«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана оқиғалық туризмнің жаңа орталығына айналады

0 609

Өткен аптада елорда­лық делегация Дүние­жүзілік туристік ұйымның (ЮНВТО) қалалық туризм жөніндегі 7-жа­һандық саммитіне қатысып қайтты. Сам­мит қорытындысы бойынша Астана 2019 жылы қыркүйекте Урбан туризм бойынша 8-жаһандық саммитті өткізу құқығына ие болды. Мұндай жағымды жаңалықты кеше Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Астана әкі­мінің орынбасары Ермек Аманшаев жария етті. Бұған дейін Ыстанбұл, Мәскеу, Барселона, Марракеш, Люксор, Куала-Лумпур, Сеул қа­лаларында болған әлемдік жиынды Аста­нада өткізуді 57 мем­­лекеттің өкілдері мақұлдаған.

«Жаһандық саммитті Астанада өткізу бас қаламыздың туристік және іскерлік (MICE туризм) әлеуетін көрсетуге, Орталық Азиядағы оқиғалық туризмнің жаңа орталығы ретінде қаланың дамуының жаңа бағыттарын таныстыруға, ірі-ірі халық­аралық қауымдастықтар және компаниялармен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде халықаралық және іскерлік оқиғаларды көптеп өткізуге, сол арқылы елордаға келетін туристер легін арттыруға ықпал етеді» деп мәлімдеді Ермек Әмірханұлы.

Бір жылда – 40 шара

Қала әкімінің орынбасары Мәжілістегі «Қазақстан Республикасының турис­тік саласын дамыту туралы» атты Үкімет сағатында сөз сөйлеп, бүгінгі таңда елордамыздың MICE-индустрияның барлық дерлік дәрежедегі ірі алаңдарына ұсынылғанын жеткізді. Оның пікірінше, қазір әлемде урбанизация ерекше қарқынмен жүргендіктен, туризмнің құрылымы да өзгеріске ұшырауда. Халықаралық тәжірибе бізге туризмнің бүгінгі таңдағы ең танымал және нәтижелі бағыты – MICE туризм мен бизнес туризмді дамытуды міндеттеп отыр. «Астана – 2016 жылдан бе­рі Халықаралық конгрес­тер мен конференциялар қауымдастығының (ICCA – International Congress and Convention Association) еліміздегі жалғыз мүшесі. Бұл ұйымға мүше болу Астананың ең ірі шараларды өткізу үшін түрлі байқауларға қатысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Астана ЮНВТО-ға қосылу арқылы оның зерттеулеріне қатысуға, қорытындыларын алуға және өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды» деді Е.Аманшаев. Астананың MICE-туризмнің орталығына айналғанының бір дәлелі, 2018 жылдың өзінде ғана 40-қа жуық халықаралық іс-шаралар өткізілген. Олардың қатарында «World of Trade 2018» халықаралық конвенті; Жібек жолы бойындағы қалалар мэрлерінің форумы; CREW-Коммерциялық жылжымайтын мүлік аптасы; ENACTUS Kazakhstan National EXPO 2018; III Еуразиялық трансфузиологтар конгресі және басқалары бар.
Қала басшысының орынбасары ЭКСПО-2017 көрмесі елорда дамуының, Астананы жаһандық қалаға айналдыру жөніндегі Елбасының тапсырмасын жүзеге асырудың қозғау­шы күшіне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2017 жылы туристер саны 990 мың адам болса, әкімдікке 2018 жылы 2017 жылғы көрсеткіштің 80 пайызын орындау тапсырылған. 2018 жылдың 6 айында жолаушылар ағымы өткен жылға қарағанда 20 пайызға өсіпті (2017 ж. 6 айында – 1,7 млн жолаушы, 2018 ж. 6 айында – 2,1 млн жолаушы), ал 2018 жылдың 6 айында транзиттік жолаушылар саны 2017-нің сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе артқан.

Биыл Астанада 11 қонақүй ашылды

Қазіргі таңда елордада 231 (2016 жылы 166 болған) қонақүй бар, соның ішінде 11-і биыл ашылыпты. 231-дің жетеуі – 5 жұлдызды, 43-і – 4 жұлдызды, 53-і – 3 жұлдызды қонақүйлер. «Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 5 жұлдызды қонақүйде бір рет түнеу – 35 мың теңге, санаты жоқ қонақүйде 10 мың теңге тұрады. Келген әр туристің шығыны орта есеппен 80 мың теңгені құрайды» деп түсіндірді Е.Аманшаев. Ол әлемдік тәжірибеде қалаларда ауқымды іс-шаралар өткеннен кейінгі жылдары туристер ағынының төмендеуі байқалатынын мысалға келтірді. Сарагоса қаласында ЭКСПО-2008 өткен соң келген турис­тер саны 62 пайызға, Рио-де-Жанейрода 2016 жылғы Олимпиададан ке­йін 95 пайызды құраған. Ал 2018 жылдың 1-жартысында туристер саны 356 мың (2017 ж. 1-жартысындағы көрсеткіш – 456 мың) адамды құраған, соның ішінде 90 мыңы шетел азаматтары екен. Ермек Аманшаев елорданың туристік инф­рақұрылымын дамытуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отырғанын хабарлады. Проблемалық мәселелерге қатысты визалық тәртіпті жеңілдету және аспанның 5-деңгейлі ашықтығын қамтамасыз ету арқылы қаланың көліктік қолжетімділігін арттыру бағытында құзырлы органдармен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Кімге сенеміз: министрге ме, депутатқа ма?

Үкімет сағатында «Қазақстан Республикасындағы туристік саланың дамуы туралы» баяндама жасаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы отандық туризмнің «алтын ғасырына» қол созым жерде тұрғанымызды қуана хабарлады. Президенттің тапсырмаларын тап-тұйнақтай орындауға бекінген министр 2023 жылы елдің ЖІӨ-дегі туризм үлесін 1-ден 8 пайызға өсіретінін айтты. Оның болжауынша, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде туристік салада қызмет ететіндер саны 400-ден 650 мыңға, сырттан келетін туристер ағыны 6,5-тен 9 млн-ға, ішкі туристер саны 4,6-дан 8 млн-ға өсіп, Қазақстан әлемдегі туризм бойынша 30 озық елдің қатарына қосылады екен.
Депутаттардың алдында орысша-қазақша мүдірмей сөйлеген министр бірқатар жаңалықтарды жариялады. Мәселен, қазір әлемдегі 64 елдің азаматтары Қазақстанға туристік және өзге мақсатпен визасыз кіре алады. 2018 жылдың соңына дейін Астана және Алматы арқылы өтетін Қытай мен Үндістан азаматтарына 72 сағаттық визасыз транзит енгізіледі. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Астана, Алматы әуежайларында 128 мемлекеттің азаматтарына электронды виза тетігі іске қосылады. «Құрметті депутаттар, біз үш шара: визалық тәртіпті жеңілдету, елдік брендті насихаттау, арзан авиация арқылы туристер ағынын ұлғайтамыз. Әлемдік тәжірибеде Грузия бұл көрсеткішті 6,2 есеге, Әзербайжан 2,4 есеге өсірді» деді А.Мұхамедиұлы. Министр туризм саласын алға бастырмай тұрған сервис пен кадр мәселесін де «шешіп» қойыпты. Оның пікірінше, Австриядағы Зальцбург туризм мектебі, Гонконг туризм менеджменті жоғары мектебі үлгісімен Астанада ашылатын Орталық Азиядағы тұңғыш Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті қызмет көрсету және маман тапшылығы мәселесін оңай шешеді.
«Алтын тауды» үйіп-­төккен баяндаманы тың­даған депутаттар ішінен тынып отыр екен. Қосымша баяндама жасаған депутат Гүлнар Ықсанова отандық туристік саланың аяғын «тұсап», адымын аштырмай тұрған мәселелерін ашық тізбелеп, оны шешу жолдарын айтты. Солардың бірқатарына тоқталайық. Біріншіден, туризм саласында маман тапшылығы көзге ұрып тұр. Салаға маман дайындайтын жоғары оқу орындарының 90-95 пайызында іс жүзінде туристік білімі бар білікті профессор-оқытушылар құрамы жоқ. Екіншіден, туристік нысандар қолжетімсіз. Қазақстан халықаралық туристер ағыны бойынша өңірдегі бәсекелестерінен артта қалған. Мысалы, «Украина халықаралық әуе желілері» әуе компаниясының тұрақты рейстеріндегі транзиттік жолаушылар үлесі 54,1 пайызға жетсе, біздің «Эйр Астананың» көрсеткіші 12 пайызды құраған. 2010 жыл Грузия ашық әуе қатынасы туралы келісімге қол қойып, соның нәтижесінде жолаушылар өсімі үш есеге артқан. Түйткілді мәселенің бірі – ұшақ билеттерінің қымбаттығы. Қазақстандағы орташа жалақыға сатып алатын билет құнын жолаушы-шақырымның санына шаққанда ол Ресейдегіден 2 есеге, Батыс елдеріндегі көрсеткіштен 8 есеге төмен. Үшіншіден, инфрақұрылым нысандарының бәсекеге қабілетсіздігі. Нысандар желісінің жоқтығы, әуе­жай, вокзал, қонақүй, мейрамхана, дәмханалардағы жайлылықтың төмен деңгейі туристік өнімдерді насихаттауға кедергі болуда. Автокөлік жолдарының жағдайы да сын көтермейді. Мысалға, туристік автобустармен жүру қауіпті. ІІМ-нің мәліметі бойынша жекелеген адамдардың меншігіндегі автобустардың 40 пайызының «жасы» 20 жылдан асып кеткен. Төртіншіден, қонақүй, музей, хостелдерде, автокөлік жолдарында туристік қызметтің «сұрқай» нарығы қалыптасқан. Жеке кәсіпкерлер лицензия алмай-ақ туристік оператор болып, ал ГИД-тер арнайы мамандығы болмаса да, шетелдіктерге қызмет көрсетіп, «нанын тауып жеп» жүр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды