АСТАНА МЕДИЦИНАСЫНЫҢ АХУАЛЫ

0 92

Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Айгүл Сегізбаеваның айтуынша, елордалықтардың ауруға шал­­дығу деңгейі мен қатерлі дерттен көз жұму көрсеткіші соңғы жыл­­­дары біршама төмендеп ке­леді. Ай­та­лық, қа­терлі ісікке шал­дығу­шы­­лар көр­сеткіші 3,2 пайызға, одан көз жұ­ма­тындар саны 0,5 пайызға азайған.

2011 жылы 100 мың тұрғынға шақ­­қанда 175 адамның қатерлі ісік­ке шалдыққаны анықталса, бұл көр­сеткіш 2012 жылы 169-ға тө­мен­депті. Жүрек аурулары салдарынан болатын өлім көрсеткіші де 49 пайызға азайған.

Басқарма бастығы құрт ауруының құрсауына ілінгендер санының да Астанада 19 пайызға кемігенін айтады. Әйтсе де, әлеуметтік салмағы батпандай кеселді кеміді деп кесіп айтуға ерте болар. 2012 жылы жүз мың адамға шаққанда 111 ауру дерегі тіркелген. Бұл бас қала үшін аз көрсеткіш емес, әрине. Сон­дықтан, туберкулезді белгілі бір деңгейде ауыздықтау үшін түсін­діру жұмыстарын, үгіт-насихат шара­ларын әлі де арттыру керек.

Елордада күніне шамамен 60-қа жуық сәби дүние есігін ашады екен. «Өт­кен жылы қалада жалпы саны 21 мың 266 бала дүниеге келді. Бұл айына 1772 немесе тәулігіне 59 сәби­дің дүние есігін ашқандығын білді­реді», – деді басқарма басшысы. Нәти­жесінде, 2012 жылы Астанада туу көр­сеткіші 2,5 пайызға өсті. Ал, ағым­дағы жылдың 1 қаңта­рын­дағы статис­ти­калық мәліметтер қала халқының саны 778 мыңнан асқанын көрсетіп отыр.

Тұрғындардың өмір сүру ұзақ­тығын арттыру, балалар өлімін азайту «Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарының» басым бағытының бірі болып табылады.

Елорданың бас дәрігерінің сөзі­не сенсек, астаналықтардың орташа өмір сүру ұзақ­тығы 73 жасты құрайды екен. Рес­пуб­ликалық дең­­гейде алып қарасақ, біздің қала тұр­­ғын­дарының біршама ұзақ жасай­тынын байқауға болады.

2012 жылдың қоры­тындысы бойынша ана өлімі 4 есеге тө­мендеп, сәбилердің шетінеуі 12 пайызға азайыпты. Мұндай көр­сет­кішті ба­ғын­ды­руы­мыздың бір себебі әйел­дердің жоғары маманданды­рыл­ған медициналық көмекке деген қолже­тімділігінің арқасы бол­са керек. 2012 жылы Денсаулық сақтау бас­қар­масының квотасы бойын­ша рес­­пуб­­лика­­лық клиникаға 1140 әйел емдеуге жатқызылған. Жүк­­ті әйелдер жергілікті бюджет есебі­­нен тегін дәрі-дәрмектермен қам­та­масыз етіледі. Мәселен, II, III дәре­желі темір тапшылығы ане­мия­­сына шал­дық­қан аяғы ауыр ке­лін­шек­терге қа­жетті дәрі-дәрмек тегін беріледі. Учас­келік гинекологта есеп­­те тұра­тын жүкті әйелдер үшін Астана емха­нала­рында анте­натальды-биохимиялық скрининг, скри­нинг­тік ультра­ды­бысты зерттеу, маман­дардың кеңесі, жыныс жол­дары ауруларының диаг­нос­тика­сы тегін жаса­лады. Ал, пер­зент­ханадан үйіне шыққан жас аналар үш күн бойы медициналық қызмет­кердің бақылауында болады.

2013 жылдың алғашқы екі айында Астанада 2868 әйел босанған. Сонымен қатар, өткен жылы Астанада экстракорпоралды әдіспен бала көтерген 44 әйел операциялық жолмен сәбилі болды.

«Бала сүю қабілетінен айы­рылған кез келген отбасы бір жылда бір рет берілетін арнайы квота арқылы тек­серуден өтуге мүмкіндігі бар» дей­ді басқарма бастығы.
Қаланың амбула­то­риялық-емха­налық ме­нежментінің зама­науи технологиялары та­қырыбында баян­дама жасаған №5 қалалық емха­наның бас дәрі­гері Алтыншаш Та­бул­­дина да соңғы жыл­дары ел­ор­да­дағы медициналық қызмет көр­сету сапасының арт­қанын айтады. Мәселен, таяуда ғана емханада меди­циналық қыз­мет көрсету сапасын жақсарту және ем­ханадағы кезекті қысқарту мақ­сатында электронды кезек жүйе­сі қолданысқа енгізілді. Мұнда 5 тіркеу терезесі жұмыс істейді. Олардың біреуі – анықтама қызметі, қалған төртеуі мамандар мен диагностикалық зерттеулерге жазылуға арналған.

Емхана басшысының айтуынша, №5 емхана – әзірге Астанадағы электрондық кезек жүйесі іске қосылған жалғыз медициналық мекеме. Алайда, бұл жүйе таяу уақытта қаланың барлық емханаларында жұмыс істейтін болады.

Ал, Астана қаласының балаларға арналған мамандандырылған ста­цио­нар­лық медициналық көмек көр­сетуді дамытудың тәжірибесі мен болашағы туралы №2 Қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Қаршыға Құлмұханов айтып өтті.

Бас-аяғы бір сағатқа созылған баян­да­малардан ұққанымыз, ден­саулық сақтау саласында күрмеулі мәселеден гөрі қол жеткізген же­тіс­тігіміз көп. Солай-ақ болсын. Со­лай болуы тиіс те. Өйткені, Ден­саулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың айтуынша, Астана қаласының денсаулық сақтау саласына алдағы 3 жылға өткен жылдармен салыстырғанда едәуір көп қаржы бөлініп отыр.

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =