«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астана Еуразия кеңістігіндегі жаһандық қалалардың бірі болуы тиіс

0 412

 2018 жылы Астананы не күтіп тұр?  Қала билігі дамудың қандай жолын таңдады? Осы және басқа да көптеген сұрақтарға Астана қаласының әкімі Әсет ИСЕКЕШЕВ «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында жауап берді.

– Әсет Өрентайұлы, «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің өтуі – Астана үшін ғана емес, Қазақстан мен барлық өңірлер үшін маңызды оқиға болды. Көптеген туристер келді, қалалық қызмет үздіксіз режимде жұмыс істеді, бірегей жобалар ұсынылды. Сондықтан мынадай сұрақтың туатыны орынды: ЭКСПО Астанаға қандай мұра қалдырды?

– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, мынаны еске салғым келеді: Мемлекет басшысы не үшін осындай жаһандық көрмені өткізуге бастама жасады? Үкімет пен Астана әкімінің алдына қандай тапсырмалар қойылды? Президент «Қазақстан-2050» стратегиясын бекітті, бес институционалдық реформаны жүзеге асыру басталды, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» атты технологиялық, саяси және рухани жаңғыру шаралары ауқымды жүзеге асырыла бастады. Нұрсұлтан Әбішұлының осы бастамаларының еліміздің дамуы үшін стратегиялық маңызы орасан. Бұл басқа елдермен табысты бәсекелесу, экономиканы дамыту және халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін Қазақстанның жаһандық қауіп-қатерлерге бе­йімделу құралы болып табылады. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 10 негізгі міндетті тапсырма ретінде қойды, олардың басым бөлігі төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында елдің экономика және әлеуметтік салаға бейімделуіне қатысты болып табылады. ЭКСПО-ны өткізу – жаңғыру аясындағы іргелі, маңызды жобалардың бірі. Не үшін екенін түсіндірейін: ЭКСПО әлемдегі урбанистік үдерістерді есепке ала отырып, Астананың алдына жаңа міндет қойды. Бүгінде салалар емес, қалалар елдің бәсекеге қабілеттілік деңгейін анықтай бастады. Тап сол мегаполистерде жаңа индустрия мен заманауи технологиялар құрылып, жылдам дамып жатыр. Жуырда 600 қаласы әлемнің даму деңгейін анықтайды деп болжануда. Көптеген қалалардың туристер мен инвесторларды, дарындыларды тартатын орталық ретінде елдің шарайнасына айналып жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, Дубай, Сингапур, Гонконг, Сеул және басқалары бар. Осы қалаларда креативті индустрия пайда болып, адами капитал дамып жатыр, олар елдің экономикалық өсімінің қозғалтқышына айналуда. Міне, ЭКСПО сияқты осындай ірі жобалар еуразиялық кеңістікте Астананың жаһандық қалаға – өңір үшін іскер, мәдени, туристік, білім және медицина орталығына айналуына көмектесуде. Айта кеткен жөн: Астанада керемет әуе­жай пайда болды, заманауи теміржол вокзалы салынды, талғамыңызға және қаражатыңызға сай ыңғайлы қонақүйлер, сондай-ақ түрлі мейрамханалар бой көтерді. ЭКСПО-ны өткізу үшін көп қаржы мен күш жұмсадық. Соның нәтижесінде Астана жаңа деңгейге көтеріліп, туристер шоғырланатын мекенге айналды. Расында, ЭКСПО үш айдың ішінде қалалық қызмет үшін үлкен тәжірибе берді. Түрлі бағыт бойынша жеті штаб құрылып, 5 мыңнан астам адам тәулік бойы жұмыс істеді. Нәтижесіне өздеріңіз көз жеткіздіңіздер, қаламыз тап-таза, қауіпсіз әрі түрлі қызықты шараларға толы болды. Түптеп келгенде, қонақтар, халықаралық қауымдастық Астанада кез келген іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге болатынына көз кеткізді. Мемлекет басшысының бастамасымен көптеген елдердің көшбасшылары қатысқан ШЫҰ, ЕАЭО, Ислам ынтымақтастық ұйымы отырыстары, Сирия келіссөздері мен көптеген ірі іс-шаралар өткізілді. Танымал театр, эстрада және кино жұлдыздарының қатысуымен ірі мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Мысалы, жақында ғана елордамызда ҚХЛ жұлдыздар аптасы – Құрлықтық хоккей лигасының жыл сайынғы айрықша іс-шарасы өз мәресіне жетті. Биыл ол Астанада өтті. ҚХЛ-дың барлық жұлдыздары бізге келіп, қазақстандық спортсүйер қауымға ұмытылмас хоккей мерекесін сыйлады. Бұл – ЭКСПО мұрасының тек бір ғана тұсы. Басқаларын да атап өте аламын: бізде қызмет көрсету саласында 300 мыңдай адам жұмыс істейді. Бүкіл әлемде экономикалық күрделі жағдай орын алып жатқанда, Қазақстан көрмені ұйымдастыру мен өткізу кезінде он мыңдаған жұмыс орындарын ашты. ЭКСПО-ға 400 миллиард теңге жұмсалды, бірақ бұл қаржы бизнесті дамытуға берілген импульс есебінен қайтарылып жатыр. 2016-2017 жылдары Астананың бюджетіне 2 триллион теңге түсті. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, ал бұрын Астана республикалық бюджеттің есебінен қаржыландырылып жатыр деп айтылатын еді. Көрменің қалдырған мұрасы деп жастардың алған білімін де айтуға болады. Барлық өңірлердегі мектептерден ЭКСПО-ға 100 мыңнан астам адам келді. Бұл біздің болашақ мамандарымыз, әлемдегі ең үздік технологияларды өз көздерімен көрген инженерлеріміз бар. Олардың миларында, ой-санасында қандай эволюция болғанын елес­тетіп көріңізші? Тек оқушылар, жасөспірімдер ғана болған жоқ. Біз көрмеге мамандарымыздың барлығын жіберіп отырдық. ЭКСПО-ға 100 ел өз технологияларын алып келді. Ал әлемнің осындай озық технологияларымен бір мезетте танысу мүмкіндігі енді қашан туады? Муниципиалдық қызметтің жұмысшылары мен әкімдік те көрмеден пайдалы дүниелер алғанын айта аламын.

– ЭКСПО мұрасынан тәжірибе жүзінде бірдеңе қолданасыздар ма?

– Әрине. Біз Астананың жаңа төмен көміртекті энергетикалық моделіне қалай көшу керектігі туралы айқын көзқарас қалыптастырдық. Осының арқасында қала деңгейінде бірқатар маңыз­ды шешімдер қабылдадық. Энергия үнемдеудің жаңа қағидаларына қалай көшу керектігі, экологиямыз үшін қауіпсіз жаңа энергетикалық технологияларды енгізу жоспарымызда бар. Мысалы, энергияның баламалы көздерін қолдана отырып Астанаға газ тарту. Қаланы жылумен және энергиямен жабдықтаудың жаңа үлгісі әзірленуде, ол «таза технологияларға» негізделеді. Әртүрлі қызметтерде жұмыс істейтін біздің 300 инженеріміз ЭКСПО экспозициясымен танысып, 30 технология­ны іріктеп алды, соның ішінде 8-і қазіргі таңда енгізіліп жатыр. Жылу ағынын басқару жүйесі – жүзеге асырғалы жатқан жобаларымыздың бірі. Біздің ЖЭО-лар бүгінгі таңда жылына 2300 гигакалорий жылу өндіреді, ал ұзақ мерзімді даму жоспары бойынша мұқтаждық 6000 гигакалорийді құрайды. Сонда біз тағы бір ЖЭО-ны салуымыз керек пе? Онда не боларын көз алдыңызға елестетіп көріңізші? Сондықтан әкімдік жылу ағынын басқару жобасын жүзеге асыруға кіріскелі жатыр, бұл шамамен 20 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді. «Жасыл» экономикаға көшу, үлкен әлеуетті жаңа және қолданыстағы ғимараттар, әсіресе спорттық, мәдени және әкімшілік ғимараттар үшін үнемдеу стандарттары болып табылады. Бұл 800 гигакалорийді үнемдеуге ықпал етеді. Жалпы айтқанда, осы жобалардың есебінен мыңдаған гигакалорийді үнемдеуге болады. Яғни, жаңа модель жаңа технологияларды енгізу арқылы экологиялық жағдайды айтарлықтай жақсартуға сеп болады. Сондай-ақ, біз Ұлттық экономика министрлігі мен монополияға қарсы қызметке хабарласып, электр энергиясына сараланған тарифтерді қайтару үшін өтініш білдірдік. Біздің климатты есепке алғанда – бұл айтарлықтай таза энергия болмақ, сосын жеке секторда көмір аз жағылады. Қазір бұл мәселені ел Үкіметі қарап жатыр.
Жалпы алғанда, жүйелі деңгейде айтар болсақ, енді Астананың төмен көміртекті дамуы бойынша жаңа стратегиясы мен жаңа экологиялық бағдарламасы болады.  ЭКСПО тек инновациялық, жаңа энергетикалық тәсілдеме жағынан дем беріп қана қоймай, Астананың жаһандық қалаға айналуына ықпал етті. Мысалы, Таяу Шығыста Дубайдың барлық өңірге танымал екенін барлығы біледі. Оңтүстік-Шығыс Азияда ірі шетелдік банктердің штаб-пәтерлері, университеттер және тағы басқалар шоғырланған Гонконг, Сингапур қалалары саналады. Сондықтан Астана, Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында берген тапсырмасына сәйкес, Еуразия­дағы ірі мегаполистердің бірі болуы тиіс. Яғни, жаһандық қалаға, туристерді, шетелдік инвесторлар, новаторлар мен дарындыларды тартатын орталыққа айналуы тиіс. Бұл қызмет сапасын, қауіпсіздікті және экономиканың барлық салаларында көптеген мәселелерді жақсартуды талап етеді. Сондай-ақ қазіргі урбанистік шешімдерді қолдану, яғни елорда тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау қажет. Сондықтан біз бірқатар жүйелі шешімдерді қабылдадық, мысалы, қала құрылысын дамыту мәселесі бойынша: қазіргі уақытта Астана әкімдігі тұрғындардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету мақсатында халық санын 2 млн адамға жеткізуге арналған ұзақ мерзімді жоспар жасалып жатыр. Ең бастысы – Мемлекет басшысы үнемі айтатындай, адамдардың әл-ауқатын жақсарту. Сондықтан қалада кептелістер болмауы үшін, мектептердің саны жеткілікті болуы үшін, көшелер мен тротуарлар жақсы болуы үшін, қала тұрғындарына қолайлы жағдайлар қалыптастыру үшін елорда құрылысын дамытудың жаңа тәсілдері қажет. Тұрғындар супермаркетке бару үшін немесе баланы сабағына алып бару үшін бүкіл қаланы шарлап жүрмеуі керек. Барлығы жақын жерде болуы тиіс. Түйіндей айтсақ, «ЭКСПО» көрмесі маңызды муниципалдық тапсырмаларды жүзеге асыру үшін үлкен мүмкіндік берді. Мысалы, біз қазір қаладағы қолжетімді баспаналарды дамыту жоспарымен жұмыс істеп жатырмыз. ЭКСПО Астананы еуразиялық кеңістіктің жаһандық қалаларының бірі ретінде дамытуда, оны дамытудың жаңа энергетикалық моделін құруда маңызды рөл атқаратынына сенімдімін. Сонымен қатар, ЭКСПО көрмесінің барлық өңірлерге жаңа леп бергеніне сенімдімін.

– «Жаһандық қала» – смарт-технологиялар бойынша өте маңызды ғой. Астанада қандай смарт-жобалар жоспарлануда және жүзеге асырылуда?

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Жолдауда цифрландыру мәселесіне баса назар аударған. Бұл еңбек өнімділігін, тиімділігін арттыратын уақыт талаптары; халықтың өмір сүру жағдайын жақсартады. Президент Жолдауда Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керектігін атап өтті. Сол себепті біз қазір осы бағдарлама төңірегінде белсенді жұмыс істеп жатырмыз. «Smart-Astana» жобасын жүзеге асыруға жүйелі қадам жасадық. Ең басты талап – бұл технологиялар біздің тұрғындардың өмірін ыңғайландырып, мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерін оңтайландырса болғаны. Мысалы, білім, денсаулық, көлік саласында және түрлі келісімдер алу кезінде осыны оңтайластыру қажет. Біздің мақсатымыз – олардың іске асырылуы үшін тек қана ақылды технологияларды енгізіп қана қоймай, сонымен қатар қалада қауіпсіздікті жақсарту, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуді, емханаларға баруды ыңғайлы ету және тағы басқалары болып табылады. Сондықтан, заманауи технологиялар қолданылып жатыр. Көптеген қала тұрғындары қала билігінің іске қосқан Telegramm-боттарына баға берген шығар. Олар қалалық қызметтерден смартфон арқылы түрлі ақпарат алуға мүмкіндік береді. Мысал ретінде астаналықтарға танымал «Сергек» жобасын – «Назарбаев Университетінің» мамандарын тарта отырып әзірленген нейрондық желілердің алгоритмін пайдалануды айтып өткім келеді. Видеобақылау жүйесі барлығын түсіріп, талдайды және онымен «келісу» мүмкін емес. Біз қазір барлық аулаларға, мектептер мен ауруханаларға камералар орнатып жатырмыз. Бұл тек жол қозғалысын реттеп қана қоймай, көше қылмысымен күресуге мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, ІІД дерегі бойынша өткен алты айда жол-көлік апаты 20 пайыз­ға төмендеген. Ең бастысы, бұл жоба адамдардың психологиясын өзгертіп, құқықтық мәдениетті көтеруге ықпал етуде. Адам жол жүру ережесін бұзбастан бұрын немесе аулаға қоқыс тастамас бұрын бұл туралы біраз ойлануына тура келеді. Себебі айналаның бәрінде «Сергек» камералары орнатылған. Смарт-технологиялар енгізілетін тағы бір жоба бар. Біз көшедегі шамдардың лампаларын энергия үнемдейтін лампаларға ауыстыру туралы конкурс жарияладық. Қазір нақты бір соманы жарықтандыруға жұмсап отырмыз, бұл лампаларды ауыстыру арқылы энергияны 60 пайызға үнемдейміз. Бұл ретте мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында инвестор өз қаржысы есебінен ауыстырады, біз бұрынғы соманы төлейтін боламыз және мердігер өз қаржысын үнемделген ақшадан алатын болады. Мемлекеттік-жекешелік серіктестік жобасы аясында бір бағдарламамен басқарылатын интеллектуалдық жарықтандыру жобасы да құрылады. Бұдан бөлек, тіректерде ауаның сапасын қадағалайтын, көлік пен адамдардың қозғалысын бақылайтын датчиктер орнатылады, тегін интернет таратылады. Денсаулық сақтау және білім беру бойынша да ауқымды бағдарламалар бар. Мұның барлығы мекемелердің жұмысшылары мен тұрғындардың уақытын үнемдейді, сондай-ақ ашықтықты қамтамасыз етпек. Біздің жоспарымызда көптеген жобалар бар, олардың бір бөлігін желтоқсанда іске қостық, ал 2018 жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында үлкен жобалар жүзеге асырылады.

– Астанада үлкен әуежай, жақсы вокзал, жаңа қонақүйлер, түрлі мейрамханалар бар делік. Жалпы, туристерге қажеттінің барлығы бар. Бірақ Сіз туризмді қалай дамытпақсыз? Мұнда не теңіз жоқ, не таулар мен үлкен базарлар да жоқ, тек белгілі бір шаралар мен оқиғаларға негізделген туризмді дамытасыз ба?

– Ең алдымен, туризм – бұл қаланы одан әрі дамыту үшін жаңа экономикалық үлгі шеңберінде негізгі салалардың бірі екенін атап өткім келеді. Яғни, соның есебінен қаланы дамытып, салық алып, жаңа жұмыс орындарын құруға болады. Біз жаңа экономикалық модельдің негізгі басымдықтары жеке инвестицияларға, бұқаралық кәсіпкерлікке және адами капиталдың жаңа сапасына негіз болып табылатынын көріп отырмыз. Бұл – жалпы қабылданған қағидаттар. Бірақ оларды Астанада қалай жүзеге асыруға болады? Сол үшін біз Астана секілді қалалардың қалай дамып жатқанын сараладық. Олар ненің есебінен дамып жатыр? Пайда болып жатқан жаңа индустрия­ның есебінен, экологиялық мәселелердің есебінен. Талдау нәтижесі бойынша шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін он сектор бар екенін көрдік. Бұл жерде сапалы қызметтерді дамытуға басты назар аударылады. Жаһандық қала моделіне үлкен басымдық беріледі. Мысалы, Дубай мен Сингапурға жыл сайын 15 миллион адамнан барады. Себебі бұл қалалар сауда, білім беру және денсаулық орталығына айналған. Барлық келушілер қонақүйлерде тұрып, қызмет көрсетулерді қолданады және бұл өз кезегінде экономиканы дамытуға көмектеседі. Әр бағыт бойынша мамандарды, экономистерді жұмылдырып, нақты жоспарлар жасадық. Мысалы, туризмді дамыту бойынша нақты бағыттар мен міндеттерді анықтайтын жоспар құрылды: Астанадағы туризмнің жақсы дамуы үшін не істеуіміз керек, турис­терді қалай тартсақ болады? Біз үш бағытты анықтадық. Бұлар: оқиғалық туризм немесе mice-туризм, қаладағы демалыс және медициналық туризм. Әрине, mice-туризм өте маңызды. Мысалы, Дубайда жылына әлем елдерін қызықтыратын 4 мыңға тарта іс-шара өтеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам келетін концерттер, кинопремьералар, фестивальдер, жәрмеңкелер, көрмелер, форумдар, конференциялар ұйымдастырылады. Біз қазір Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ «Kazakh туризм» корпорациясымен және басқа да ұлттық компаниялармен бірлесе отырып, 2018 жылға арналған іс-шаралар жоспарын дайындау үстіндеміз. Оның ішінде ірі форумдар, конференциялар, ойын-сауыққа бағытталған шоулар, фестивальдер мен концерттер бар. Себебі аталған шаралардың әрқайсысына мыңдаған қонақтар келеді. Олар біздің қонақүйлерде тұрып, мейрамханаларға барады, кәдесыйлар сатып алады. Айта кетерлігі, қаламызда қазір 200-ден астам қонақүй, 800 қоғамдық тамақтану орындары, мұражайлар, кәдесый дайындайтын компаниялар жұмыс істеп тұр. Тағы да айта­йын, қызмет көрсету саласының өзінде барлығы 300 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сондықтан бұл біз үшін өте маңызды. Тағы бір маңызды мәселе – біз айтып отырған қонақтар ағыны бір қалыпты болуы шарт. Ол дегеніміз Астанадағы туризмнің маусымдық емес, жыл – он екі ай бойы жұмыс істеуін білдіреді. Осы ретте біздің мақсатымыз – еуразиялық кеңістіктегі ең үздік конгресс-көрме орталықтарының біріне айналу. Бізде оған қажет қуатты кешендер – ЭКСПО және көптеген мәдени-спорттық нысандар, театрлар, спорт ареналары мен бизнес орталықтары, қонақүйлер бар. Біз қазір аталған нысандарды сертификациялап, биылдың өзінде бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Іс-шаралар туризмімен қатар бізде әлеуметтік туризмді дамытуға бағытталған мүмкіндіктер бар екендігін де айта кеткім келеді. Астана «жасыл» энергетиканың жаңа технология­лары бойынша білім беру орталығына да айнала алады. Өйткені білім беру дегеніміз ЖОО-лар, колледждерде оқу ғана емес қой. Қазір көптеген интерактивтік курстар өтіп жатыр. Туристердің біразы біздің ірі медициналық орталықтардың қызметіне де жүгіне алады. Бүгінде Астанада емделетіндердің басым бөлігі – Қазақстанның аймақтарынан келетіндер. Осында тұрып, қызметтерді пайдаланғаннан кейін олар да туристер қатарына жатады. «Сапалы турист» деген түсінік бар. Мысалы, халықаралық қаржы орталығы орналасқан Сингапурге адамдар көбінесе үш-төрт күнге келеді. Ол жерде қыдырып, аралау құны әжептәуір болып келетін Ботаникалық бақ сияқты көптеген нысандар бар. Бұл орындар туристер елге жаңағы үш-төрт күннің ішінде көбірек ақша қалдырып кетуі үшін жасалған. Ол дегеніміз бір мың доллар емес, үш мың доллар болуы да мүмкін. «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастайтыны белгілі. Қаржылық кеңес алып есепшоттар ашу үшін Сингапурдағы, Дубайдағы қаржы орталықтарына жыл сайын миллиондаған адамдар қатынайды. Сол секілді біздегі қаржы орталығына көрші елдерден бизнесмендер келсе, оларға отбасын бірге ертіп келетіндей жағдай жасалуы керек. Олар «Мега», «ЭКСПО» сияқты орындарды аралап, халықаралық спорт турнирлерін немесе фестивальдерді қызықтайды, «Астана Балет», «Астана Опера» театрларына бара алады. Осындай қарапайым өнімдер миллиондаған туристер ағынын қамтамасыз ете алады. «ЭКСПО» өткен кезде турист көп келді, соған қарамастан біздегі қызмет көрсету саласы барлығына үлгерді. Шағын бизнес өкілдері қомақты ақша тауып, қала бюджетіне қосымша қаржы түсті. Сондай бір мысалды айта кетейін, Дубай жаздың күйіп тұрған айларында бағаны түсіру арқылы туристерді қызықтырады. Бізге туристерді қыс мезгілінде тарту керек. Сол кезде туристер ағыны да, осыған сәйкес түсетін кіріс те бірқалыпты болады. Біз прагматикалық жоспарлар құрдық, енді осы аймақтан өз орнымызды алуымыз керек. Бірақ іс-шаралар немесе медициналық туризмді дамытып қана қоймай, терең тарихымыз бен мәдениетімізді, тұмса табиғатымызды да пайдалануымыз қажет. Астанаға жақын Бурабай курорты орналасқан, қаланың маңы – шексіз дала. Шетелдіктер әртүрлі халықтардың тарихы мен мәдениетіне қызығатын заманда бұл да өзгелердің қызығушылығын тудыратын өнім. Қазір қызықты туристік өнімдер құрастыру бо­йынша жекеменшік инвести­циялар есебінен бірқатар жобалармен жұмыс істеп жатырмыз. Ол – Астана және қала маңындағы демалыс шараларын ұйымдастыру. Бұл – аквапарктер, этноауылдар, басқа да қызықтар. Жуырда біз туризмге байланыс­ты жақсы көрсеткіштерге куә боламыз деп ойлаймын.

– Сіз Астананың экономикалық өсімі туралы айтып өттіңіз. 2017 жылдың көрсеткіштері туралы айтып бере аласыз ба?

– Өткен жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтадық. Алдымыз­ға қойған мақсаттардың көбін жоспардан асыра орындадық. Мысалы, қала экономикасына 945 млрд теңге инвестиция тартылды (жоспардағыдан 10 млрд теңгеге артық). Оның 69 пайызы жекеменшік сектордан болып отыр. Астаналық кәсіпорындар 550 млрд теңгенің өнімін өндірді ( жоспарланған 6,5 пайыз орнына +7,8 пайыз ). Оның үстіне өндіріс өсімінің екпіні бойынша Астана өңірлер арасында екінші орынға шықты. Жалпы, 2017 жылы қалада 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылды, оның 15 мыңы шағын және орта бизнес саласында.

– 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Астананың алдағы дамуының қандай жоспарларын айтар едіңіз?

– Президент тапсырмасын тағы еске сала кетейін, реформалардың барлығы адамдардың игілігіне бағытталуы керек. Астана әкімдігі өз қызметінің екі бағытын айқындады. Бірінші – тұрмыс сапасын жақсарту. Екінші – жаңа жұмыс орындары мен экономикалық өсім. Тұрмыс сапасын анықтайтын барлық салалар: экология, қоғамдық көлік қызметі, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім, электр және сумен қамтамасыз ету, аулаларды абаттандыру, саябақтар құрылысы және басқа да көрсеткіштер арқылы 2018 жылдың бағдарламасына енетін нақты жоспарлар анықталды. Қалалықтардың біздегі қызметтермен бірлескен іс-шаралар жағдайын жақсартамыз. «109» қызметі мен ахуалдық орталық кешенінде қалалық жедел басқару және мониторинг орталығы құрылды. Ол қалалықтардың барлық арыз-өтініштеріне жедел назар аударып, жоғары сапалы қызметпен қамтамасыз ететін болады. Жаңа экономикалық үлгі бойынша біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, бизнес қауымдастықтармен бірлесіп жасаған бірқатар бағдарламаларды мақұлдадық. Бұл – басым секторлар бойынша 10 бағдарлама, шағын және орта бизнесті дамытуды жақсарту бағдарламасы, инвестиция тарту, инновацияны дамыту. Бұған байланысты да мақұлданған нақты жоспарлар мен жобалар бар. Жұмыспен қамтудың жаңа саясаты бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Халықта жұмыс ауыстырып, біліктілігін көтеру мүмкіндігі болу үшін құралдарды ауыстыру жолында жаңашылдықтар жасаудамыз. Яғни, тегін кәсіби-техникалық білімнен басқа кешкі немесе күндізгі уақытта білім беретін әртүрлі курстар іске қосылады. Осыған орай, арнайы қазақ және орыс тілдеріндегі бағдарламалар әзірленуде. Аталмыш бағдарламалар өз жағдайын жақсартқысы келген адамдарға әлеуметтік лифт ретінде қызмет ететін болады. Тағы бір жаңалық: 2018 жылдың қаңтарынан қалалық әкімдік жұмысының реформасы бойынша «Адал қызмет» алғашқы пилоттық жобасы іске қосылады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту үшін смарт-технологияларды іске қосамыз. Осының арқасында мемлекеттік қызметкерлердің қалай жұмыс істейтінін ашық көріп отыратын боламыз. Астана – бұл Президенттің перзенті секілді. Бұл әдемі қала кеудемізде мақтаныш сезімін тудырса, елорда қонақтары үшін де таңғаларлық ғажайып шаһарға айналып отыр. Елбасы кейде Астананың қазіргі жеткен жетістіктеріне қанағаттанбай, алдымызға бұдан да жоғары мақсаттар қойды. Астана бойынша қатаң ескертулер болды, осының есебінен біз өз жоспарларымызды жөндедік. Астананың 20 жылдығы – ел тарихындағы айтулы дата. Біз оны концерттермен ғана емес, нақты істермен де атап өтуіміз қажет. Әлеуметтік нысандар жетпей жатқан жерлерге мектеп, аурухана салынып, жолдар жөнделуі қажет. Біз сонымен қатар бірнеше жаңа саябақтар мен гүлзарлар салуды жоспарлап отырмыз, оның ішінде отбасылық демалыс саябақтары да бар. Биыл біз қала сыртындағы тұрғын үй алаптары жобасын, жол құрылысы, аялдама кешендері, спорттық нысандар және басқа да жобаларды іске асырамыз. Содан соң, әрине, Мемлекеттік комиссия мақұлдаған Астананың 20 жылдығын мерекелеу бағдарламасы аясында сапалы мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұсынылады. Осыған байланысты, елордалықтардың барлығын Астанамыздың 20 жылдық мерейтойының дайындығына атсалысуға шақырғым келеді. Еуразия жүрегіндегі қалада қонақтарды күтеміз. Астанаға қош келдіңіздер демекпіз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды