«Астана Операның» солисі Бақтияр Адамжан Түркиядағы конкурста жеңіске жетті

0 142

000000

Талантты жас Ресей, Аустра­лия, Бразилия, Болгария, Жапония, Канада, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея өнерпаздарынан дара шығып, Балет әртістерінің V халықаралық конкурсында бас жүлдені қанжығасына байлады.

Түркияның Сюрей опера те­атрын­да өткен байқау – би өнерінде айрықша беделге ие. Үш кезеңге бөлінген конкурсқа 15-26 жас аралығындағы бишілер қатысты.
Бақтияр Адамжан түрік сахнасында Л.Минкустың «Дон Кихот», «Баядерка», Б.Асафьевтің «Париж жалыны», Ц.Пунидің «Эсмеральда» балетінен вариациялар орындады. Дүбірлі дода классикалық шығармалардан бөлек екі заманауи нөмірді қамтыды. Байқаудың бұл бағдарламасында Бақтияр Уәлитбек Сиязбековтің «Менің бөлшегім» және белгілі қытайлық хореограф Исян Чжанның «Оянуын» көрсетті.

????????????????????????????????????

– Конкурс жайлы бір-екі ай бұрын естісек те, дайындықты 7-8 күн қалғанда бастадық. Өйткені, бар күшіміз бен уақытымызды «Париж Құдай-ана соборы» балетінің премьерасын өткізуге арнадық. Біз үшін премьера қашан да бірінші орында, жарыстың бәрі – екінші кезектегі дүние. Десе де, «Астана Операдағы» тынымсыз дайындықтардың арқасында байқау кезінде бойымда алаңдау, қобалжу сезімі болмады. Өйткені денем конкурстық жүктемені көтеруге дайын еді. Ал, жүйкеме салмақ түсірмеу үшін сахнаға озамын деп емес, көрерменді қуантамын деп шықтым, – дейді жеңімпаз.
Орындаушылардың шебер­лігін Берлин Мемлекеттік балетінің көркемдік жетек­шісі, «Токио-балеттің» шығар­машылық жөніндегі кеңесшісі Владимир Малахов бастаған қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында балет әртістерінің Р.Нуреев атындағы халықаралық конкурс директоры Р.Бокор, Скопье (Македония) Би театры және би фестивалінің директоры Р.Рисимкин, «Dance for You» журналының редакторы М.Виеру, Қазақстанның Халық әртісі Г.Тұтқыбаева, Бостон балетінің көркемдік жетекшісі М.Ниссинен, Голландия би фестивалінің көркемдік жетекшісі, Роттердамдағы Өнер университетінің «Кодартс» би академиясының атқару кеңесінің мүшесі С.Вюрстен секілді балет майталмандары болды.
– Бақтиярдың бар қабілетін паш ету­­ге күш салдық. Оның физикалық мүмкіндігі кең, музыкамен керемет үйлесімді. Мінсіз секіреді. Актерлік ойыны қошеметке лайық. Байқауға қандай бағдарлама ұсынатынымызды көп ойладық. Бір жағынан уақыт та тығыз. Дәл сол кезде «Астана балет» театрының шақыртуымен елордаға Қытайдан белгілі хореограф Исян Чжан келген еді. Атақты балетмейстер Луиджо Бонино оның өзі де керемет билейтінін айтты. Сөйтіп Исян Чжанды Бақтиярға заманауи би қойып беруін қолқаладым. Бірден келісті, – деді «Астана Опера» балеттік труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асыл­мұратова.
Санаулы күнде Бақтиярға жаңа би үйреткен Исян Чжан әртістің физикалық күйіне жоғары баға беріп, болашағының зор екеніне сенімін білдіреді. «Солист тамаша формада, бәрін лезде қағып алады, небәрі екі күнде мен үйреткен жаңа стильді меңгеріп, шеберлігі бұрынғыдан шыңдала түсті» деп сүйсініпті қытайлық хореограф.
«Астана Опера» театрының жетекші солисі Бақтияр Адам­жанның өз аузынан бала кезінде оның күреспен айна­лысқанын білдік. Балетке ол 10 жасында келіпті.
«Меніңше, қазақы отбасынан шыққан ұл балалар балетті бірден жақсы көріп кетпейді. Қыздар қызығуы мүмкін. Ал мен әзірге лосина киіп алып, «балет әрті­сі болғым келеді» деген жігітті кездес­­тірген емеспін. Ол үшін уақыт керек. Өз басым тек төрт жылдан кейін балеттің не екенін түсіне бастадым. Балет деген – олимпиадалық спорт түрі­нен кем түспейтін сұлулық пен ауыр еңбек үйлескен өнер. Бұл жеңіс мені қанаттандырды. Енді бұрынғыдан да өсіп-жеті­ліп, алдағы мақсаттарыма қол жеткізгім келеді» деген қуа­ны­шымен бөлісті Бақтияр Адамжан.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + 8 =