Астана өмірінің айнасы жас тілшінің жүрекжарды сөзі

0 155

Осыдан 26 жыл бұрын «Астана ақшамы» газетінің алғашқы саны жарық көрді. 1990 жылдың 13 қазан күні оқырман қолына тиген шап-шағын басылым бүгінгі таңда республикалық қоғамдық-саяси газетке айналып отыр. Газет тарихтың алғашқы қолжазбасы дейді. Иә, астаналық мәртебесі бар газетіміздің атқарар жүгі ауыр. Әрбір нөмірді абыроймен алып шығу басшылардың біліктілігі мен ұжымның ұйымшылдығына сын десе болады.

banner-aksham

Ал енді бүгін туған күні аталып отырған газетіміздің шығу тарихына үңілсек, сол кездегі Целиноград қаласында қазақ тілінде газет шығару күн тәртібіне қойылғанда, ақмолалық жұрт­шылықтың қуанышында шек болмағаны айқын. Өйткені дәл осы тұста бұрынғы Кеңес одағына қараған республикаларда жариялылықтың лебі ескен, дербестікке ұмтылған, егемендіктің елесі кезген кезең болатын. Міне, осындай тұста ұлттың мүддесін жақтайтын жаңалықтың бәрі жұртқа жа­ғатыны ақиқат еді.

«Ақмола ақиқаты» газеті осындай тәуелсіздік таңы атар тұста оқырманға жол салған еді. Қала басшысы Аман­жол Бөлекбаевтың бастама­сымен құрылған газет­тің тізгіні жас тележурналист Кенже Жұма­ғұловқа сеніп тап­сырылған. Редактор қызметін арқалаған қарымды қаламгер газет бетінде қала тіршілігі мен ұлттық мүдденің жан-жақты жарық көруіне ықылас танытты.

Ел тәуелсіздігін сүйіншілеп жазған қалалық газеттің мерейі өскен, абыройы асқақтаған шағы Ақмола қаласының елордамыз Астана атануымен тығыз байланысты болғаны сөзсіз. Астананың алғашқы әкімі Ә.Жақсыбеков елордалық газеттің мазмұнды әрі сапалы шығуына ерекше маңыз беруінің арқасында басылым үлкен форматқа көшіріліп, түрлі түспен шығарыла бастады. Астананың алғашқы қалыптасу кезеңінде газет бас редакторы міндетін атқарған Жұмагүл Саухат пен Мағжан Сады­ханұлы, олардан кейін бас редактор қызметін атқарған Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Ерболат Қамен, Аяған Сандыбай және Жанболат Аупбаев, Дидахмет Әшімханұлы, Талғат Батырхан, Бауыржан Омаров секілді қарымды қаламгерлер де басылымның өркендеуіне өзіндік қолтаң­баларын қалдырды.

Бүгінде Астананың энци­клопедиясы атанып кеткен «Астана ақшамы» газеті көп­теген журналистердің кәсіби шеберлігін шыңдаған ортаға да айналып отыр. Осы газеттен қанаттанған көптеген журналистер еліміздің түрлі ақпарат құралдарында жемісті еңбек етіп жүр.

Иә, бүгінгі күні еліміздің ақпарат айдынында өзіндік жолын салған «Астана ақ­шамы» газетінің ұжымы жаңа заманның жаңа талаптарына сай жұмыс атқарып келеді. Бас қаланың басты ақпарат көзіне айналған басылымның айтары мен жазары таусылмасы анық. Өйткені, газет ұжымы алдында үлкен мақсаттар мен міндеттер тұр. Демек, игі дәстүр сәтімен жалғаса бермек.

Біле білсек, кез келген өнімнің шығу процесі болады. Газет те дәл солай. Журналистер жазған мақала конвейерлік жүйемен алдымен бас редактордың қолына тиеді. Редактор мақала мазмұнына зер салады. Керек болса, айдар тағып, тақырыпты ойнақы етіп өзгертеді. «Ре­дакторлық кеңестен» өткен мақала қатегерлерге жөнелтеді. Олар мәтіннің бүге-шүгесіне дейін қарап, сөз әдебін сақтайды. Корректорлардың ізін кезекші редактор жалғап, өз түзетулерін енгізеді. Фотограф түсірген суреттер мақала идеясын толықтырып, аша түседі. Ал енді бетті жасау, оны дизайнмен көркемдеу – беттеуші-дизайнерлер еншісінде. Бас қаланың бас басылымы бол­ғандықтан, қаланың әр шарасы біздің тілшілердің назарынан тыс қалмайды. Қарап отырсаң, газет ұжымдық жұмыс екені осыдан білінеді.

Осы орайда бүгінгі таңда «Астана ақшамын» жарыққа шығарып жүрген тәжірибелі журналистер Таңатар Төлеу­ғалиев, Ғалым Қожабеков, Айгүл Уайсова, Қымбат Тоқта­мұрат, Нәзира Байырбек, Гүлмира Ай­мағанбет, Аманғали Қалжанов, Мең­долла Шамұратов, Азамат Есенжол, Асхат Райқұл, Орын­бек Өтемұрат, Бүркіт Нұрасыл, Бота Маратқызы, Мәдина Жақып, фототілші Сұлтан Сейітов, бет жасаушылар Бота Жаппарбекова мен Венера Қабиева, корректорлар Шынар Жақыпова мен Әмір Досқожа сынды әріптестерімнің күнделікті жұмысына қарап қызығып жүремін. Бәрі бір үйдің баласындай болып көрінеді. Бұл редакцияда өзім сияқты жас мамандарға әрдайым қолдау көрсетіледі. Түптеп айтқанда, «Астана ақшамы» – мен үшін үлкен мектеп. Мен осы газеттен еңбек жолымды бастағанымды өзіме бақыт санаймын. Шынымен де, осы газетте қаншама журналистің қанаты қатайып, қаламы ұшталды десеңші!

Міне, өзімнің журналистік өміріме ақ жол ашқан «Астана ақшамының» жарыққа шыға бастағанына бүгін 26 жыл толып отыр.

Газет тігінділерін ақтарып отырып, еліміздің өркендеген кезеңдері, елордамыз Аста­наның асқақтаған сәттері көз алдымнан елестеп өткендей болды. «Астана ақшамының» шынымен де бас қаламыздың энциклопедиясы екеніне тағы да көз жеткіздім.

Олай болса, сүйікті газетімнің шығармашылық ғұмыры ұза­ғынан болғай деп тілеймін!

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − three =