«Астана» көш бастады

0 35

Жексенбіде футболдан Қазақстан чемпионатының алтыншы турындағы алғашқы үш кездесу өтті. Бұл бәсекелер Нұр-Сұлтан, Тараз және Қызылорда қалаларында ұйымдастырылды.

«Астана» Петропавлдың «Қызылжар» клубын қабылдады. Бәсеке басталған бетте Абзал Бейсебеков есеп ашты. Оның 25 метр­дей қашықтан тепкен добына қақпашы тосқауыл қоя алмады. 40-минутта Әлібек Қасым таразы басын теңестірді. Бұл жағдай алаң иелерін қанағаттандырмағаны анық. Үзілістен кейін олар қарқынын күрт күшейтті. 65-минутта Марин Томасов елордалықтарды алға шығарса, арада екі минут өткеннен соң Эбонг үшінші голды соқты – 3:1. Одан кейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. Осы жеңістен кейін «Астана» жарыс кестесінде қайта бірінші орынға көтерілді.
«Тараз» Оралдың «Ақжайығын» 1:0 есебімен ұтты. Бұл матчта соғылған жалғыз доптың авторы – Педро Эуженио. Ол екінші тайм басталған бетте қонақтар қақпасының кілтін тапты.
Қызылорданың «Қайсары» мен «Атырау» арасындағы кездесудің 4-минутында Каролис Лаукжемис алаң иелерін алға шығарды. Бұл есеп ұзаққа дейін сақталды. Ойынның аяқталуына жеті минут қалғанда Дмитрий Гузь қарымта қайырды – 1:1.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − four =