«Астана-Опера» – Венгрияда

0 281

Венгрияға гастрольдік сапармен барған «Астана-Опера» Мемлекеттік опера және балет театры кеше Печ қаласында алғашқы концертін берді. Бүгін астаналық өнер ұжымы ел астанасы – Будапешттегі атақты композитор Ференц Лист атын иеленген Музыка академиясының концерт залында өнер көрсетеді.

Театр директоры Ғалым Ахмедияровтың алдын ала берген мәліметінше, бұл сапар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Театр труппасы Дунай жағасына толық құрамда аттанды. Симфониялық оркестрден бастап «Астана-Операның» хоры, опера солис­тері мен балет әртістері сахнаға шығады.
Гастрольдік бағдарламаға атақты қазақстандық композиторлардың туындылары – Т.Қажығалиевтің «Дала аңызы», М.Төлебаевтың «Айтысы», Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйі, Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсынан Қамар мен Ахметтің дуэті, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан «Қарлығаш» биі енген.
Бұған қоса Д.Вердидің «Трубадур» операсынан граф Ди Луна мен Леонораның дуэті, Дж.Россинидің «Семирамида» операсынан Семирамиданың каватинасы орындалады. «Әлемде бір сұлу бар» атты венгр әні шыр­қалып, Б.Тілеуханның «Жерім менің» туындысы концерттің шымылдығын жабады.
Венгрияда театрдың жетекші солистері Майра Мұхамедқызы мен Жұпар Ғабдуллина, опера примасы Салтанат Ахметова, тенор Нұрлан Бекмұхамбетов, театр солистері Малика Минизини мен Бибігүл Жанұзақ ән шыр­қайды.
Ал балет труппасының жетекші әртістері Бақтияр Адамжан, Әйгерім Бекетаева, Мәдина Басбаева би өнерінің сиқырына бойлатады. «Астана Операның» бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев пен Айдар Әбжаханов дирижерлік етеді.

Аманғали ҚАЛЖАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + twelve =