АСТАНА МЕН ЗАГРЕБ – ЖАРАСЫМ ЖОЛЫНДА

0 74

Милан Бандич

Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Хорватия астанасы Загреб қаласының мэрі Милан Бандичпен кездесіп, қос тарап ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Милан Бандич бастап келген делегация өкілдеріне Қазақстан және оның жас елордасы туралы әңгімелеген Иманғали Нұрғалиұлы осыдан 16 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен ел астанасы оңтүстік өңірден солтүстікке қарай ауысқанын атап өтті.

– Осы уақыт аралығында Астана қарқынды дамыды. Елордаға қоныстанушылар саны күрт көбейіп, бүгінде ресми дерек бойынша қала халқының саны 820 мыңға жетті. Енді бірнеше жылда бір миллионға жетуі әбден мүмкін. Жыл сайын елордада тапсырылатын тұрғын үй көлемі 1,5 миллион шаршы метрді құрайды. Бұл – жас шаһар үшін әжептәуір жетістік. Бұрын Астана республикадан көмек алатын дотациялық қала болса, биылдан бері өз қолы өзіне жетіп, донор қалаға айналды, – деді қала әкімі.

Елордаға инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлініп отырғанына тоқталған қала әкімі «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналасқан Индустриялдық паркте инвесторларды тартуға қолайлы жағдай жасалғанын, нысандар салынып жатқан орын салықтардан босатылатынын, жер тіптен тегін берілетінін жеткізді. Сондықтан, инженерия мен инфрақұрылым, индустрия саласында тәжірибесі мол хорватиялық инвесторлардің келуін құп көретінін айта кетті.

Хорватиялықтар туризм саласын дамытуда да осал емес. Ал, Астана 2017 жылы «ЕХРО» халықаралық көрмесін өткізгелі отыр. Демек, бұл салада да хорватиялықтардың көмегі қажет болары сөзсіз.

Астана әкімінің жылы қабылдауына ризашылығын білдірген Милан Бандич аз уақыттың ішінде қарқынды дамыған Астананың болашағы жарқын болатынына сенім білдірді. Загреб Орталық және Шығыс Еуропа қиылысындағы халықаралық сауда және бизнес орталығы болып саналатынын атап өткен Милан Бандич Астанамен ынтымақтасуға бейіл екендігін жеткізді.

Жалпы, Қазақстан мен Хорватия арасындағы байланыс 1992 жылдан бастау алады. Былтыр екі ел арасындағы өзара сауда айналымы бұрынғыдан екі есе артып, 366,9 млн долларды құраған. Қос мемлекет арасында, әсіресе, көлік саласы белсенді дамуда. 2006 жылдан бері екі ел арасында коммерциялық жүк тасымалы артып келеді.

Осы орайда өзара ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойған Астана мен Загреб бір-бірімен тәжірибе алмасып, көлік, құрылыс, инфрақұрылым, басқа да көптеген салаларда жарасымды байланыс орнатуға уағдаласты.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × three =