі мекемелерде 48 154 бала тәрбиеленуде. Елордадағы осы саладағы түрлі мекемелерді таратып айтсақ, 95 мемлекеттік балабақшада – 27 193 бала, ведомстволық екі мекемеде – 383 бала, жүзден астам жеке иеліктегі балабақшада 14 854 сәби және елуге тарта шағын орталықтарына 5724 бала барып жүр.
Балаларды мектепке дейінгі тәрбие мекемелеріне қамту ойдағыдай жүзеге асырылып келеді. Мысалы, 2015 жылы қала бойынша балабақшаға астаналық сәбилердің 64,5 пайызы қамтылса, өткен жылдың көрсеткіші бойынша 70,6 пайызы балабақшаға қабылданып, 6,1 пайызға артқан.
Өткен жылдың ортасынан бастап әлеуметтік бизнестің дамуына сай, кәсіпкерлердің күшімен жеке иеліктегі 44 балабақша пайдалануға берілді. Онда мемлекеттік білім беру тапсырысымен 3949 орын ашылған. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде «Қазақтелеком» АҚ-ның ат салысуымен балабақша ашылды. Үстіміздегі жылдың соңына дейін «Самұрық Энерго», «Қазатомпром», «KEGOC» сияқты кәсіпорындардың күшімен 720 орындық үш балабақша балақандарға есігін ашпақ. Басқарма басшысы жеке инвесторларды тарту мақсатында тағы да алты жобаны қарастырып жатқанын айтты.
Дегенмен сәбилерін мектепке дейінгі мекемелерге беруге өтініш берген ата-аналардың барлық өтініштері қанағаттандырылмай отыр. 3 пен 6 жас аралығындағы 25 550 бала әлі кезегін күтіп жүрген жайы бар.
Ұлттық компаниялар қолдамақ
Бұл мәселелерді шешу үшін алдағы уақытта көп қабатты тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында балабақшалар мен шағын орталықтарды ашу көзделуде. Мемлекеттік білім беру тапсырысымен екі мыңдай баланы қабылдай алатын 16 жеке балабақша ашу бірінші кезеңде жоспарланып отыр. Ұлттық компаниялардың күшімен 720 баланы қамтитын үш балабақша ашылмақ. Бұл – биылғы жылдың жаңалығы. Басқарма басшысы 2018 жылы 122 мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерін ашу қажеттілігін айтты, онда 14 437 бала қабылданатын болады.
Осы жүйедегі күрделі мәселелердің бірі коммуналдық қызметтерге тарифтің өсуі болып отыр екен. Қаржының қомақты бөлігі электр энергиясы мен сумен қамтуға жұмсалады. Бұл ретте, аталмыш мекемелерге арнайы тариф бекіту мәселесін көтерудің маңыздылығы бар. Одан бөлек, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп жатқан жеке балабақшалардың 80 пайызы жалдамалы жайда жасап жатқаны белгілі. Ғимараттардың ауласындағы жер теліміне қатысты сұрақтардың біржақты шешімі болмауы түйінді мәселелердің бірі болып отыр. Осы жиында бала тәрбиесіне қатысты ұйымдардың жұмысын жетілдірудің бір амалы жеке инвесторларды тарту екені тағы да қайталанды.
Депутаттар тарапынан қаладағы барлық бала тәрбиесіне қатысты мекемелердегі әдістемелік жұмыстарды жақсарту, одан басқа көзі нашар көретін, тағы басқа науқасқа шалдыққан балдырғандарға арналған арнайы топтарды ашу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.
Айгүл УАЙСОВА