«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана «кәсіпкерлер қаласына» айналды

0 233

Жуырда елордалық кәсіпкерлердің дәстүрлі басқосуы өтіп, бас қаладағы бизнестің ­та­быстары мен түйткілдері әңгіме өзегіне айналды. Астана әкімі Әсет Исекешев осы жиында сөйлеген сөзінде Астананың 20 жылдыққа барлық салаларда толағай табыстармен жеткенін атап өтті. Мына дерек соның айғағы: қаланың ішкі өңірлік өнімі 5 трлн теңгеге (1997 жылмен салыстырғанда 5,5 есе) ұлғайды.

Бизнес жүргізуге ең қолайлы орта

2017 жылы экономика өсімінің қарқыны 2016 жылмен салыс­тыр­ғанда екі есеге: 2,4%-дан 4,8%-ға өсті. 20 жылда инвестициялардың жиынтық көлемі
8 трлн теңгеге жуықтады. Өткен жылы инвестициялар көлемі рекордтық 945 млрд (1997 жылмен салыс­тыр­ғанда 49 есеге) теңгеге жетті. Соның ішінде 200 млрд теңгеге жуығы – тікелей шетелдік инвестициялар.
Айтарлығы, шағын және орта бизнеске (ШОБ – Т.Т.) арқа сүйейтін қала экономикасының өзіне жеткілікті құрылымы қалыптас­ты. Оның өнім шығару көлемі 4 трлн 300 млрд теңгеге ұлғайды. Қаланың ІӨӨ құрылымындағы ШОБ үлесі 57,4%-дан асты (2005 жылдан бері 4 есеге) және еліміздің аймақтары арасында ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады. Өткен жылы Астана елдегі өңірлер арасынан тұңғыш рет бизнес жүргізу бойынша ұлттық рейтингтің жеңімпазы атанып, Мемлекет басшысының арнайы жүлдесіне ие болды. Дүниежүзілік банктің тәуелсіз сарапшылары жүргізген аталған рейтинг биыл алғаш рет өткізілді. Және ол жыл сайынғы дәстүрлі рейтингке айналады.

Әлемдік тәжірибеге сүйенеді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананы Еуразия кеңістігіндегі негізгі саяси, іскер, мәдени және ғылыми орталық ретінде дамыту және қалалық қолайлы орта құру жөнінде стратегиялық міндеттер белгілеген болатын. Аталған міндеттерді орындау мақсатында қала билігі Астананы дамытудың 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламаны іске асыруда. Соның шеңберінде орнықты, теңдестірілген экономиканы құру моделі анықталды, ол, негізінен, үш тірекке сүйенеді: жекеменшік инвестицияларды өсіру, бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту және адам капиталының жаңа сапасы.
Әлемдегі ірі мегаполистердің (Дубай, Мәскеу, Бейжің, Оттава және т.б.) үздік тәжірибесін (ірі мегаполистер су ресурстарының шектеулілігі мен экологиялық талаптарға сәйкес, ауыр өнеркәсіпті дамытудан бас тартып, заманауи өндіріс пен өнімдік қызметтерге басымдық беруде) үлгі ете отырып, ШОБ-ты дамытуға, жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға мүмкіндік беретін 10 сек­­торды айқындап алдық. Олар – туризм, заманауи өндіріс, қаржы секторы, девелопмент, сауда мен логистика, мемсекторға және халықаралық компанияларға көрсетілетін қызмет, спорт, мәдениет және жаңашыл секторлар, білім беру, денсаулық сақтау (медициналық туризм). Әрбір сектор бойынша кәсіби мамандардан арнайы команда құрылып, жобаларды іске асыру, инвесторлармен және кәсіпкерлермен жұмыс істеу үшін «Жол картасы» әзірленіп, орындала бастады. Қазір сомасы 7 млрд АҚШ долларын құрайтын 160 жоба қолға алынған. Соның ішінде биыл құны 200 млрд теңгенің 40-қа жуық жобасы іске асырылады.

Заманға ілескен өндіріс

Әсет Исекешев заманауи өндірісті «Астана технополис» паркінде Назарбаев Университеті­мен бірлесе отырып дамыту жоспарланғанын айтты. Бұл ғылымның, инновациялардың және нақты сектордың дамуын қамтамасыз етіп, 4.0. индустрия салаларының (роботтехникасы, заттар ғалам­торының датчиктері, ауқымды мәліметтерді өңдеу, жаңа құрылыс материалдары, 3D принтинг, ақпараттық-коммуникациялық тех­нологиялар, бағдарлама жасау және т.б.) даму нүктесіне ай­налады. Жаһандық қалалар тәжірибесі көрсеткендей, әр қаланың орнықты дамуы жаңашыл индустриясыз (сандық технологиялар, сәулет және дизайн, қазіргі заманғы медиа, өнер және мәдениет) іске аспайды. Мысалға, жаңашыл секторларға салынған 1 доллар экономикаға 7 доллар пайда әкеледі (Айта кетелік, жаңашыл индустриялар әлемдік ЖІӨ-нің 3%-ға жуығын құрайды, бірқатар елдерде ол 10%-ға дейін жетеді; Корея, Сингапур – 10%, Ұлыбритания – 5%, Франция – 4%).
Қала билігі British Council-мен бірігіп, жаңашыл салаларға талдау жүргізген. Нәтижесінде осы салада табысқа жеткен 3 мың компанияны анықтаған. Соңғы айдың ішінде Астанада екі ірі жекеменшік қазіргі заманғы өнер галереясы (Жастар сарайы алдында және Керуен-ситиде) ашылды. Сондай-ақ, жаңашыл кластерлердің негізін қалыптас­тыратын алаңдар құрылуда. Оның мысалы: Шығыс қала мен Бейбітшілік және келісім сарайы базасындағы қазіргі заманғы өнер орталығын ашу. Бұл бағыттағы әкімдіктің алдына қойған басты мақсаты – Астананы елі­міздегі бизнес жүргізуге ең қолайлы қалаға айналдыру. Елорда билігі ұсынатын 179 мем­-лекеттік қызмет түрлерінің 80-нің электрондық форматқа көшірілуі осы бағыттағы үлкен жетістік болып табылады.

Цифрландыру және Смарт-сити

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында елордада Smart sity тұжырымдамасы сәтті іске асырылуда. Мәселен, қауіпсіздік бойынша (фото және бейнетіркеу жүйесі және «Сергек» бейнебақылау) жоба аяқталды. Ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін ел­орда көшелеріне 13 мың камера орнатылады. Ә.Исекешев атап айтқандай, бұл жобаның нәтижесінде қылмыстар 30%-ға, жол-көлік апаттары 18%-ға төмендеген. Қауіпсіздікті толық қамтамасыз ету үшін автобус, әуежай, вокзал, үйлердің кіреберісінде адамдардың түрін анықтайтын технология енгі­зі­луде. Биыл әкімдік «Заттар жа­­һанторы» технологиясын қолданып, 45 мың жарықшамдарды ауыс­тыруға арналған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ – Т.Т.) жобасын бастайды. Жобаның ерекшелігі, жекеменшік қаражат есебінен 3,7 млрд теңгеден аса инвестиция тартылады.
Смарт-сити шеңберіндегі маңызды жобаның бірі – BIG DATA (ауқымды мәліметтер). Бүгінге дейін бұл жобаға 54 мәліметтер дереккөзі (мемлекеттік базалар мен коммерция­лық қызметтердің мәліметтері) біріктірілген. Қазіргі таң­­да ақылды жүйе «резеңке» пә­терлерде тіркелген тұрғындарды (2017 жылдың желтоқсанында «резеңке» пәтерлерде тіркелген 30 мыңнан астам адам анықталған) анықтауға, үй туралы ақпарат алуға (пәтер, тұрғындар саны, үйдің мәселелері, аумақтың қылмыстық ахуалы, қолайлылығы), тұрғындардың әлеуметтік мәртебесін (жұмыс істейді не істемейді, студент, зейнеткер, мүгедек, декреттік демалыстағы әйел және т.б.) білуге мүмкіндік береді. Қазір сынақ ретінде жұмыс істеп тұрған жүйе 2018 жылдың соңына дейін толықтай енгізіледі. Осылайша, 2019 жылы Астанада ақылды қаланың қаңқасы қалыптасады. Атап айтарлығы, қала билігі мемлекеттік компаниялар мен әкімдік жасаған смарт-технологияларды («Сергек», көгалдандыру, абаттандыру, көлік қызметтері, білім беру және ден­саулық сақтау) жекеменшік сек­торға береді. Демек, ШОБ-ты инновациялық бағытта дамытуға батыл қадам жасалады. Қала эко­номикасындағы айтарлық өзгеріс – туризм, заманауи өндіріс, ақпараттық-коммуникация­лық технологияларда өсім, ал мемлекеттік басқару секторында кему байқалады. Бұл құбылыс – Астананың жыл өткен сайын «мемлекеттік қызметшілер қаласынан» «кәсіпкерлер қаласына» айналғанының дәлелі. Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде ШОБ-ты дамытуға айрықша көңіл бөлді. Осыған орай, қала әкімдігі кәсіпкерлікті оңтайландыруда бағдарлы, тиімді саясат жүргізіп отыр.

Хостелдер нарығы реттеледі

Аталған басқосуда бизнестің бүгінгі түйткілді мәселелері де ашық айтылды. Мысалы, ешқандай санатқа кірмейтін хостелдерді алайық. Қазір Астанада 60-қа жуық хостел бар. Олардың саны көбейген сайын, шетін мәселелер де туындап отыр. Хостелдерді ашуға қатысты ереженің жоқтығы, оның жұмысын қадағалайтын құзыретті органның болмауы, заңнамадағы нормативтік базаның жеткіліксіздігі – мұның бәрі аталған нарықта бейберекетсіздіктің орнауына әкеліп соқтыруда. Елордалық хос­телдердің көпшілігі тұрғын үйлерде орналасқан. Осыған орай, тұрғындардан хостел қожайындарына шағым көп жасалады. Ал заңдық тұрғыдан қорғалмаған хостел қожайындарын мемлекеттік органдар тықсыра түседі. Қала билігі бұл мәселені шешу үшін Мәдениет және спорт министрлігіне туристік қызмет туралы заңға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс жолдады.
Әсет Исекешев санаты жоқ қонақүйлер мен хостелдерді толтыру мәселесін шешу мақсатында оларды жұмысшы және студенттер жатақханасына айналдыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Астанада 9 мың төсек-орындық қоры бар 100-ден аса жұлдызсыз отельдер мен хостелдер («Astana Best Hostel», «Hostel Ishim», «Astana Hostel» және т.б.) тіркелген. Алдағы уақытта МЖӘ моделі бойынша оларды студент-жұмысшы жастар жатақханасына айналдыру қолға алынбақ. Мұның тиімділігі, әрі уақытты әрі қаражатты үнемдейміз.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды