«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана – инвестицияға тартымды қала

0 139

Өткен жылы Астанаға 1 трл теңгеден астам инвестиция құйылды. Бұл – елорда тарихындағы рекордты көрсеткіш. Осыны атап өткен қала басшысы биыл да инвестициялар артып жатқанын, соның ішінде өнеркәсіп, денсаулық сақтау, сауда, қызмет көрсету салаларында өсу байқалып отырғанын жеткізді.

– Астана шетелдік капитал үшін тартымды бола түсті. Инвестицияның жалпы көлемінің ширегі – шетелдік инвесторлар үлесінде. Қазір 3 триллион теңгені құрайтын 193 жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Соның 44-іне шетелдік инвесторлар мен трансұлттық компаниялар қатысып жатыр, – деді Б.Сұлтанов.

КОММУНАЛДЫҚ ТАРИФТЕР ТӨМЕНДЕДІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында коммуналдық қызметтер тарифін төмендетуге тапсырма бергенін атап өткен Бақыт Сұлтанов ақпан айының түбіртегі келгенде тұрғындар мұны аңғара алатынын жеткізді. Атап айт­қанда, сумен қамтамасыз ету 10 па­йызға, жылумен қамтамасыз ету (есептеу құралымен) 9 па­йыз­ға, электр энергиясы 9 па­йыз­ға төмендегені байқалады.
– Астана әлемдегі ең суық астаналардың қатарына жататындықтан, бұл көрсеткіш бо­йынша Ұлан Батор мен Оттаваның ортасында тұрып, екінші орын алатындықтан жылумен қамтамасыз етуге ең көп көңіл бөлеміз. Қала жылу қуаттарымен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілді, – деген Б.Сұлтанов жаңа тұтынушыларды орталық жылу-электрэнергиясы жүйесіне қосу мақсатында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

ИНЖЕНЕРЛІК ЖЕЛІЛЕР ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ

Қазір 1-ЖЭО-ны қайта құру жұмыстарын жылдың соңына дейін аяқтау, сол мерзімге де­йін 2-ЖЭО-ға қосымша қуаттарды қосу жоспарланып жатыр. Бұған қоса, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында сумен қамтамасыз ету және су бұру желілерінің 24 шақырымын жаңғыртуға 3,4 млрд теңге бөлінді. Осы жылы желілердің 22 шақырымын жаңғырту жоспарланды.

«АҚЫЛДЫ» ҚАЛАНЫҢ ҚАДАМДАРЫ

Астанада «Ақылды» қала жо­басының заманауи цифрлы технологиялары енгізіліп жатыр. Қазіргі кезде соның ірі мәліметтерді жинау мен талдау жүйесі, «Сергек» бейнебақылау жүйесі, Smart-Білім, Smart-Медицина, электронды ПИК, коммуналды-тұрғын үй саласын цифрландыру секілді жобалары жүзеге асырылып жатыр. Осыған тоқталған Б.Сұлтанов биыл «Ақылды жарықтандыру» жобасы басталып, 31 мың шам ауыстырылатынын жеткізді. Бұл жұмыс «Заттар интернеті» технологиясын қолдану арқылы жүреді.
– Аталған технология қондыр­ғылардың қосылуын, мәліметтердің жиналуы мен сараптамалық ақпараттың алынуын қамтамасыз етіп, шығындарды қысқартады, жұмыс нәтижелігін арттырады, – деді Астана әкімі.
Қолайлы инновациялық орта ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге жаңа кеңістіктерді ашатынын айтқан қала басшысы бұл бағыттағы жоспарлармен бөлісті. Биылғы сәуір айында қалада кәсіпкерлер мен инноваторлардың басын біріктіретін инновациялық алаң ашылмақ. Бұған қоса, осы жылы «ЭКСПО» қалашығындағы павильондардың бірінде үздік шешімдерге арналған «IDEA Park» ашу жоспарлануда. Онда «Ақылды» қала саласындағы озық технологиялар қолданылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды