АСТАНА МҮСІЛІМ МАГОМАЕВТЫ АРДАҚТАДЫ

0 147

Кеше «Қазақстан» концерт залында КСРО Халық әртісі Мүсілім Магомаевтың туғанына 70 жыл то­луына арналған «Пока я помню, я живу» атты кон­церт өтті. Бұл кеште заманында Мүсілім орындаған әндерді Қазақстан мен Әзербайжан және Ресейдің жас әншілері, атап айтқанда, Астана мен Алматы опе­ра театрларының солистері, М.Магомаев атындағы І халықаралық вокалистер байқауының жеңімпаздары шырқады. Осы кешке, сондай-ақ, КСРО Халық әртісі Әлібек Дінішев пен арнайы шақырылған Ресей Халық әртісі Лев Лещенко қатысты. Әншілерді «Астана» эстрада-симфониялық оркестрі сүйемелдеді. Астана­да өткен еске алу кешіне әншінің жары, КСРО Халық әртісі Тамара Синявская және М.Магомаевтың Мәдени-музыкалық мұралары қорының бас директоры Мар­гарита Косарева келді. Концерт залының фоэсінде әнші бейнеленген фотосуреттерден көрме ашылып, М.Магомаев портреттерінің вернисажы болды.

Концерт алдында өткен баспасөз мәслихатында Астана қалалық Мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов елорданың Еуразия аймағындағы өркениет ордасына айналып келе жатқанына тоқталды.

– Биыл Астана қаласының түркі мәдени астанасы және ТМД мәдени астанасы болып танылғаны – осының айғағы. Астана қаласының әкімдігі өнер әлеміне өшпес із қалдырған талант иесі Мүсілім Магомаевты еске алу кешін өткізуге бастама көтерді, – деді ол.

Б.Мажағұлов кешегі кеңес мәдениетінің ірі өкілі Мүсілім Магомаевтың өнер саласындағы орны туралы айта келіп, осыған дейін әншіні еске алу кеші Алматы және Қарағанды қалаларында өткенін қаперге салды. Ол Ресейден ат арылтып келген қонақтарға алғыс айт­ты. Мүсілім Магомаевтың өнерін қазақ тыңдаушылары да аса жоғары бағалаған. Оның қатарында біздің әншілеріміз де ән додасына қатысты. Мәселен, 1977 жылы «Песня-77» қорытынды концертінде Роза Рымбаева да қатысып, «Әлияны» шырқаған.

М.Магомаев Қазақстанға ең алғаш 1966 жылы өнер сапарымен келген. «Песня шагает по бульва­рам» деген атпен концерті өтті. Мүсілім С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіне келіп, студенттермен жүздесті. Сол жолы «Жеті муза» және Қыздар мемлекеттік педагоги­ка институтының «Қыз Жібек» эстетикалық клубының мүшелерімен өнер, эстетика жайында пікір алмасты. Әзербайжанның халық әртісі Мүсілім «Мен сіздерге студент ретінде өз әріптестеріммен кезде­суге келдім» деді ол. Ал, алматылық студенттер Бакуден келген қонаққа «Баян» атты әдемі қуыршақ пен «Жеті музаның» қысқаша тарихы жазылған бір томдықты тарту еткені өткен ғасырдың тарихына айналып барады…

Әншінің жары Тамара Синяв­ская да Алматыда ән салған. 1978 жылы Мәскеудің Үлкен театры Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының Үлкен залында концерт қойғанда Тамара Ильинична да сахнаға шыққан-ды.

Қазақстанның жаңа астанасы Мүсілім Магомаевқа деген құрметін Тамара мен оның көзін көрген, сахнадағы серігі Лев Лещенконы және әншінің ізбасарларын қарсы алуымен білдірді.

Баспасөз мәслихатында Т.Синявская өздерін құшақ жая қарсы алған елордалықтардың ықыласына, Мүсілімге деген құрметіне ырзалығын жасырмады. Әншінің әнші жары қазақ астанасы, қазақ жұртшылығы дәл осылай жоғары деңгейде дайындалады деп күтпегенін аңғартты. Тіпті, Концерт залында қойылған жарының әр кезеңдегі фотосуреттері мен әр жылдарда, әр сахнада шырқаған әндерінің бейнежазбасын қойғанына өте риза.

М.Магомаевтың мәдени-музыкалық мұралары қорының басшысы М.Косарева қарағандылық Қайрат Кэй-Кэй-дің NONARBAT әмбебап көркемсурет шеберханасының ең жас суретшілері – мектеп оқушылары салған Мүсілімнің портреттеріне тәнті болды.

– Сіздердің елде ұрпақтар сабақтастығы дәстүрі жақсы жолға қойылған екен. Магомаевтың өнер әлеміндегі орны мен беделін жас балаларға танытудың арқасында олар өздері дидарын көріп, оның өз даусын тыңдамаған жас жеткіншектердің осыншама ілтипатпен бейнелеуі олардың дарынын таны­тумен қатар, өнер адамына деген құрметін білдіреді, – деді ол.

Ал, Лев Лещенко Астананың көркемдігіне таңқалыпты.

– Бұрынғы кеңес одағының ішінде қазақтардың өнер мен мәдениетке деген ниеті әрқашан өзгеше бола­тын. Қазақ халқы өткен ғасырдың ғажайып әншілерінің бірі, бәріміздің құрметтіміз Мүсілім Магомаевтың туғанына 70 жыл толуына ерекше мән беріп, еске алу кешін өткізіп жатқанына қуаныштымыз. Бұдан кейін осындай кеш Мәскеуде, Бакуде де болады. Өнер мен мәдениетке көңіл бөліп отырған, Мүсілімнің кешін өткізуге қолдау білдірген Астана қаласының әкімдігіне зор алғысымызды білдіреміз. Астана тамаша өсіп келеді екен. Әсіресе, кон­церт залдарыңыз ғажап! Талай елдің салтанатты сарайлары мен атақты Концерт залдарының сахнасында ән шырқап жүрген біз сияқты әншілер үшін бұл тамаша төр екен, – деді Лев Лещенко.

Л.Лещенко әріптесінің өнердегі, өмірдегі қадірі туралы айта келіп, М.Магометұлының тыңдармандарын қатты қадірлейтінін айтты. «Жеке концертін беруді доғарғанда көпшілік оның себебін сұрады. Сонда Мүсілім «рас, менің даусым әлі сөне қойған жоқ. Бір әншідей үнім бар. Бірақ, менің жас күнімдегі даусымды бағалайтын халыққа кетеуі кете бастаған даусыммен енді алда­рына шыққым келмейді» деген. Ол сол сөзінде тұрды, – деп еске алды Л. Лещенко.

– Елдің бәрі Мүсілімнің сахнадан кеткенін мүлдем ән салмай қойды деп түсінді. Ақиқаты олай емес. Мүсілім жеке концерт беруді тоқтатты. Ол соңғы кездері сәнге айналған «сах­намен қоштасу» дегенді онша хош көрмейтін. Демек, ол сахнадан үзілді-кесілді қол үзген жоқ. Кейінгі кездері екеуміз сахнаға жұп болып шығып, ән айттық. Сахнадағы, өнердегі серіктерінің шығармашылық кештерінде сәтіне қарай ән орындап, фортепиано шалды. Ендеше, әнді қойып кеткен емес еді.

Концерт барысында орыс өнерінің қайраткерлерлері, атап айтқанда, Александра Пахмутова М. Магома­евты құрметтеген астаналықтарға бейнеқұттықтаулары жеткізілді.

Соңында Т. Синявская сахнаға көтеріліп, елордалықтардың өнерді жоғары бағалайтын қасиетіне, әсіресе Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев пен қала басшысы Иманғали Тасмағамбетовке зор алғыс айтты.

Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 3 =