«АСТАНА ОПЕРА»: АҚЫН САРА ПЕТЕРБОРДА АТ ОЙНАТТЫ

0 162

Әлемдік турне аясында­ «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры гастрольдік сапармен­ Санкт-Петербург қаласында болып қайтты. Үш күнге созылған өнер мерекесі ресейліктерді рухани ләззатқа бөледі. Оған сондағы көрермен қауымның ыстық ықыласы дәлел.  Жерлестеріміз атақты Мария­ театрында Джузеппе­ Вердидің «Атилла»,­ Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операларын­ және «Ballet Gala» қойылымын ұсынды.

Санкт-Петербургтегі Мария театры – бүкіл дүние жүзі мойындаған киелі өнер ордаларының бірі. Театрдың жаңадан салынған сахнасында әлі ешбір шетелдік ұжым өнер көр­сет­кен жоқ. Ал, құрылғанына көп бола қоймаған жас театр – «Астана Опера» өзінің әлемдік турнесін дәл осы жерден бастады.

Астаналықтар дүбірін естіген ақ түндер қаласының жұрты театрға қарай ағылды. Халықтың көптігі сонша, кіреберісте ұзынсонар кезек болды. Екі мың адамдық үлкен зал­ көр­ер­­мен­ге лық толды. Нева жаға­лауы­на арнайы шақыр­ту­мен келген «Астана Опера» театры­ның ұжымын өнер­сүйер қауым осылай қарсы алды.

«Атилла» қойы­лы­­мы­на Мемле­кет­­тік академия­лық Мария театры­ның­ көр­кемдік жетек­­шісі, маэстро Вале­­рий Гер­гиевтің өзі ди­ри­­жер­­лық етті. Спек­такль­ден кейін­ ол «Астана Опе­ра­ның»­ құрметіне дастархан жайып, осы театрды қабылдау үлкен оқиға екенін атап өтті. Бұдан кейін Валерий Гергиев жетек­ші­лік ететін петерборлық театрдың труппасы Астанаға Рихард Вагнердің операсымен келетін болып келісілді.

Ертеңгісін жергі­лік­ті басылымдарда «Валерий Гергиев «Астана Операның» халықаралық гастролін ашты», «Астана әлемнің түрлі театрларын біріктіретін көпір бола алады» деген мағынадағы мақалалар жазылып жатты. Ал, музыка сыншысы Владимир Дудин: «Тіс қаққан петерборлық көпшілікті мықты солистердің вокалдық деңгейі ғана емес, сондай-ақ хор мен оркестрдің өнері де таңдай қақтырды. Хор дауы­сы­ның нақтылығы, динамизмі, ашық­тығы мен теңгерімділігі, парти­тураның ньюансын терең түсінуі жиналғандарды тәнтті етті. Солистерді басып тастауды емес, қолдауды мақсат ететін оркестр өзіндік ерекшелігімен, жұмсақ­ты­ғымен, жинақылығымен, нақты­лы­ғы­мен және саздылығымен қайран қалдырды. Алдымызда биік асулар­ды бағындыруды мақсат еткен нағыз пас­сио­на­ри­лер тұрғаны айдан­ анық»­ деген екен.

Одан кейін А.Ваганова атындағы Орыс балеті академиясының және Н.Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург консер­ва­то­рия­сы­ хореография кафедрасының доценті Ольга Розанова да ал­ған­ әсе­­рі­­мен бөлісті: «Бүгін біз­ та­ма­­ша­­лаған қойылым еріксіз елең еткізді.­ Спек­такль жоғары, тіпті еуропа­лық деңгейде қойылды дер­ едім. Жұл­ды­зы жарқыраған Жұпар Ғабдуллина Италиядан келген үш әншіден қалыс­қан жоқ, олар бірлесіп нағыз ансамбль құрды. Жас театрдан мұн­дай қойылым тамашалауға болады деп ойламайсың, әйтсе де, несіне таң қаламын, егер маэстро Гергиев «Астана Опера» театрымен шығар­ма­шы­лық байланыс орнатса, ол жақта шынымен соған тұрарлық нәрсенің бар болғаны, әйтпесе, мұндай одақ құрылмас еді!» деп ағынан жарылды.

