«АСТАНА ОПЕРА» – ОМАНДА

0 127

Жалпақ әлемге аты жайылған «Астана Опера» балет труппасы 28, 29 және 30 қыркүйек күндері Маскат қаласындағы (Оман) Корольдік опера театрының сахнасында П.Чайковскийдің «Аққу көлі» спектаклінің премьерасын қояды. Жаңа хореографиялық редакцияның авторы – балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.

– Маскаттағы керемет Корольдік опера театрының сахнасында өнер көрсету – зор мәртебе. Бұл – біздің Омандағы алғашқы гастрольдік сапарымыз. Сондықтан жауапкершілігі үлкен. Театр труппасы П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінің жаңа редакциясын ұсынады. Қойылымға кейбір өзгеріс енгізе отырып, Л.Иванов-М.Петипаның канондық нұсқасын сақтап қалдық. Бұл – әлемдік классикалық шығарма. Бейнелеп айтсақ, бренд десек те болады. Әрине, ептеп қобалжу да бар. Дегенмен көрерменнің көңілінен шығуға бар күш-жігерімізді саламыз, – дейді Алтынай Асылмұратова.
Аққулардың жас ханшайымы партия­сын нәзік Одетта мен қатты ұқсайтын Одилияны «Астана Операның» жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Баспаева мен Әйгерім Бекетаева орындайды. Ханзада Зигфридті театрдың жетекші солистері, халықаралық байқаулардың лауреаттары Еркін Рахматоллаев пен Олжан Тарланов ұсынады. Ротбард рөлінде балет солисі Арман Оразов дебют жасаса, омандық театр сахнасына зұлым кемеңгер бейнесінде Жәнібек Иманқұлов шықпақ.
Барлық үш өнер көрсетуін маэстро Джузеппе Акуавиваның басқаруы­мен Карло Феличе театрының симфо­ниялық оркестрі сүйемелдейді.
«Астана Опера» мен Карло Феличе театрларының алдағы бірлескен гастрольдері қос ұжымның мерейін көтереді. Бүгінде астаналық балет труппасының әртістерін әлем таниды. Ұлы орыс композиторы жазған спектакльді қазақстандық орындаушылар мен италиялық музыканттар бірлесіп сахнаға шығарады. Соның бәрі бар халықтың музыкаға деген махаббаты біртұтас екендігін дәлелдейді» деді Джузеппе Акуавива.
Біз де алыс сапарға жол тартқан жерлестерімізге сәттілік тілейміз!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + twenty =