Астана күніне арналады

0 40

«Астана Опера» театры астана күніне орай ауқымды мерекелік бағдарлама әзірледі. Өнер ұжымы қала тұрғындарына арнап әлемнің 5 елінен келген әртістердің қатысуымен Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операсын тегін көрсетеді. Астана күнін мерекелеу аясында 4 шілде күні сағат 18:00-де театрдың Үлкен залы сахнасында «Астана Опера» халықаралық опера академиясының ашылуына орай салтанатты гала-опера өтеді. Концертке Марианджела Сицилия, маэстро Джузеппе Акуавива, Франческо Мели, Маттиа Росси (Италия), Либуше Санторисова (Чехия), Алексей Шаповалов (Ресей), Бадрал Чуулунбаатар (Моңғолия), Саян Исин (Қазақстан-Қырғыз­стан), Бауыржан Әндержанов (Германия-Қазақстан), Медет Шотабаев, Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова (Қазақстан) секілді әлемдік әрі қазақстандық өнер жұлдыздары қатысады.
Орындаушылардың жұлдызды құрамы Орталық қалалық саябақтағы амфитеатр сахнасында да өнер көрсетеді. «Астана Опера» театры Мәдениет және спорт министр­лігі және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп, 5 шілде күні сағат 20:00-де Гаэтано Доницеттидің екі бөлімді «Дон Паскуале» операсын ұсынады. Басты партияларды орындаушылар: Норина – Либуше Санторисова (Чехия), Эрнесто – Эцуо Дои (Жапония), Малатеста – Алексей Шаповалов (Ресей), Дон Паскуале – Антуан Бернхейм (Швейцария), Карлито – Ерұлан Кәмел. Дирижер – Коррадо Вальво (Италия).
6 шілдеде Орталық қалалық саябақтағы амфитеатр сахнасында өтетін мерекелік гала-концертке театрдың жетекші опера солистері, хор әртістері мен симфониялық оркестрдің орындауында қазақстандық авторлар мен батысеуропалық классик композиторлардың танымал опералық ариялары мен дуэттері, аспаптық әрі хорға арналған шығармалары шырқалады.
Мерекелік 6 және 7 шілде күндері «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында афишаға екі бірдей қойылым – «Күміс ғасыр балеттері» топтамасынан М.Фокиннің хореографиясындағы Ф.Шопеннің музыкасына «Шопениана» мен Н.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехерезада» бір бөлімді балеттері енгізілді.
Сондай-ақ «Астана Опера» ­театры сегізінші маусымын «Аида» операсымен жабады.
Италиялық режиссер, сценарист, продюсер, ұлы суретші Франко Дзеффиреллидің қойылымы 11-12 шілдеде өтеді. Радаместің партия­сын арнайы шақырылған әнші Саян Исин орындайды, ал Амонасро рөлін Моңғолиядан келген баритон Бадрал Чулуунбаатар орындайды. Дирижер – маэстро Абзал Мұхитдин.
Діни қойылымға екі жүз әртіс – опера солистері, ерлер мен әйелдер хоры, балет, оркестр, миманс әртістері және балалар қатысады. Сахнадағы өнерпаздар саны қоюшы суретшілермен тең. Тағы бір айта кететін жағдай, қойылымда 500 ­костюм бар. Арнайы тігілген киімдер – декорация сияқты сценография­ның жауһары. Перғауындардың билік ету кезеңіндегі Мысырдың керемет сұлулығын жеткізу үшін салмағы 30 тоннадан асатын реквизиттер дайындалған.
Басты партияны қазақстандық опера сахнасының жұлдызы Жұпар Ғабдуллина орындайды. Амнерис – Гүлжанат Сапақова, екінші күні Салтанат Мұратбекова осы партияда дебют жасайды. Амонасро – Бадрал Чулуунбаатар және Талғат Мұсабаев. Рамфис – Шыңғыс Расылхан, Болат Есімханов. Патша – Бауыржан Әндержанов, Шыңғыс Расылхан.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + twelve =