«Атилладан» кейін көрермендер «Бiржан-Сара» операсына да билет алуға асықты. Петерборлықтар қойылымға үлкен қызығушылық таныт­қаны соншалық, кассада бір­­де бір билет қалмапты. Мұқан Төле­баев­тың осынау туындысы қазақ тілін­де орындалғанымен, биік өнер­дің тілі бір. Сондықтан көрер­мен­дер өрбіген оқиғаға ортақтасып отырды. Қойылым барысында Сара сахнаға атқа мініп шықты. Мұны көпшілік асыға күтіп отыр еді. Сол-ақ екен, театрлық тәртіп жайына қалып, петерборлықтар ұялы теле­фон­дарымен камераға түсіре бастады. Басты кейіпкерді ыстық ықы­лас­пен­ қолдау да назардан тыс қалған жоқ. Үзіліс кезінде спектакльді тал­қыға салған олар операның қызық­ты әрі қарама-қайшылыққа толы желісін әңгіме етісті. Санкт-Петер­бург­те көптен бері тұрып жатқан қазақтар қойылымды тамаша­ла­ғанн­ан кейін елге барып қайт­қан­дай болғандарын айтып жатты.

«Алғашқы жетістіктерден кейін гас­троль­дің екінші күнінде өзің­ді ана­ғұр­лым жеңіл әрі сенімді сезі­не­сің» дейді «Астана Опера» бале­тінің көркемдік жетекшісі Тұр­сын­бек Нұрқалиев. «Әу баста «Ұйқы­дағы ару» балетін қоймақшы едік. Алайда, жоспар өзгеріп, көрермен театр әртістерінің шеберлігіне толық­қанды көз жеткізуі үшін түрлі балет­терден үзінділер қоюды ұйғар­дық. Осылайша жұртшылыққа «Ұйқы­дағы арудың» II актісінен «Силь­фида» балетін, «Корсар» балетін ұсындық. Бірінші бөлім­де көрер­мен ұлттық балеттен Әйге­рім Бекетаева мен Рүстем Сейіт­бе­ков­тің орындауындағы «Қозы-Көрпеш пен Баян сұлуды» тама­ша­лады» дейді ол.

Аталған көрініс петерборлықтар үшін шынымен жаңа дүние еді, себебі, ерекше ұлттық рух, жалын­ көрерменді баурап, жұртты қуаныш­қа бөледі. «Екінші актіде батыс еу­ро­па­лық және ұлттық балет­пен ара­ласқан алты нөмір ұсыныл­ды. Жас та болса, «Астана Опера» бале­ті­нің жетекші солисі атанған Әйгерім Бекетаеваның орын­дау­ын­дағы кеудені кернейтін драмат­изм­ге толы «Өліп бара жатқан аққу» жүректерді қозғады. Көрер­мен еріксіз көзіне жас алды. Ду қол шапа­лақ залды жарып жібере жаздады» дейді Тұрсынбек Нұрқалиев. Қойылымнан кейін қоюшы хореограф Борис Эйфман жетекші солистің орындауына тәнті болып, оған жоғары баға берді. Өте әсерлі шыққан Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен, А.Бородиннің «Қыпшақ биінен» үзінділер «Гала балеттің» бағдарламасын аяқтады. Тағы бір айта кетерлігі, қойылымға тәнті болған көрермен соңғы қырық жыл ішінде тұңғыш рет түрегеп тұрып шапалақ ұрды. Залдан шыққанда петерборлықтар әлі де қазақ шеберлерінің өнерінен алған әсерлерімен бөлісіп бара жатты…

Енді «Астана Операны» алда Париж, Лондон және Нью-Йорк сапарлары күтіп тұр.

 Еркежан СӘТІМБЕК

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − three =