АСТАНА МЕДИЦИНАСЫНЫҢ АЙТУЛЫ МЕЖЕСІ

0 87

IMG_8665

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қашанда әлеуметтік саясатқа, халықтың әл-ауқатын арттыруға және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Жақында ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығына, әсіресе ел өңірлерінде дәрігерлердің жетіспеушілігіне, сондай-ақ емдеу мекемелерін білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды.  

АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА

Қазіргі уақытта елордалық емдеу мекемелеріне 2760 медициналық қызметкер жетіспейді, оның ішінде 1115 дәрігер қажет көрінеді. Биылғы тоғыз айда Астанаға 1913 медициналық қызметкер келіп, 1376 маман әртүрлі жағдайлармен басқа өңірлерге кеткен. Соның 37,5 пайызы дәрігер мамандар.

 

Халықаралық стандарттарға сай

Адамдардың өмір сүру деңгейін жақсарту, ең алдымен медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сонымен бірге саламатты өмір салтын қалыптастыруға байланысты екені белгілі. Бұл ретте Астана қаласындағы Денсаулық сақтау басқармасына бағынысты медициналық ұйымдар игілікті істер атқарып жүр.
Бүгінгі күнде қалалық денсаулық сақтау жүйесінде медициналық қызмет көрсетуге төрт медициналық мекеменің халықаралық үлгідегі сертификаты бар. Нақтырақ айтсақ, шаруашылық жүргізу құқығындағы №1 қалалық аурухана кеңестік-диагностикалық қызметтер және мамандандырылған, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге құқық беретін ISO 9001-2008 №7500070505 халықаралық сертификатты биыл алды. Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаевның айтуынша, ол үш жылға берілген.
Шаруашылық жүргізу құқығын­дағы №1 қалалық перзентханаға Ұлыбританиядағы «Рандокс» деп аталатын компания 2012 жылғы «Рикас» бағдарламасы бойынша (мерзімсіз) лабораторлық зерттеулер сапасының ішкі бағасы жөнінде халықаралық сертификат берсе, шаруашылық жүргізу құқығындағы №1 перинаталды орталық нәрестелерге, гинекологиялық науқастарға, жаңа босанған, жүкті, жас босанған әйелдерге медициналық көмек көрсетуге мүмкіндігі бар ISO 9001-2008 халықаралық сертификатына ие. Бұл құжат 2011 жылы төрт жылға беріліпті.
Онкологиялық диспансер ШЖҚ МКК-не «Рандокс» компаниясы «Рикас» бағдарламасы бойынша лабораторлық зерттеулер (биохимиялық талдау) сапасының ішкі бағасы жөнінде халықаралық сертификатын табыстаса, № 8 қалалық емхана ШЖҚ МКК амбулаториалық-емханалық: халыққа алғашқы медико-санитарлық, кеңестік-диагностикалық көмек көрсету құқығы бар ISO 9001-2008 №011001334960 халықаралық сертификатын биыл үш жылдық мерзімге алған екен. Осы емдеу мекемелерінде медициналық қызметтің кез келген түрі бүгінгі заман талабына сай жүргізіледі. Демек, ендігі жерде жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу үшін бұрынғыдай шетелге ағылудың қажеті шамалы. Себебі, бүгінде кез келген кеселді асқынбай тұрған алғашқы сатысында-ақ анықтауға мүмкіндік көп. Осыған орай, бас қаладағы медициналық мекемелер де шетелдегі клиникалар секілді заманауи құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған әрі пациенттің денсаулығын жақсартып, өмірін сақтап қалу үшін бізде барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

Білікті мамандар тапшы

Ел экономикасының өсуімен қатар, тұрғындар денсаулық сақтау жүйесінің нығаюын, ал медициналық қызметтердің мейлінше қолжетімді әрі сапалы болуын қалайды. Жақында ғана «Нұр Отан» партиясының ХҮ кезектен тыс съезінде қабылданған жаңа саяси докторинада осы мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарау көзделді. Бұл ретте білікті мамандардың атқарар рөлі ерекше екенін ескерсек, бүгінгі таңда елордада заманауи аппараттармен жұмыс істейтін білікті мамандар жеткіліксіз.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының мәлімдеуінше, 2013 жылға 1 қазандағы жағдайы бойынша басқармаға бағынысты 33 медициналық ұйымда 7928 медициналық қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 36,86 пайызы, яғни 2923-і дәрігер және 63 пайызы, яғни 5005-і орта медициналық қызметкер көрінеді. Бірақ, кадрлардың елеулі жетіспеушілігі сақталуда.
– Басқарманың медициналық ұйымдарының кадрларын жинақтау үшін «Астана медициналық университеті» акционерлік қоғамымен, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» (Болашақ) акционерлік қоғамымен және Инновациялық-білімдік консорциумымен меморандумдар бекітілді. Сеул ұлттық университетінің госпиталімен, Каунас қаласындағы Литва денсаулық ғылымының университетімен, Мәскеудегі медициналық академиямен, Кореядағы Тэгу жоғары технологиялық медициналар департаментімен әріптестік туралы меморандумдар жүзеге асырылып, олармен келісім-шарттарға қол қойылды,- дейді А.Сегізбаева.
Үстіміздегі жылы қаланың ведомстваға бағынысты медициналық ұйымдарына Астана медициналық университетінің 148 түлегі дәрігер ретінде және қаладағы медициналық колледждердің 250 жас маманы медбике болып жұмысқа орналасты.
Денсаулық сақтаудың халықаралық стандарттарына кезеңдік жүйелік ауысу және біліктіліктерін жоғарылату үшін 2013 жылы 165 444 800 теңге, оның ішінде жергілікті бюджеттен 72 пайыз және республикалық бюджеттен 28 пайыз қаражат бөлінді. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында 2587 адам еліміздің ғылыми орталықтарында, алыс және жақын шетелдерде біліктілігін жоғарылату курстарынан және алғашқы мамандандырылудан өтсе, оның 1348-і дәрігер, 1096-ы орта буын медициналық қызметкер, ал 143-і әкімшілік персонал. Сонымен бірге жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету, неонатология, реанимация және анестезиолгия бойынша 177 дәрігер алғашқы қайта даярлау курсына дайындалды.

Заманауи жаңа нысандар

Соңғы жылдары елімізде «Денсаулық пойызының» ұйымдастырылуы және «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының қабылдануы секілді ұзақ мерзімді шаралар жемісін бере бастады. Дегенмен, елорда тұрғындарының саны жыл санап артуымен Астанада әлі де болса емханалар мен ауруханалардың аздық етіп отырғаны анық. Осыған орай, бас қалада жыл сайын бірнеше жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Биыл пайдалануға берілетін нысандар саны – екеу. Біріншісі, ауысымна 500 адамды қабылдауға арналған амбулаторлық-емханалық кешен. Жамбыл көшесіндегі №2 үйде оналасатын бұл нысан осы жылдың бірінші желтоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Екінші нысан – №1 перинаталдық орталық базасындағы «Отбасылық денсаулық оралығы». Есілдің сол жағалауындағы «Шипагер» ОДА-ға қарайтын тұрғындар мен Пригородный тұрғын алабының халқына медициналық қызмет көрсететін бұл нысан жақында көпшілікке есігін айқара ашты. Міне, осылайша Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы, әсіресе ел өңірлерінде дәрігерлердің жетіспеушілігі, сондай-ақ емдеу мекемелерін білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі елордада біртінден шешіліп келеді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 1 =