Астана күні қалай өтеді?

0 30

Биыл эпиде­миология­лық ахуалға байланысты қала күніне арналған іс-шаралар онлайн форматта өтеді. Бұл күн әлеуметтік жобаларға арналып, мереке тек әлеуметтік сипатта болады.Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың қаулысына сәйкес жабық орындар мен концерт залдардағы іс-шараларға, ашық аспан астындағы аттракциондардың жұмысына тыйым салынады. Сонымен қатар биыл қала күнінде отшашу болмайды.
Елорда күнін мерекелеу әлеу­меттік жобаларға арналады және тек әлеуметтік сипатта болады. Нақтырақ айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтары арасында кезекте тұрғандарға баспана кілтін табыстау, құрылысы ұзаққа созылған 20-ға жуық үйді аяқтау, Өндіріс және Көктал аудандарындағы ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін пайдалануға беру іс-шарасы өтеді.
Елорда күніне орай 4 шілде Нұр-Сұлтанда елімізде теңдесі жоқ Astana Opera халықаралық опера академиясы ашылады. Astana Opera халықаралық опера академиясы – жоғары білікті мамандардан білім ала отырып, жас опера әншілеріне шеберлік деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін бағдарлама. Академияның ашылуымен қатар қала тұрғындары қала күніне арналған мерекелік концертті тамашалай алады. Оған Марианджела Сицилия, маэстро Джузеппе Акуавива, Риккардо делла Шукка, Маттиа Росси (Италия), Либуше Санторисова (Чехия-Италия), Бадрал Чулуунбаатар (Моңғолия), Саян Исин (Қырғызстан) сияқты жұлдыздар шақырылған. Сондай-ақ бағдарламаға отандасымыз, қазір Германияның опера театрларында өнер көрсетіп жүрген Бауыржан Әндержанов қатысады. Қазақстандық жұлдыздар – «Италия жұлдызы» орденінің иегері Медет Чотабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көптеген шетелдік байқаулардың лауреаты Жұпар Ғабдуллина, тамаша баритон Талғат Мұсабаев, «Большая опера» телевизиялық жобасының жеңімпазы Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова, Азамат Жылтыркөзов және қазақстандық опера сахнасының танымал тұлғалары өз өнерін тыңдарманға паш етеді. Сонымен бірге концертке «Астана Опера» симфониялық оркестрі, хоры және балеті қатысады.
6 шілде күні «МузАрт» тобының онлайн-концерті жоспарланған. Онлайн-трансляция бойынша барлық ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының Instagram желісіндегі @ns.madeniet парақшасында жарияланады.
Мереке қарсаңында көру қабілеті нашарлаған балаларға арналған мамандандырылған балабақша ашылады, 50-ден астам ауланың, 10-ға жуық қоғамдық кеңістіктің құрылысы аяқталады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × five =